Сенат сайлауы: кім келді, кім кетеді?
Сенат сайлауы: кім келді, кім кетеді?
465
оқылды
Мәжіліс депутаттары мен Сенат де­путаттары арасында айырмашылық бар. Біріншісі – өкілеттік мерзімі. 1998 жылға дейін жоғарғы палата де­пу­таттарының өкілеттігі тек 4 жылға со­зылатын. Кейін 1998 жылдың қаза­нын­да ұлттық заңнамаға өзгеріс ен­гі­зі­ліп, сенаторлар енді өз орынтағында 6 жыл бойы отыратын болды. Са­лыс­тыру үшін айтсақ, Мәжіліс де­пу­тат­тары­на мандат тек 5 жылға ғана бе­рі­леді. Екіншіден, қызметі. Журналистер не шенеуніктер: «Үкімет жаңа заң жо­басын Парламентке енгізді» деп ха­барлап жатады. Шынында, жаңа заң­дар жобаларын тек Мәжіліс қа­былдап алады, Үкіметпен біраз жұмыс іс­тейді, тым шикі болса, кері қай­тара­ды, кейде Мәжіліс депутаттары үкі­мет­тік нұсқаны қайта жазып шығады. Қызылкеңірдек айтыс-тартыстар да негізінен сонда жүреді. Ақыры заң жо­басы дайын болды-ау дегенде, тө­менгі палата оны жалпы отырыста қа­рап, мақұлдап, жоғарғы палатаға жі­береді. Сенаторлар жобаны бір пы­сық­тап, қабылдайды да Президенттің қол қоюына жолдайды. Кейде уақыт қыс­қанда бір отырыста бірнеше заң­ды бірден екі оқылымда құптай са­латын кездер де жетерлік.

Сенаттан енді кімдер кетеді?

Парламент депутаттарының өкі­лет­тігі сессиямен есептеледі. Тиі­сін­ше, Жоғарғы палата 1 қыркүйекте ашы­­­латын 6-шы сессияға жаңарған құ­рам­мен кіріспек. Сенаттың сайланатын 33 депу­та­тының (Шымкенттен әзірше 1 се­на­тор) жартысы – 17-сі әр үш жыл сайын жаңарып тұрады. Тиісінше, осы жолғы сайлауда 2014 жылы мәс­ли­хаттар таңдауынан өткен сенатор­лар­дың мандаты бөліске салынды. Ал 2017 жылғы 28 маусымдағы сайлауда жең­ген сенаторлар 2023 жылға дейін оты­рады. Айта кету керек, 2014 жылғы 1 қа­­занда өткен сайлауда жоғарғы пала­та­ның 16 депутаты жеңіске қол жет­кізді. Атап айтқанда, Ақмола облы­сы­нан – облыс әкімінің бірінші орын­басары Рашит Әкімов, Ақтөбе об­лысынан – облыс әкімінің орын­ба­сары Марат Тағымов, Алматы об­лы­сынан – облыстың экс-әкімі Аңсар Мұсаханов, Атырау облысынан – 2008 жылдан бері іс басындағы сена­тор, оған дейін Атырау облысы әкімі­нің бірінші орынбасары болған Сәр­сенбай Еңсегенов, Шығыс Қазақ­стан облысынан – ШҚО әкімінің орын­басары Сергей Плотников, Жам­был облысынан – облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев, Батыс Қазақстан облысынан – 2008 жыл­дан бері депутат, оның алдында БҚО әкімінің аппарат жетекшісі бол­ған Ерболат Мұқаев, Қостанай облы­сы­нан – облыс әкімінің орынбасары Се­рік Бектұрғанов, Маңғыстау облы­сынан – облыс әкімінің орынбасары Михаил Бортник, Оңтүстік Қазақстан об­лы­сынан – ОҚО әкімінің орынба­сары Әли Бектаев. Енді бір тобы мәслихатқа жетек­ші­лік еткен: Алматы қаласынан – қа­ла­лық мәслихаттың хатшысы Төлеу­бек Мұқашев, Павлодар облысынан – облыс әкімінің орынбасары, облыс­тық мәслихат хатшысы болған Манап Кө­бенов, Қызылорда облысынан – ер­теректе Жаңақорған ауданының әкі­мі, облыс мәслихатының хатшысы бо­лып қызмет істеген Бекмырза Ела­ма­нов Сенатқа келді. «Сайлау-2014» жеңімпаздары ара­сын­да әкім не мәслихат басшылы­ғын­да қызмет атқармаған 3 тұлға ғана бол­ды. Бұлар: Қарағанды облысынан – «Қазақмыс» корпорациясының бұ­рын­ғы директоры Сергей Ершов, Сол­түстік Қазақстан облысынан – СҚО статистика департаментінің ди­ректоры Ольга Перепечина (белгілі аг­раршы бизнесмен, «Новок­а­мен­ка­Агро», «Широкое» секілді агроқұры­лым­дар қожайыны Юрий Перепе­чин­нің жұбайы), Астанадан – «Цесна» кор­порациясының басшысы Серік Жақсыбеков. Сенатор болып сайлану үшін кан­дидаттың жергілікті мәслихат депута­ты болғаны жөн. Сондықтан осы жеңім­паздың бәрі сондай мәртебе ие­ленген. 2014 жылы аты озған сенаторларға бер­тінде, тура бес жыл өткенде, 2019 жыл­ғы қазанда 17-ші болып Айгүл Қап­барова қосылды. Себебі  2018 жы­лы Елбасы Жарлығымен Шымкент ме­гаполис ретінде танылып, жеке отау тікті – республикалық маңызы бар қа­лаға айналды. Тиісінше, Оңтүстік Қа­зақстан облысы тарап, орнына Түр­кістан облысы құрылды. Жаңа өңір­дің мәслихаты облыстан бөлек өз се­наторын таңдады. Жергілікті де­путаттар журналист, Шымкент ақ­парат орталығының директоры-бас ре­­­дакторы А.Қапбарованы елордаға жі­беруді ұйғарды. Енді биылғы сайлау нәтижесінде осы 17 сенатордың төртеуінен бас­қа­сы Парламентпен қош айтысады.  

Сенатқа кімдер келді? 

2014 жылы жеңіс дәмін татқан депу­тат­тар арасынан төртеуі биылғы додаға қайта түс­кен болатын. Барлығы да дегеніне жетті. Нә­тижесінде Түркістан облысынан – Бек­таев Әли Әбдікәрімұлы, Қарағанды об­лы­сы­нан – Ершов Сергей Михайлович, СҚО-дан – Перепечина Ольга Вален­ти­нов­на, Шымкент қаласынан – Қапбарова Айгүл Жарылқасынқызы ары қарай да сенатор болып қала береді. Қалған 11 облыс және Нұр-Сұлтан жә­не Алматы қалалары Парламенттің жо­ғарғы палатасындағы өкілдерін жаңартты. 2020 жылғы 12 тамызда болған сайлау қо­рыт­ындысына және Орталық сайлау ко­мис­сиясының қаулысына сәйкес, өзге 13 өңірде келесі тұлғалар сенатор атанды: Ақмола облысынан – Бекенов Нұрлан Жек­сембайұлы; Ақтөбе облысынан – Қаниев Бауыржан Нұралыұлы; Алматы облысынан – Дүйсембинов Сұлтан Мырзабекұлы; Атырау облысынан – Лұқпанов Сағын­дық Есенғалиұлы; Батыс Қазақстан облысынан – Рыс­бекова Ләззат Тұяқбайқызы; Жамбыл облысынан – Орынбеков Бек­болат Серікбекұлы; Қостанай облысынан – Карплюк Сер­гей Алексеевич; Қызылорда облысынан – Әлназарова Ақ­марал Шәріпбайқызы; Маңғыстау облысынан – Алдашев Сүйін­дік Тасеменұлы; Павлодар облысынан – Нұхұлы Ал­тынбек; Шығыс Қазақстан облысынан – Булавкина Ольга Александровна; Алматы қаласынан – Мәкежанов Сұлтан­бек Алмасбекұлы; Нұр-Сұлтан қаласынан – Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы.  

Бұл кісілер кімдер?

Жаңа сайланған сенаторлар арасында да әкімқаралар мен мәслихат жетекшілері же­терлік. Алматы қаласында  Медеу ауда­нының әкімі, жасы 60-қа қараған Сұлтан­бек Мәкежановқа 30 таңдаушының бәрі бірауыздан дауыс берген. Ақтөбе облысында Шалқар ауданының әкімі, 1958 жылы туған Бауыржан Қаниев 143 таңдаушының немесе 79,9% дауысты иеленді. Алматы облысында  облыс мәслиха­ты­ның хатшысы, 1959 жылғы Сұлтан Дүй­сембинов 264 таңдаушының (92,6%) қол­дауымен жеңді. Жамбыл облысында  облыс әкімінің бірін­ші орынбасары, 1957 жылы туған Бек­болат Орынбековке 163 таңдаушы (92,1%) дауысын берді. Қостанай облысында  облыс әкімінің орын­басары, 1968 жылғы Сергей Карплюк 225 таңдаушының (87,2%) демеуімен алға озды. Шығыс Қазақстан облысында былтыр ғана Бородулиха ауданының әкімі болып тағайындалған, оған дейін Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болған 1972 жылғы Ольга Булавкина 255 таңдаушының (93,1%) дауысын қанжығасына байлап, қарсылас­тарын шаң қаптырды. Өзге жаңа сенаторлардың лауазымы өзгеше: Қызылорда облысында – «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары, 1971 жыл­ғы Ақмарал Әлназароваға дауыс беруге қа­тысқан таңдаушылардың 102-сі (77,9%) се­нім артты. Атырау облысында Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. компаниясының бас­қарушы директоры, 1960 жылғы Сағындық Лұқпановтың еншісінде – 86 таңдаушы немесе 82,7%. Батыс Қазақстан облысында  Орал гу­манитарлық колледжі жекеменшік меке­месінің қаржы директоры, 1976 жылғы Ләззат Рысбекова «128 таңдаушы немесе 70,3%» көрсеткішіне қол жеткізді. Маңғыстау облысында  Қаражан­бас­мұнай бірінші вице-президенті, 1963 жыл­ғы Сүйіндік Алдашев үлесінде 87 таңдау­шының (87%) дауысы бар. Павлодар облысында Павлодар мем­лекеттік педагогикалық универ­си­тетінің ректоры, 1962 жылғы Алтынбек Нұхұлын 150 таңдаушы (82%) жақтапты. Елордада «С.Сейфуллин атындағы Қа­зақ агротехникалық университеті» АҚ-ның басқарма төрағасы, бұрынғы Ауыл шаруа­шылығы министрі, 59 жастағы Ақылбек Күрішбаев 15 таңдаушының (75%) дауысын жинады. Ақмола облысында 89,5% немесе 213 мәслихат депутатының дауысына қол жет­кізіп, жеңіс тұғырына көтерілген 59 жас­тағы қаржыгер, аудитор Нұрлан Бекенов 2018 жылдың 5 мамырынан бастап облыс­тық Тексеру (ревизия) комиссиясының төрағасы болған. Осылайша, Сенатқа негізінен 1961-1962 жы­лы туған адамдар келіп отыр. Жаңа се­наторлар арасындағы ең жасы – 44-те. Ең егдесі – 63-те. Сенат аламанында, негізінен қалалық не аудандық мәслихаттар ұсынған кан­дидаттар жеңді. Ал талдықорғандық Сұл­тан Дүйсембинов, оралдық Ләззат Рыс­бекова – өзін-өзі ұсынғандар. Орталық сайлау комиссиясының дере­гінше, бұл жолы сенатор мандаты үшін 46 кандидат өзара бәсекеге түсті. Сайлау бюл­летеньдеріне осынша үміткердің аты жа­зылыпты. Алайда тіркеуден кейін 12 адам өз кандидатурасын алып тастайтынын мә­­­­лімдеген. Мәслихаттардағы барлық 3 мың 69 де­пу­таттың 2 мың 889-ы немесе 94,1 пайы­зы таңдаушы құқығын пайдаланып, дауыс беруге қатысыпты. Барлық сайлау бюлле­те­нінің тек 15-і ғана «жарамсыз» деп та­нылды. ОСК төрағасы Берік Имашевтің ай­туынша, сайлау науқанының ерекшелігі сол, бұл жолы сенатор қызметіне ынтыққан әйелдердің үлесі жоғары болды. Нәти­же­сінде сайланған 17 депутаттың 5-і – әйел. Бұл 29,4%-ды құрайды. 2014 және 2017 жыл­дардағы сайлауда аталған саяси көр­сет­кіш тек 6% болған. – Дауыс беру сайлау заңнамасының та­лабына сай өтті. Сайлау күні Орт­сай­лау­комның сайты арқылы таңдаушыларды тір­кеуді және дауыс берудің алдын ала қо­рытындысын шығаруды онлайн байқау сервистері жұмыс істеді. Сол арқылы сайлау процесінің ашықтығы мен жария­лылығы қамтамасыз етілді. Дауыс беру рәсімін және сайлау қорытындысын шы­ғаруды 242 жергілікті және 5 халықаралық байқаушы бақылады. Сайлау өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды және санитарлық қауіпсіздік бойынша барлық қажетті шараларды сақтай отырып өткізілді, – дейді Берік Имашев.  

Елдос СЕНБАЙ