Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақып «соқтықпалы, соқпақты» жылдардан өтті. Құрылысшы қызметінен бастап, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы мәртебесіне дейін көтерілді. Өмірлік кредосы – туралық, тазалық. Елдің экономикасы тұралап, саяси жүйе күйреп, халықтың тұрмысы мейлінше төмендеп, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен қиын уақыттарда талай жауапты қызметтерді атқарды. Өз ұстанымынан, адалдығы мен азаматтық қалыбынан еш уақытта айырылмады.
КІТАПХАНАНЫ ҚАЛАЙ САҚТАП ҚАЛДЫ?
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары кез келген өңірге де тіршілік кешу оңай болған жоқ. Нарықтың өз заңдылықтары бар. Жалақы берілмейтін, зейнетақы жетпейтін, ауыл түгілі облыстың бюджеті жоқ, ауыр кезеңдер басталды. Ауыл мен ауыл жалғаспай, жолсыз, газсыз, ауызсусыз қалған қиын шақ еді. Дәл осындай қиын кезеңдерде, ең бір күрделі тұста облыс тізгінін қолға алу Қабиболла Жақыповтың маңдайына бұйырыпты. Мұндай сәтте елді тығырықтан алып шығу азаматтың азаматының ғана қолынан келетін шаруа. Бұл қалай жүзеге асты?
«Ең бірінші адамға қажеті – сенім. Сенім болмаған жерде ел басқару оңай емес. Рас, біз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары әкім болдық. Ел үшін де, әкімдікті қолға алған азаматтар үшін де оңай кез емес еді. Бәріміз де жүрексіндік, бәріміздің де бойымызда «бұл қалай болар екен?» деген ой болғаны рас. Бірақ мұндай сәтте адамды алға итермелейтін ерекше күш болады. Ол – туралық, тазалық, табандылық», – дейді Қабиболла Қабенұлы.
ХХ ғасырдың 90-жылдарының басы. Экономика мен саяси ахуал тұралап тұрған кез. Өндіріс болмаған соң, өнім болмайтыны белгілі. Өнім болмаса, қаражат та жоқ. Не істеу керек? Өңірдің экономикасын көтеру – басты парыз. Одан бөлек, мәдениеті мен әлеуеті тағы бар. Өзге өңірлерде жаппай жабылып жатқан кітапхана, мәдениет үйлерін сақтап қалу керегін әкім жақсы түсінді. Бір-бірін жалғап жатқан жолы жоқ үш аудан: Казталовка, Жәнібек, Бөкей ордасын ойлаңыз. Шалғайдағы ауданнан ағайын облыс орталығы Оралға кітап оқуға келе алмайтыны белгілі. Мәдениет кетсе, кітап оқылмайтын болса, рухани азық болмаса, адам биікке көтеріле ала ма?
Қабиболла Қабенұлы сол күндерді еске алып: «Облыс орталығындағы болмаса, жергілікті өңірдегі кітапханалар Мәдениет үйіне қарайды. Сол себепті, бірінші кезекте Мәдениет үйін сақтап қалу керек болды. Ол үшін бір штатты төртке бөлуге тура келді. 25 пайызын клуб меңгерушісіне, 25 пайызын кітапханашыға, 25 пайызын еден жуушыға, 25 пайызын өнерпазға бердік. Адамдардың да келіспеске амалы жоқ еді. Өмірбойы сол жерде қызмет атқарған жандарға бастысы – жұмысын сақтап қалу. Ғимарат бір апта қараусыз қалса, оның жағдайы не болатынын өзіңіз де білесіз. Біреу терезесін сындырады, біреу есігін ұрлайды. Өйткені жан бағу керек. Қоғам бірден нарыққа бейімделіп кеткен жоқ. Біртіндеп қана көше бастады. Сол ауыр жылдарда қиындыққа шыдамай, күйреп кеткендер де көп. Бірақ біздің парызымыз – елдің еңсесін түсірмей, көп болып көмектесіп, тығырықтан алып шығу ғана болды. Соның арқасында бірде-бір кітапхана, мәдениет үйі жабылған жоқ», – дейді.
ОРАЛДАҒЫ 3ЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ
Батыста жабылмай, қиындыққа төтеп берген саланың бірі – спорт. Әкім спорт мектептерін қалай сақтап қалды? Кез келген мәлімет әуелі әкімге жететіні белгілі. Алдына келген құжаттарды тексеретіндер де, тексермейтіндер де бар. Ал Қабиболла Жақыпов ондай емес. Кез келген нәрсеге мұқият қарап, жіті қадағалап отырады. Бірде алдына келген құжаттардың бірінен жасөспірім екі баланың қылмыс жасағаны туралы ақпаратты көзі шалады. Жалақы жоқ. Жұмыссыздық жайлаған. Ұрлық-қарлық көбейген кез. Екі бала не істеген дейсіз? Киоскіден бір орам кола мен бір қорап сникерс ұрлапты. Прокурор да, сот та екеуін соттап жіберуге бейім. Әкім бұған жол бергісі келмеді. Бұл салаға жауапты адамдарды шақырып алды да: «Балалардың ертең сотталып келгеннен кейінгі тағдырын ойладыңдар ма? Олар түрмеден түзеліп келе ме? Сендер балаларыңа ақша бере аласыңдар. Ақша таба алмай отырған қанша отбасы бар? Олар не істеу керек? Ол баланың да сникерс жеп, кола ішкісі келеді. Сосын амалсыз ұрлыққа барады» дейді. Сөйтіп, екі баланы арашалап алып қалады. Бұл сол Орал өңіріндегі екі баланың ғана тағдыры. Одан бөлек, қанша тағдыр бар? Олардың да қылмыс жасамауына кім кепіл? Сол жылдары облыста балаларға арналған 32 спорт мектебі болған екен. Облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Ендігі амал, осы мектептерді сақтап қалу. Әрі спорт – балалар қылмысын азайтуға да себеп болады. Осыны мықтап ойластырған Қабекең бір жағы ұлт саулығын, екінші жағынан жұртты жамандықтан сақтаудың амалын табады.
«1996-97 жылдар өте қиын кезең болды. Республикадан келетін көмек жоқ. «Жасөспірімдер арасында чемпионат өткізсек қайтеді?» деген ой туды. Оны өткізу оңай емес. Әкімдікте ақылдаса келіп, шайбалы хоккейден әлем чемпионатын өткізейік деген тоқтамға келдік. Ұйымдастыру комитетінің де өз шарттары бар. Мұз айдыны барлық талапқа сай келуі керек. Оның үстіне, Швецияға ұшақ та ұшпайды. Барлығы тек Мәскеу арқылы. Оның өзінде Мәскеуден Самараға келуге тура келеді. Қиындықтың бәріне қарамастан, келісімге келіп, чемпионат өткізуге шешім шығардық. Швеция, Норвегия, Финляндия, Ресей және Қазақстан. Осы бес мемлекеттен жасөспірімдер қатысты. Стадион толып кетті. Бірінші орын – шведтер, екінші орын – Ресей, үшінші орынға Қазақстан табан тіреді. Сол чемпионат өткеннен кейін ертесіне үш жүз бала үйірмеге жазылыпты. Әлем чемпионатының балаларға қандай рух бергенін осыдан-ақ байқап отырған шығарсыздар», – дейді Қабиболла аға.
Әлі күнге батыстықтар бұл жарысты аңыз қылып айтады. Әлем чемпионаты балалардың жүрегіне жеңімпаздық дәнін септі. Көп жастың жүні жығылмады, қиындықтан қашып, қуыс-қуысқа тығылмады...
ҰЛТТЫ САҚТАҒАН АНАЛАР
«Қазақ қоғамын қиын кезеңдерде сақтап қалған – әйелдер. Өйткені ер азаматтардың көбі күйреуік, қиындыққа көп төзе алған жоқ. Ішіп кеткендер де, өзін-өзі құрбандыққа шалғандар да көп болды. Ал отбасын сақтау – әйелдердің иығына түсті. Шиеттей балаларды асырап-сақтау үшін күн-түн демей еңбек етті. Иығына ала дорбасын арқалап, базар жағалап кеткендер де – аналар. Егер сол жылдары аналар осындай тәуекелге бармағанда, біз бұл қиындықты жеңіп шыға алмас едік», – дейді Қабиболла Қабенұлы.
Бірде кейіпкеріміз станциядан түсіп, вокзалда көже сатып тұрған келіншекті көреді. Сағат – түнгі төрт. Жалғыз өзі. Қолында бес литр көже, бес литр сүт, бес литр айраны бар. Көп болса, пойыз үш минут тоқтайды. Қабиболла аға келіншекке жақындап, «мынаның бәрін сатып аламын» дейді. «Қанша?» деп сұраса, «барлығы – 250 теңге» депті. Келіншектің қолына 500 теңгесін ұстатып, жүре беріпті. Бұл кезде бір бөлке нанның құны – 30 теңге. 250 теңгеге келіншек бала-шағасын асырау үшін үш-төрт күнге жететін азық алатын еді.
«Аналардың сол бір жанкешті еңбегі туралы көлемді шығарма жазылған жоқ. Бұл аналарға арнап повесть, роман жазсақ та артық емес. Олар отбасын ғана емес, тұтас ұлтты, мемлекетті сақтап қалды», – дейді кейіпкеріміз.
ЧАПАЕВТЫҢ ОРНЫНДА ЖҰБАН ТҰР
Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес облысымен шектесіп жатыр. Өңірде казактар да өте көп. Ал сол жылдары Оралдың орталығында Чапаевтың бір емес, екі ескерткіші тұрды. Чапаевты алып тастауға жергілікті тұрғындар қарсы. Не істемек керек? Әрине, әкімге Чапаевтың орнына Жұбанның ескерткіші тұрғаны керек. «Чапаевтың ескерткіші тура орталықта тұр. Айналасы – саябақ. Жергілікті тұрғындардың демалуына да әдемі мүмкіндік жасалған. Ал ол орынға Жұбанды ауыстырайық десек, қарсылар көп. «Басқа жерге тұрғызыңдар» дейді. «Жоқ, Жұбанның ескерткіші де тұп-тура осы орталықта тұруы керек» деп қасарысып бақтым. Сосын милиция бастығын шақырып алып, «Ертең ескерткішті қоямыз. Сендер жан-жағынан күзетіп тұрыңдар» дедім. Қойдық. Наразы болғандар да ақырында шулап-шулап қойды», – дейді Қабең.
Қабиболла Қабенұлының тағы бір ерлігі – қазақ драма театрын ашуы. Оралда 1941 жылдан кейін драма театр болмаған. «Оралда Островский атындағы орыс драма театры бар. Ол XIV ғасырдың басында салынған. Ал қазақ театры ХХ ғасырдың басында ашылған екен. 1941 жылы театр ғимараты өртеніп кетіпті. Театр өртеніп кеткен соң, директорын соттап жібереді. Труппа қалды. Тарих бойынша, 1942 жылы 1 қыркүйекте Сталин Орал облысында майдан шебін құру туралы жарлығын шығарады. Орда, Жәнібек, Казталовка аудандары Волгоградпен шектесіп жатыр. Волгоградтың оң жағында немістер, сол жағында тылдағы майдангерлер. Майдан шебі құрылған соң, труппаны Атырауға жібереді. Осылайша, батыс мүлдем театрсыз қалады. Әкім болып келген 1993 жылдары ауыл ақсақалдары жиылып, маған келді. «Біз осылай театрсыз отыра береміз бе? Бір амалын таппайсың ба?» деп қолқа салды. Оралда зауыт көп. Әр зауыттың өз мәдениет сарайлары бар. Бір күні бір зауыттың бастығын шақырып алдым да, «Құрманғали, сендердің мәдениет сарайларыңды аламыз» дедім. Ол зауыттың мәдениет сарайы әдемі жерде орналасқан. Өзінің саябағы бар. Сөйтіп, зауыт директорымен келісіп, 1993 жылдың 16 желтоқсанында театрдың шымылдығын аштық. Жан-жақтан батыстан шыққан артистерді жинадық. «Жылына үш пәтерден беріп отырамын. Жастарға жатақхана беремін» деп айттым. Киімдерін Мәскеуде тіктірдік. Режиссерді Маңғыстаудан алып келдік. 1997 жылы жаңа ғимараттың іргетасын қаладық. Мәдениет министрлігімен келісімге келуге тура келді. Олар «комедия театрын ашыңдар» дегендей болды. «Драма театр болып ашылған соң, солай жалғастырған жөн» деп, алған бетімізден қайтпадық. Батыс Қазақстан облысындағы Хадиша Бөкеева атындағы драма театрдың іргетасы осылай қаланды», – дейді Қабиболла аға.
ДАРЫНДЫ БАЛА ҚАЙДА ЕКЕН?
Бірде Қабиболла Қабенұлының кабинетіне өрімдей жас жігіт келіп, қабылдауға жазылады. Бар-жоғы – 16 жаста. Жастың да, жасамыстың да көңілін қалдырмайтын әкім жас баланың кіруіне қарсы болмайды. Жігіт – Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің студенті. Ә дегеннен әкімге: «Менің әке-шешеме баспана беріңізші» депті. «Неге?» дейді әкім. Сөйтсе, жас жігіттің ата-анасы қаланың шетіндегі барақ үйлерде тұрады екен. Тұрмысы өте нашар. Әке-шешесі мектепте мұғалім. Жалғыз қарындасы бар. 15 жасында мектеп бітіріп, Бауманға оқуға түскен. Вундеркинд баланы университет бірден оқуға қабылдаса керек. Сол жолы жас бала университет бітіріп келген соң, елге қызмет етуге уәдесін беріп кетеді. Әкім де жастың тілегін жерге тастамай, әке-шешесіне үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырады. Бұл оқиға мүлдем ұмытылған. Араға жиырма жыл салып, әлгі жігіттің қарындасын Нұр-Сұлтанда кезіктіріпті. Қабиболла Қабенұлын танып, арнайы келіп, сәлем беріпті. Қазір сол бір дарынды жас Ирландиядағы үлкен бір компанияда басшылық қызмет атқарады екен. Ата-анасының алғысын жеткізген қыз бала әкімге ризашылық сезімін білдіріпті. Кісіге жасаған жақсылық ұмытылмайды деген – осы.
P.S.
Әрине, мәдениетсіз қоғам жасай алмаймыз. «Мың өліп, мыр тірілген» қазаққа өлмейтін жыр арнаған Жұбан Молдағалиевтің еңселі ескерткіші Орал төрінде қасқайып тұрса, бұл да Қабиболла әкімнің жеңісі. Санкт-Петерборда тұңғыш Думаға қатысқан қазақ, Әлихан Бөкейхановтың бюсті қойылса, ол да Қабиболла Қабенұлының жемісі. Батыстағы мәдениет ошақтарын аман сақтап қалғаны үшін де әкімге дән-риза халық көп. Қабиболла Қабенұлының батыстықтар ерекше құрметтейтін тағы бір қасиеті – турашылдығы, кішіпейілдігі, тазалығы. Қазақстан тарихында 8 жылға жуық әкім болған адам жоқ. Бұл да Қабиболла Қабенұлына тиесілі. Демек, Қабиболла Жақыповтың Батыста өлмейтін, өшпейтін ізі қалды. Тәуелсіздік уығын тіктеген көптеген ісі әлі талай айтылар.
...Ең бастысы, Қабиболла салған соқпақ бар. Ол соқпақ ұзақ жылдар бойы елдің есінде, жұрттың жадында қалары сөзсіз.