Қарттар бюджетке қалай салмақ салады?
БҰҰ болжамын қарастырып көрелік. Оған сәйкес, халық саны да, ондағы қарттардың үлесі де арта түседі деседі. Мысалы, қазір әлемде 65-тен асқан адамдардың саны 702,9 млн адам. Бұл дегеніңіз бүкіл жер шары тұрғындарының 9 пайызын алады. Ал 2050 жылға қарай қарттардың үлесі 16 пайыздан бір шығуы мүмкін. Ал енді Қазақстандағы статистикаға көшсек. Мұндай тенденция бізде де байқалады. Осыдан алты жыл бұрын тұрғындардың 6,8 пайызын, 2018 жылы 7,5 пайызын қарттар құраған. Жыл соңында нақты көрсеткіштер белгілі болады. Бірақ бір анық: биыл 15-24 жас аралығындағы жастар саны бұрын-соңды болмаған төмен көрсеткішке түсті. Өйткені 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында туу көрсеткіші күрт азайған. Бірақ бұдан да сорақысы алдағы отыз жылда болуы мүмкін. 2050 жылға қарай осы жастардың алды зейнетке шыға бастайды, экономикалық тұрғыда белсенділік төмендейді. Ал оның орнын басып, демографиялық «шұқырды» бітейтін ешкім болмайды. Міне, сол кезде жұмысбастылар азайып, зейнеткерлер көбейеді. Олай болған жағдайда экономикалық ахуал не болады деген заңды сұрақ туады. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова Қазақстан қартаюға қадам басып келе жатқан мемлекет саналатынын айтады. «Қоғамда қарттар үлесінің көбеюі табиғи заңдылық емес. Бұл елдегі туу санына қарай есептеледі. Яғни, туу көрсеткіші жоғары болған сайын қариялардың үлесі азаяды. Көбейіп жатса, демек туып жатқандар аз. Мысалы, Орталық Азия, Африка елдерінде қарттар саны жоғары емес. Ал дамыған, туу коээфициенттері 0 не 0-ден төмен елдерде қариялар саны едәуір көп. Қазақстанға келсек, дабыл қағуға себеп – үлестің одан ары артуы мүмкін екеніне байланысты. Қанша жылдан бері біздегі туу көрсеткіші 1,5 пайыз шамасында болып келе жатыр. Орталық Азия мемлекеттерімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш өте төмен. БҰҰ классификациясы бойынша қартаюға қадам басып келе жатқан елміз. 15 жасқа дейінгі және 65 жастан жоғары жұмысқа жарамсыз адам санының еңбекке қабілетті адамдарға қатынасы бүгінде 40,8 пайыз. Әзірге түсіп тұрған салмақ жоғары емес. Дегенмен алда бұдан да өсетін болса, экономикалық потенциалды төмендетеді. Себебі бізде алпыстан асқандардың денсаулығы дамыған елдердегідей жақсы емес. Көбі жұмысқа жарамсыз боп қалады. Сондықтан жұмыс күші азаяды», – дейді сарапшы. Экономикаға аса ауыр салмақ түсірмеудің амалы – зейнетақы жинағындағы қаражатты молайту. Мұны Қазақстан сонау 1998 жылдан бері ойластырып, жинақтық жүйеге көшкен. Екі жыл бұрын Қазақстан жинақтық зейнетақы жүйесінің 20 жылдығын атап өтті. Жалпы алғанда, жинақта ақшаның көп болғаны мемлекеттік бюджеттің жүгін жеңілдетіп, зейнетке шыққанда шықырлатып көбірек ақша санап отыруға жақсы. Сөйте тұра, халықтың ерікті түрде жинаққа қаржы аударып, болашағын ойлауы үшін бүгіні жақсы өтуі керегін ескермесе болмайды. Себебі дәл қазір жалақыдан жалақыға сүйретіліп жетіп отырған адамның 30 жылдан кейін алатын зейнетақысын ойлап жатуға шамасы келмейді.Бізді сәбилер сақтайды
Қазір жас отбасы алғашқы баланы өмірге әкелуге асықпайтын болған. Өйткені зерттеулерге қарасақ, соңғы он жылда ерлер мен әйелдер еңбек нарығында аяғын нықтап басып алған соң ғана бас қосуға бел буады екен. Ана болуды кейінге шегеретін себеп – қыздардың білімге ұмтылысының артуынан. Әлбетте, білімді, білікті азаматтардың үлесі көп болса, экономикалық-әлеуметтік ахуалға оң әсері мол болады. Бірақ медицинадан белгілі болып отырғаны, әйел балалы болуға неғұрлым кеш шешім қабылдаса, соғұрлым аз құрсақ көтереді. Бұл пікірмен әлеументтанушы Рамазан Саттарұлы да келіседі. Сондықтан отбасы институтын нығайту керек деген пікірде. «Жастар бүгінде отбасын құруды кейінге шегереді. Өйткені білім алу, карьера құру, материалдық құндылықтарды реттеуді көздейді. Яғни, неке саны азаяды, тиісінше туу көрсеткіші де аз. Тіпті, шаңырақ көтерсе де, ондағы бала саны көп емес. Осылайша, жалпы есепте қарттардың үлес салмағы артады. Сондықтан халық қартаюын азайту үшін отбасы құндылығына насихат қажет. Демографияны көтеруге мемлекет баса назар аударуы тиіс», – дейді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ социология кафедрасының доценті Рамазан Салықжанов. Сарапшының сөзіне қосымша мынадай тенденцияны атап өтейік. Бүкіл әлемде де, оның ішінде Қазақстанда да урбанизация процесі қарқынды жүріп жатыр. Ал бұл дегеніміз шаңырақ санын азайтады. Мысалы, экономикалық ынтымақтастық және даму елдерінде қала халқының орташа үлесі 77 пайыз шамасында. Бізде соңғы он жылдың өзінде бұл көрсеткіш 58,4 пайызды құраған. Әлі де көбейіп жатыр. Сонымен бірге туу көрсеткішінің төмен болуы да дамыған елдерде бар, қай мемлекетті алсаңыз да, бір әйелге 2,2 баладан аспайды.Асыл әже, ғасыр әже немесе ұзақ ғұмыр
Халық қартаюымен қатар, өмір жасының ұзаруын да ескеру керек. БЖЗҚ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай ер адамдардың орташа жасы 78 болса, әйелдерде 83 болуы әбден мүмкін. Халық қартаюы мен орташа жастың егделенуі – бүкіл әлемде бар тенденция. Сарапшылардың сөзінше, бұған медицина сапасының жақсаруы мен апаттық жағдайлардың азаюы себеп болады екен. Бүгінде бір зейнеткерге 7 жұмыскерден келсе, отыз жылдан кейін екі есе азаяды. Бұл болса, экономикаға үлкен соққы. Тіпті, қауіптің қызыл деңгейі десек болады. Неге десеңіз, зейнеткерлерді бағып-қағу да, экономиканы дамыту да еңбекке қабілетті халықтың мойнына артылады. БҰҰ бекіткен жас көрсеткіші бойынша, Қазақстан «қарт» саналады. 2014 жылы орташа жас ұзақтығы 71,44 жас болса, төрт жылда 73,15-ке өскен. Негізі, бұл көрсеткіштің ұзаруы елдегі өмір сапасының жақсы екенін білдіреді. Қаннан қаперсіз қарттық күн кешіп отырғаны қуантарлық жағдай. «Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында қарттардың үлесі өте жоғары. Мысалы, 100 балаға шаққанда Павлодар облысында – 43, ШҚО-да 47 қарттан келеді. Бұл тенденция жыл өткен сайын өсе береді. Әрі басқа облыстар да қосылады. Қазақстан қарттардың белсенді өмірді жалғастыруы үшін Қартаю жөніндегі Мадрид халықаралық келісімін қабылдаған. Еуропа елдерінде бұл тенденциямен күресу үшін түрлі амал қолданып көрді. Қарттарға жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Осылайша, зейнетке шықса да, экономикалық белсенді қалыптан таймайды. Жасы қаншада болса да, білім ала алады. Қарттар өзін барынша дамытуға тырысады», – дейді демография магистрі Аяулым Сағынбаева. Қарттардың үлесін азайту үшін дүниеге келетін сәби санын көбейту керек дейді. Десек те, қазіргі таңда демографияға қатысты мемлекеттік идеология жұмысы білінбейді. Демографиялық дамудың жүйелік моделі жасалмаған. Әр балаға берілетін жәрдемақы ынталандыратын деңгейде емес. Алдағы халық санағында көрсеткіштерге қарап нақты жұмыс бағытын белгілеу керек. Олай болмаған жағдайда туу көрсеткішінің азаюы автоматты түрде қарттар санын көбейтеді. Бұдан туатын мәселелерді жоғарыда атап өттік. Адам – қай қоғамның болсын басты құндылығы. Адами ресурсты қажет еткен мемлекет бірінші кезекте халқын ойлайды. Туу көрсеткішін көтеру, ана мен бала өлімін азайту, ерлер өлімі көрсеткішін төмендету сияқты мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты. Еңбекке жарамды жұрттың үлесі көп болған сайын мемлекеттің жай-күйі де жақсарады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, туу көрсеткіші дағдарысын еңсергеннен гөрі оны дер кезінде реттеу әлдеқайда оңай әрі арзанға түседі екен.Жадыра АҚҚАЙЫР