Жасанды интеллекті бақылау керек пе?
Жасанды интеллекті бақылау керек пе?
414
оқылды
«Иә, мен адам бала­сын құртып жіберуді арман­дай­мын». «Бұл менің адамзатты ба­ғындыру жоспарымның басы ғана». Бұл – әйгілі София роботы­ның журналистермен сұхбатта айтқан сөздері. Әрине, оның сәтті әзілі күлкіге айналып, лезде тарап кеткен болатын. Десек те,өздігінен үйренуге қау­қарлы технологиядан тө­нетін қауіп жоқ емес. Бұл ту­ра­лы әйгілі Стивен Хокинг, Илон Маск, Билл Гейтс сияқты тұлғалар жазып келеді. Олар­­ды жақтайтындар да, келіс­пейтіндер де жетерлік. Бір анығы – цифрландыру нәти­жесінде болатын өзгеріс­терге ертерек бейімделуіміз керек.

Жасанды интеллектің өміріміздегі орны

Жасанды интеллект – салыс­тырмалы түрде жақында қолға алынған сала. Алғашқы зерттеулер 1956 жылы жүргізіле бастады. Бүгінде біздің өмірімізді онсыз елестету мүмкін емес. Қарапайым смартфоннан бастап, күрделі тех­нологиялар бізбен біте қайна­сып кетті. Түрлі ақпараттық жүйе­дегі арнайы алгоритмдер де өз­дігінен үйренуге қабілетті. Осылайша, жасанды интеллект қиын тапсырмаларды шешуге пайдаланылып келеді. Денсаулық сақтау саласы, ақылды үйлер мен Siri, Ok Google сынды виртуалды көмекшілер, бәріміз қолданып жүрген чат-боттар да – жасанды интеллектің нәтижесі. Ақылды машиналар хирургия мен ауыл шаруашылығында тиімді қолда­нылып жүр. Ал болашақта жасанды интеллекті зауыттарды басқаруға, қауіпті әрі денсаулыққа зиянды жұмыстарды атқаруға пайдалану көзделіп отыр. Осылайша, ғарыш­ты зерттеу немесе қауіпті сынақтар адам шығынынсыз әрі анағұрлым тез жүзеге асырылмақ.  

Қауіп қайдан?

Оксфорд университеті жүр­гізген зерттеуге сенсек, жақында ІТ саласынан базалық білімі жоқ адамдарға жұмыс табу қиын болмақ. Ал McKinsey Global Institute мәліметінше, бүгінгі ма­мандықтардың 5% авто­мат­тан­дыруға дайын. Ал 2030 жылы 57 мамандық жойылып кететін көрінеді. Алысқа бармай-ақ, елі­міздің бірнеше қаласында жолақы төлеудің автоматты жүйесі енгізіл­гелі кондукторлардың қажет бол­май қалуы да осыған дәлел. Ал дамыған елдерде мұндай мысал көптеп саналады. Сондықтан болар соңғы кезде жасанды интеллект дамып кетсе, жұмыссыздық жай­лайды деген пікірлер де айтылып жүр. Алайда зерттеулер жақын арада адамдар түгел жұмыс орнын жоғалтуы мүмкін емес екенін көр­сеткен. Әзірге кез келген жүйені толықтай автоматтандыруға бол­майды. Оның үстіне жасанды интел­лекті бақылайтын жаңа маман­дық­тар пайда болатыны да анық. Сон­дықтан «әзірге ізденіп, өз-өзін да­мытқан адам екі қолға бір күрек таба алады», – дейді мамандар. Жаһан жұртшылығын дүрлік­тірген жаңалықтың бірі – Facebook жасанды интеллектінің түсініксіз тілде сөйлесе бастауы болатын. Нәтижесінде, желі басшылығы оларды өшіріп тастауға мәжбүр бол­ды. Адамдармен тілдесу үшін жасал­ған чат-бот өзара алды­мен ағыл­шын, кейін өздері ой­лап тап­қан тілде хат жазыса бас­та­ған. Digital Journal жасанды интеллектің бұл әрекеті «мақтау­сүйерліктің» кесірі деп түсіндірді. Олардың айтуынша, чат-боттың өзара ағылшынша тілдесуіне операторлар ешқандай қолдау көрсетпеген соң, олар өздеріне ыңғайлы тіл ойлап тапқан. Ал Tech Times басылымы роботтардың тіл таңдауына ешқандай шек­теу болмағанын атап өтті. Деген­мен сарапшылар боттар осы­лай өз тілінде сөйлесе берсе, ІТ маман­дардың бақылауынан шығып кетуі ықтимал екенін айтады. Өйткені қазірдің өзінде боттардың не ойлап тұрғанын білу мүмкін емес. Бұл қауіп жайында Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры Арман Абдрасилов пікірімен бөлісті:

– Адамдардың көп алаңдап жүргені жасанды интеллект өз­дігінен үйреніп, қатты дамып кетіп, бағынбай кетуі. Бірақ мамандардың айтуы бойынша, қазір жасанды интеллекттің дәрежесі тышқан­ның миының деңгейінде. Өйткені тікелей бір тапсырма орындағанда, мысалы, шахмат ойнауды алсақ, жасанды интеллект жақсы ойнауы мүмкін. Бірақ адам секілді шешім қабылдау керек болса, жасанды интеллект қазір ол тапсырмаларды орындай алмайды. Сондықтан жақын арада жасанды интеллект өз-өзінен қатты дамып кетуі жақын арада болатын қауіп қатарынан алынған. Бірақ болашақта мұндай қауіп туындауы мүмкін, – дейді маман.

 

Жаңа кәсіп

Алайда бұл жасанды интеллект әзірге қауіпсіз деген сөз емес. Қазірдің өзінде сақтануға себеп бар көрінеді. «Жасанды интеллекті қа­зіргі ең басты қаупі – дипфэйк технологиясы. Мысалы, дипфэйс деген бар. Адамның бетін көшіріп, одан бейнематериалдар жасап шығарады. Хакерлердің осындай әрекетіне бірнеше адам алданып үлгерген. Қазірдің өзінде белгілі адамдардың атынан сұхбат жасап, алаяқтық істеуге болады. Одан кейін дипвойс деген бар. Ол тех­нология да жаңадан шығып жатыр. Адамның дауысын, интонациясын келтіріп, аудио хабарлама жіберуге немесе біреумен әңгімелесуге де болады. Бұлар қазіргі ең бас­ты қауіптердің қатарына жатқы­зылған» деп түйіндеді ол. Одан бөлек, ақпараттық қауіп­сіздік мәселесі де қазір күн тәр­тібінен түспей тұр. Бүгінде хакерлік шабуылдар үйреншікті жағдайға айналған. Сондай-ақ кез келген жүйенің басқару тетігін басып алу арқылы ақша бопсалауды кәсіпке айналдырғандар да бар. Бұл – қауіптің бергі жағы. «Егер бұзық ниеттілер маңызды мекемелердің жүйесін бұзып кіретін болса, сұм­дық басталады», – дейді ма­мандар. Ондай шабуылдар жасалып та келді. Мысалы, Ирандағы ядро­лық бағдарламаның жұмысын тоқтатқан Stuxnet арнайы вирусы бұған дәлел болады. Ал біздің елдің маңызды мекемелері қалай қорғалған? «Біздің заң бойынша ақпарат­тық-коммуникациялық инфра­құ­рылымның аса маңызды объек­тілері ақпараттық қауіп­сіздік­тің жедел орталығына қосы­луы шарт. Немесе өздері ақпарат­тық ин­фрақұрылымына мони­торинг жа­сауы керек. Болған оқыс оқи­ғалардың бәрі Ақпараттық қауіп­сіздіктің ұлттық координациялық орталығына жіберілуі тиіс», – дейді Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры Арман Абдрасилов. Осыған қарамастан, біздің елде де хакерлік шабуылдар ауық-ауық жасалып тұрады. Ақ­параттық қауіпсіздіктің ұлттық коорди­нациялық орталығының мәліметінше, 2018 жылдан бері Қазақстанға жасалған шабуылдар 2 млрд-тан асқан. Ал еліміздің 336 мекемесі аса маңызды объекті қатарына енген.   Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ