Тәжікстанда 30 жастағы әйел 4 баласын тұншықтырып өлтірген, – деп жазады Tengrinews.kz.
Төрт бала ажал құшқан қайғылы оқиға 9 қыркүйекте Тәжікстанның Хатлон облысында болған. Ішкі істер министрлігі оқиғаның болғанын ресми түрде растады. Балаларын өлтірген әйел қамауға алынды.
Дереккөздің жазуынша, әйелдің аты-жөні – Назокатхон Тоирова. Екі күн бұрын ол балаларымен бірге ағасының үйіне барған. Назокатхонның күйеуі құрылыста жұмыс істеген.
Оқиға болған кезде Тоированың күйеуі үйде болмаған. Әйел 10, 8, 4 жастағы балалары мен 1 жасар сәбиін тұншықтырып өлтіріп, полицияға өзі барған. Өз кінәсін мойындады.
Өз баласын қатігездікпен өлтірген әйелдің қылмыс жасауға не түрткі болғаны белгісіз. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.