Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы Facebook-тегі парақшасында: «Құдай қаласа «Жетісу« арнасының қапталындағы үйдің іргесінде Бейсен достың бейнесі жымиып тұратын болады», – деп жазды.
Журналистің бейнесін Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасы салдыртып жатыр. Айта кетейік, биыл 18 мамырда танымал журналист Бейсен Құранбек қайтыс болды.
Бейсен Құранбек 1971 жылы 9 желтоқсанда Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған.
Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған. Одан кейін телевизия саласына ауысып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, президент телерадиокешенінде қызмет етті
2007-2012 жылдары Алматы облысы «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды.
2013-2017 жылдары «Қазақстан» телеарнасында «Айтуға оңай» ток-шоуын жүргізді.
2017 жылдың қыркүйек айынан бастап ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасын жүргізді.
Кейіннен Алматы облысы «Жетісу" телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.
Журналистің қазасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты.