Қарапайым халық не ойлайды?
Бұқара өкілдерімен тілдескенде білгеніміз: COVID-19 індетінің, мемлекеттік шектеулердің, әлемдік дағдарыстың үш жақты соққысының астында қалып, қаусаған халық зейнетақы жинағына шын зәру. Сонда ол қаржыны баспана мәселесін шешуге, емделуге жұмсай алар еді. Айжан Кеулімқош қор жинағын берсе, оны қайда бағыттайтынын біледі. «5 жылдан бері пәтер жалдап тұруға мәжбүрмін. Зейнетақы жинағым қолыма тисе, оны баспананың бастапқы жарнасына енгізер едім. Толық емес отбасыданмын. Ешбір мемлекеттік бағдарламаға сәйкес келмеймін. Аз қамтылған отбасы санатына да жатпаймын», – дейді ол. Айнур Самаддинқызы зейнетақы жинағы осы күрделі шақта елдің тұрмысын түзеуге үлкен сеп боларына сенімді: «Биылғы наурыздан бері жұмыссыз қалдым. Табыс табу қиындады. Жұмыс табу осынша күрделі болады деп ешқашан ойламаппын. Көп адамның мерзімі өтіп кеткен заемдары бар, төлеуге ақшасы жоқ. Жұмыс жоқ, табыс жоқ. Мен 2007 жылы ұзақ мерзімге тұрғын үй кредитін алғанмын. Қаражат болмағасын, амалсыздан ипотеканы кепілсіз кредит ретінде қайта рәсімдеуге тура келді. Жасым қырыққа таяп қалды. Бүкіл өмірім кредитпен өтетін болды. Артық ештеңе сатып ала алмаймын. 13 жылдан бері ешқайда саяхаттап шықпаппын. Жалақыны жалақыға әзер жалғаумен болдым. Бүгінде ол да жоқ. Билік болса, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға ғана қарасып отыр», – дейді ол. Түркістан облысының тұрғыны Ахмет Нысанбаев өз зейнетақысына баласы мен келінін жеке отау қылып, бөлек шығаруды қалайды. «Ұлым Алматыда резидентураны аяқтауда. Жалпы жиынтығында 10 жыл оқыды. Хирург, травматолог, ортопед маманы болып шығады. Келінім екеуі 3 немере сыйлады. Ынтымағы ұйыған мерейлі отбасы. Ұлым Алматыда пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Оның отбасы негізінен, менің үйімде тұрады. Қалада баспана жалдауға көп шығындалатынын байқап жүрмін. Алмағайып шақта отбасын асырау да оңай емес. Жұбайым екеуіміздің біршама зейнетақы жинағымыз бар. Мемлекет заң жүзінде рұқсат етсе, соны қосып, ұлыма пәтер сатып әперуге көмектесер едік. Үйі жоқ маманның күйі қайдан келсін», – дейді ол.Қор қасіреттен құтқара ма?
Артем Братцев ІІ топтағы мерзімсіз мүгедек, І типті қант диабетімен ауырады. «Дертім ауыр жүруде. Иммунитеттің төмендеуі кесірінен өкпем қабынды, түберкулезбен сырқаттандым, басқа да әртүрлі кесел жамалды. Қос аяқты кесіп тастады. Әзірше тек арбамен қозғаламын. Протездеуді күтіп жүрмін. Жақында денсаулық жағдайым нашарлап кетті. Ампутациялаудан кейін қалған аяқтың жұрнағындағы (культя) жара жазылар емес. Диабет салдарынан көру және есту қабілетімнен айырыла бастадым. Карантин кесірінен азаматтық некедегі әйелім жұмысын жоғалтты. Енді шұғыл емдеу қажет етілуде. Әйтпесе, дәрігерлердің айтуынша, реампутация жасау керек болады. Бұл жамбасымды бөлшектеп, толық ампутациялауға соқтырады. Ондай жағдайда протез аяқтарды пайдалана алмай қаламын» деп тұнжырайды А.Братцев. Ол сұрау сала келе Қазақстанда мұны бірде-бір клиника емдемейтінін біліпті. Ресейдің Новосібіріндегі ауруханамен тексерілу және емделу туралы ауызша келісімге келген. Бірақ ол үшін қаржы керек. Оны табудың басқа жолдарын іздестіріп көріпті: мысалы, банктен кредит алуға ниеттенген, банкирлер бас тартыпты. «Мемлекеттен көмек сұрамаймын. Менің зейнетақы қорында қордалаған жинағым бар. Шамамен 3 миллион теңге. Мүгедек ретінде оны қазірден алуға құқылымын. Соны 13 жыл бойы ай сайын 19 мың теңгеден төленетін төлем ретінде тағайындады. Ал ақша шұғыл қажет. Жарты жыл ішінде емделуге кіріспесем, барымнан айырылып, кескен томарға айналуым ықтимал. Емделсем көру қабілетімді, протезбен қозғалу мүмкіндігін сақтаймын. Қозғала алмайтын, бұтына жіберуден басқа амалы жоқ жарымжан жанға айналғым келмейді. Мемлекетке де масыл боламын: әлеуметтік қызметшіге, күтушіге шығындалуға тура келеді, қосымша шығын шығарады. Егер маңдай теріммен тапқан жинағымды пайдалануға рұқсат етсе бұдан құтылуға болар еді», – дейді ол. Елорданың жас тұрғыны Нұрлан екінші жыл қатарынан ҰБТ-да жоғары балл жинай алмапты. Ақылы оқуға түсуден басқа шарасы жоқ. «Министр Нұрымбетовтың аузынан анық-қанығын ести алмадым. Өзімнің зейнетақы жинағым жоқ. Оның орнына ата-анамның, туыстарымның БЖЗҚ-дағы жинағын жоғары білім алуға жұмсай аламын ба? Осыған мүмкіндік берсе. Ер мойнында қыл арқан шірімес деген. Маман болсам, жұмыс істесем, қайтарамын ғой. Университет бітірмесем, дені дұрыс компания жұмысқа алмайды, болашақ бұлыңғыр болады. Әке-шешемнің үмітін ақтағым келеді, құрдымға құлағым келмейді», – дейді Нұрлан. Светлана Юхно зейнетақы жинақтарын баспана алумен немесе емделумен шектеуге қарсы. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 42 500 теңге әлеуметтік төлемақы төледі. Сол үшін билікке үлкен рахмет. Бүгінде төлем төлеу тоқтатылды. Жұртта дәрі-дәрмек, тіпті азық-түлік алатын қаржы қалмай барады. Несие бермей жатыр. Көшеге шығып, қол жаюға, қайыршы болуға арым жібермейді. Жұмыс жоқ. Бұл бетіммен зейнет жасына жетпейтін түрім бар. Ендеше мемлекет шын қамқорлық көрсеткісі келсе, БЖЗҚ-да жинағымыздың бір бөлігін қалдырып, артып қалғанын әлеуметтік төлем ретінде өзімізге берсін», – дейді С.Юхно.Бір-біріне сенбейді
Кәсіпкер Еркемұрат Толыбай БЖЗҚ-дағы жинағы кіріс әкелмей, босқа жатқанына қапалы. Биліктің білікті басқарушы екеніне сенбейді. «Негізі, бұл қаражатты басқаруды азаматтардың өзіне беру керек еді. Әрине, елдің бәрі қаржы жөнінен сауатты емес. Қорда тек мемлекеттің басқаруына сенетіндердің қаржысы қалсын. Әйтпесе, ай сайын қомақты қаражат аударамыз. Өсу орнына кейде ондаған мың теңгеге кеміп қалғаны анықталады. Қор оны инвестициялаудың теріс нәтиже көрсеткенімен түсіндіреді. Яғни, банкрот болған Әзірбайжанның халықаралық банкінің акциясы секілді әлдебір «өтімді құнды қағазға» салған жинағымыз кейін «күйіп» кеткен. Мен өз жинағымды анағұрлым табысты құралдарға инвестициялай аламын. Мысалы, 2015 жылғы қазанда 1 Биткоин 500 доллар ғана тұрды. Егер азаматтар жинағын криптовалютаға салғанда шетінен байып шыға келетін еді, өйткені бүгінде, 7 қыркүйекте 1 биткоин 10 мың 148 доллар тұрады», – дейді бизнесмен. Мемлекет зейнетақы жинағын пайдалануда көптеген шектеу енгізгелі отыр. Мысалы, ол жинақ иесінің қолына берілмейді. Емделсе – ауруханаға, үй алса – банкке аударылады. Аударудан бас тартуы да мүмкін. Беру-бермеуді мемлекет шешеді. Осылайша, билік бір жағынан халықтың жинақты тиімді жұмсайтынына сенбейтінге ұқсайды. Бәлкім сенім білдірген жөн болар? Сарапшылардың мәліметінше, зейнетақы қорындағы қаражатты тұрғын үй мәселелерін шешу, емделу немесе қаржы компанияларына басқаруға беру жөніндегі жоба тұжырымдамасы 90%-ға ғана дайын. Сондықтан жыл соңына дейін ары қарай пысықталады. Талай қызу пікірталасқа тамыздық болады. Бұл мәселе Президент тапсырмасымен өткен жылдан бері талқыға салынуда. Бастапқыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тек 100 мыңдай азаматқа ғана артық жинағын алуға рұқсат етуді ұсынды. Мұндай жартыкеш қадам қоғамның қатаң сынына ұшырады. Сол себепті азаматтардың зейнеткерлікке шыққаннан кейін орташа өмір сүру ұзақтығы кемітілді. Осының есебінен енді жаңа қолдау шарасымен 7 есе көп – 721 мың адамды қамту көзделуде. Жобаны жүзеге асыру жұмысының қатысушысы, экономист Олжас Құдайбергенов осының өзін азсынады. –Үкімет БЖЗҚ-да басы артық жатқан қаражаттың тек жартысын ғана қиып отыр. Қазақстандықтарға артық жинағын тегіс жұмсауға мүмкіндік беру керек. Бұл ретте баспана мәселесін шешу бірінші орында тұрғаны жөн. Себебі елдегі наразылық акциясының көбі үйсіздік пен жұмыссыздықтан бастау алып жатады, – деді экономист. Жинақты баспана алуға бағыттауда да кілтипан жетерлік. Мәселен, зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға нысаналы пайдалану бойынша уәкілетті оператор ретінде «Отбасы банк» (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) бекітілетіні мәлімделді. Яғни, қаражат тағы да тек осы банк арқылы өтеді. Азамат құрылыс компаниясына жинағын тікелей аудара алмайды. Үкімет осы арқылы сақтық танытып, аяғын аңдап басып отыр. Зейнетақы ақшасы алаяқ құрылыс компанияларының қалтасында кетіп қалмауын мақсат тұтады.Өз күніңді өзің көр
Дамыған елдерде азаматтарға зейнетақы жинағын емделуге, үй алуға, оқуға шығындауына жол ашық. АҚШ тұрғындары зейнетақы қорлары арқылы өз жинағын қалаған компанияның акциясына сала алады. Әйтсе де, оның теріс жағы бар: егер компания банкрот болса, зейнетақы жинағы да жойылып кетеді. Associated Press дерегінше, 2008 жылғы қаржылық дағдарыс кезінде америкалық зейнетақы қорлары 2 триллион доллар жоғалтты. Салдарынан ондаған мың зейнеткер зейнетке шығуды кейінге қалдыруға немесе ауқатты кәрілікпен қош айтысуға мәжбүр болды. Нәтижесінде егер 1985 жылы америкалықтардың небәрі 18%-ы ғана 60 жастан кейін жұмыс істеуін жалғастырса, 2006 жылдан кейін бұл көрсеткіш 29%-дан асыпты. Алдағы онжылдықта зейнеткер-жұмыскерлер қатары 5 еседей өседі деп болжануда. Сингапурде азаматтар баспана алу үшін зейнетақы жинағын қотарып алып кете алады. Тиісінше, ол енді мемлекеттен зейнетақы дәмете алмайды. Азамат қартайған шағындағы қажеттілігін өтеу үшін көзделген ақшаны қазір жұмсап тастағалы тұрғанын түсінетінін көрсетіп, келісімге қол қояды. Айтқандай, ізінше азамат ол баспанасын сатса, онда алып қойған зейнетақы ақшасын өсімақы пайызымен бірге мемлекетке қайтаруға міндетті. Әйткенмен, жаңа жылжымайтын мүлік алғысы келсе, сол қайтарған қаржысын үстемеақысымен қоса тағы да алып кетуге құқығы бар. Осы арқылы әр азамат өз тағдыры үшін өзі жауапкершілік арқалайды.Елдос СЕНБАЙ