Жоғалған оқушыны полицейлер, әскерилер мен еріктілер іздеді.
БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, 12 жастағы 5-сынып оқушысы 19 тамыз күні сағат шамамен 15.00-де Теректі ауданы Подстепный ауылында жоғалды.
Ол Орал қаласында ата-анасымен бірге тұрады. Сол күні ауылдағы «ПМК» аялдамасынан кеткеннен оралмаған. Өз бетімен іздеу нәтиже бермегеннен кейін сағат 19.10-да анасы полицияға жүгінген.
Полиция департаментінің бастығы Мақсұтхан Аблазимовтің басшылығымен іздестіру жұмыстарына Теректі ауданы полиция бөлімі мен Орал қаласы полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Сондай-ақ Оралдағы 5517 әскери бөлімінен 70 сарбаз, Подстепный ауылдық округі әкімдігі қызметкерлері және жұртшылық өкілдері көмекке келді.
Сағат 23.00-де Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Арман Бисенғалиев пен стажер Бақытжан Қонарбай баланы шаһардағы Құрманғазы көшесіндегі үйдің ауласынан тапты. Жасөспірім қазір отбасымен бірге. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.
Оқушының ата-анасы жедел қимылдаған полиция қызметкерлері мен іздеуге атсалысқандардың бәріне алғысын айтты.