Шымкент ипподромы: дауға айналған алаң
Шымкент ипподромы: дауға айналған алаң
430
оқылды
Әрине, әзірге бұл – жоба. Де­генмен қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, қалаға 135 млрд теңге инвестиция тартуды көздеп отырған компанияның бұл ұсынысы жүзеге асатын сыңайлы. Алайда биліктің  бұл шешіміне көпшілік наразы. «Себебі Шымкент облысының бірінші хатшысы болып тұрған тұсында Асанбай Асқаров  салып кеткен бұл ипподромның орнына зәу­лім-зәулім тұрғын үйлер салуға болмайды», – дейді тұрғындар. Бір топ көпқабатты биік үй айналадағы жасыл желекті бүлдіреді десе, енді бір топ атшабар орны көшіріліп, ол аймақ заманауи үлгідегі демалыс орнына айналса деп жатыр. « Шағын және орта кәсіпкерлікті, ішкі ту­ризмді дамытатын дүние жасау қажет», – дейді тағы бірі. Бұл ай­мақ демалыс орнына айналуы тиіс. Себебі мұнда Наурыз алаңы, этно­ауыл, дендросаябақ бар. Тіпті, бі­реу­лер ипподромның мүлдем көш­кенін қаламайды. Наурыз алаңында ұлттық мерекенің салтанатты ша­расын тамашалаған жұрт этно­ауылда саяхаттап, ипподромда қыз қуу, көкпар, аударыспақ сияқты қазақтың ойындарын көруге ың­ғайлы  болар еді деп есептейді. Сон­дай-ақ бұл өзгерісті қоғам қай­рат­кері Асанбай Асқаровтың аруа­ғын қорлау деп қабылдап, қала бас­шысын қаралап жатқандар да жет­кілікті. Дауға айналып кеткен осынау жайт туралы әңгіме қайдан шық­ты? Жуырда қала әкімінің баспасөз қызметі BI Group компаниясының  Шымкентке 135 миллиард тең­ге инвестиция салуға дайын еке­нін айтып сүйіншілеген. Ком­пания басшылығы қаланың сол­­түстік бөлігінде 500 мың шар­шы метр аумақта заманауи әкім­шілік-тұрғын үй кешенінің құры­лыс жобасын ұсынған.  Осынау мәселені, яғни Бәйдібек би даңғылындағы ип­подром орнын­да пайда болатын бо­лашақ ке­шен тұжырымдамасының та­ныс­тырылымына Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Роман Ск­ляр, Шымкент қаласының әкі­­мі Мұрат Әйтенов, компания бас­шысы Айдын Рахымбаев қаты­сып, талқылапты. Ал басқосу ке­зінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев осы жоба іске асқан жағдайда қа­ланың даму мүмкіндіктері туралы жан-жақты түсіндіріп берген. – Бұл – өте үлкен жоба. Жоба іске асырылған жағдайда ондағы инвестиция көлемі 135 миллиард теңге, салықтық жеңілдіктер ша­ма­мен 15 миллиард теңгені құ­райды. Құрылысқа жалпы 6 000-ға жуық адам тартылады. Ал құрылыс аяқталғаннан кейін әлеуметтік және коммерциялық нысандарда шамамен 2 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мектеп, балабақша, білім беру орталықтары және тағы басқа нысандарды салу көзделіп отыр, – дейді Б.Мамыталиев. Дегенмен BI Group әзірге тек өз тұжырымдамасын ұсынған. Бар­лығы егжей-тегжейлі пысық­талғаннан кейін Шымкентте қо­ғам­дық тыңдау өткізілмек. Қала әкімі орынбасарының ай­туынша, қала басшысы қоғамдық тың­даулардың оң нәтижелерінен кейін, яғни жо­баны көпшілік қолдаса ғана қол қояды. Егер азаматтардың көпшілігі жобаны қабылдамаса, ол жүзеге ас­пайды.  Алайда билік тарапынан  бұл жобалардың мега­полистің ұзақ­мерзімді дамуы ая­сын­да қолға алы­натынын тереңінен түсіну қа­жетін ескертіп отыр.  «Жал­­­пы, бұл кешеннің қаланың одан әрі дамуына әлеуеті зор. Бұл кешен Наурыз алаңын Shymkent City қа­­лашығымен байланыстырады және бұл аумақ одан әрі тартымды бола түседі. Ипподромды көшіру 2018 жылы, Шымкенттің бас жоспары бекітіліп, қалаға респуб­ликалық мәртебе берілген кезде жоспарланған еді. Сол кезде жаңа ипподромның құрылысына шама­мен екі миллиард теңге қажет бол­ды. Егер жаңа әкімшілік-тұрғын үй кешенінің жобасы мақұлданса, ипподромды BI Group өз қара­жатына салып береді», – дейді қала әкімінің орынбасары. Әкімдік қызметкерлерінің ай­туын­ша, жалпы бұрынғы ип­по­дромның жері BI Group-қа те­гін берілмейді. Жер Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порация­сының үлесіне беріледі. ӘКК оны инвестициялық жоба ретінде жүзеге асырмақ. Сондай-ақ BI Group тұжырымдамасында тұрғын үй кешені аумағында ер­ек­ше балаларға арналған «Жұл­дыз-ай» оңалту орталығын салу да қарастырылып отыр. Мұндай орталықтар әзірге Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында ғана бар екен. Қала басшылығы Шым­кентке бұрын-соңды ешкім дәл осындай, яғни 135 млрд теңге ба­ғыт­тамағанын айтады. Сонымен қатар билік ерекше қорғалатын аймақ саналатын дендросаябаққа құрылыс жұмыстарының жақын­дамайтынына уәде бергенімен, ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясында салынған уақыт­ша құры­лым этноауылдың бұзыла­ты­нын ескертті. Бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланған осы ақ­параттан соң ел өре түрегелді. Жо­ғарыда атап өткеніміздей, мұндай шешімді көпшілік жеңіл қабылдай алмады.  Ал қызу талқыға түскен мәселеде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да үнсіз қалған жоқ. «Ипподромды көшіру туралы мәселе осыдан екі жыл бұрын мәслихатта бекітілген екен. Алайда 2-4 млрд теңге қаржы қажет болған соң бұл кейінге қал­дырылған. Жалпы, атшабардың санитарлық талапқа сай еместігі, яғни 50 шақты жылқы ұстайтын болса, оның арақашықтығы сақ­тал­уы қажет дейтін талап тағы бар. Атшабардың жанындағы 52 гектарды алып жатқан зообақтың бүгінде 30 гектары ғана қалғанын, 22 гектар жер кезінде сатылып кет­кенін де естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан ат шабатын ай­мақ тарлық етеді екен.  BI Group ком­паниясының басшылығы өзінің тұжырымдамасын ұсынғанда әкім оларға «4 млрд теңге болатын жаңа ипподромды салып беруге келі­сесіздер ме?», деп сұраған. Ал­ғашында ойланғанымен, кейін бұл шартқа келісті. Одан соң тұрғын үй салынатын аумаққа мектеп, емхана керек екенін ескертіп, «мұны да салып бересіздер ме?», деп сұрады. Компания бұл та­лаптарға да келісіп отыр. Одан бө­­лек, сол жердегі  тұрғындар се­р­уен­деп жүретін «Тұлпар» кө­лінің аумағын аббаттандырып беруді де міндеттеді.  Әрине, мұ­ның барлығы да компанияның ұсы­нысы. Шешім толық шыққан жоқ. Сондықтан әзірге байбалам сала беруге болмайды, қоғамның пікірі ескеріледі», – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. Осылайша, билік тарапынан әзірге ұсыныс деп, елге басу ай­тылуда. Дегенмен ипподром ди­ректоры Ғани Ахметов оның бас­­қа жерден салынатынын қуа­нышпен қабылдап отырғанын жет­­кізді. 40 жыл бұрын салынған ат­шабар қазіргі таңда тарлық етіп жатқанын айтады. «Сондай жыл­дамдықпен келе жатқанда ат­тарымыз құлап, мертігіп, талайы өліп те қалды. Біз «ипподромды қа­ланың шетіне шығарсаңыздар» деп Асқар Исабекұлы әкім болып тұрғанда ұсыныс жасағанбыз. Сол кезде жобалар басталған. Бүгін міне, көптен бергі ұсынысымыз қа­былданатынына қуанып отыр­мыз», – дейді ол. Сонымен қатар зиялы қауым өкілі, белгілі жазушы Мархабат Байғұт та жаңалықты жатырқамауды, пайдалы, жарқын болашаққа қызмет ететіндей бол­са, қолдау қажетін айтады. Мега­полистің халқы күннен-күнге кө­бейіп жатқанын, тұрғындардың тұр­ғын үй тапшылығын сезініп отырғанын айтып естен шығар­мағанымыз жөн екенін ескертеді. Ipadrom Қалай болғанда да, бұл мәселе таразының екі басында тұр. Құп­таушылар да, даттаушылар да көп. Әкімдік тарапынан жаңа ипподром үшін қала сыртынан 24 гектар жер бөлінгенін ескерсек, бүгінгі қол­даныстағы ипподромның әй­теуір бір маңызды құрылысқа жұм­­салатыны анық. Ал енді 135 мл­рд теңге қаржы бағыттайды деп BI Group компаниясының қар­жы­сына қызығатын болсақ, онда тұр­ғын үйлерге айналған аймақтың келешегін де ойлауымыз керек. Ертең талап бойынша тұр­ғын үй­­лердің маңында зообақ ор­на­ласуға болмайтындықтан, зо­обақ­ты да қаланың шетіне шы­ғарып жібермесіне кім кепіл?! Айта кетейік, біздің биліктің жүйе­сіз құрылыстар үшін наразы болған халыққа берер жауабы: «пә­лен адам жұмыспен қамтылды» бо­лыпты. Сонда жұртты жұмыспен қамту үшін бүтінді бүлдіру деген қайдан шықты? Мәселен, Шымкент қаласындағы айналасы жұп-жұмыр әп-әдемі Шәмші аллеясының астан-кестеңін шығарып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанына да көпшілік наразы болды. Ал осы кезде әкімдік та­рапынан дәл жаңағыдай жауап берді. Қалаға маңызды құрылыс жұмыстарын жасар кезде сәулет-құрылыс сала­сы мамандарының ар­найы ке­ңе­сі керек-ақ.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы