Келер жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы балдық шкала бойынша төленеді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Маңғыстау облысы бойынша басшысы Нұргүл Жаннаназарова мәлімдеді.Мемлекет басшысы биылғы жолдауында жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгізуді тапсырды. Осылайша мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі мен мотивациясы нығайтылмақ. Екі жылдан бері Маңғыстау облысында пилоттық жоба ретінде жүзеге асып келе жатқан осындай жүйе тиімділігін көрсетті. Факторлық-балдық шкала бойынша еңбекақы мемлекеттік қызметкердің атқарған жұмысының көлемі мен қиындығына байланысты төленеді. Дәстүрлі жалақы төлеуден артықшылығы осында.
«Факторлық балдық шкаланың енгізілуі әсіресе орталық атқарушы органдар мен жергілікті әкімдіктегі қызметшілер арасындағы жалақы айырмашылығын 70 пайыздан 20 пайызға қысқартты. Осы факторлық-балдық шкала енгізілгелі бері Маңғыстау өңірінде мемлекеттік қызметтің имиджі артты деуге болады. Оған нақты дәлеліміз бар. Бұрын бір орынға өте аз үміткер болатын, қазіргі күні орташа алғанда 2,5-3 адам үміткер болып тұр», – деді Нұргүл Жанназарова Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте.
Бастысы, мемлекеттік қызметтен кетушілер 4 есеге азайған. Бұған дейін жергілікті әкімдіктен өз еркімен кетушілер саны 7,5 процент болса, бүгінде бұл қызметке қызығушылық артқан. Ауыл әкімдіктерінде де маман тапшылығы жойылды. Мәселен, 2017 жылы 28 бос орын болған, ал биыл 2-ақ орын бос. Сонымен қатар жеке сектордан мемлекеттік қызметке ауысушылар да көбейіпті. Себебі өңірдегі пилотты жоба кезінде маңғыстаулық 1200 қызметкер жаңа жүйемен жалақы алған. Ал келер жылы 1 шілдеден бастап олардың саны 1500-ге артады.