– Нәтижесінде, қолданып үлгерсе де, үлгермесе де тыйым салынған заттармен тестілеуге кірген талапкерлердің нәтижелерін бірден жою тетігі енгізілді. Ал осы заттарды алып кіруге әрекет еткендер емтиханға жіберілмейтін болды. Бұрын металл іздегіш құралдар арқылы тексеру кезінде телефон табылса, жай алып қалатын едік, бірақ талапкер тестілеуге қатыса беретін. Сонда мұндай ереже бұзушы балалар саны еліміз бойынша 100-150 мыңнан асатын! – дейді министр.
Осылайша, тыйым салынған заттарды емтиханға ала кіруге әрекет ететіндер саны 70 есеге азайды: 2019 жылы 128 мыңнан астам телефон табылса, 2020 жылы олардың саны 2 500-ге жуық болды.
«Емтихан қорытындысын жою фактісі болса, 100 есеге көбейді: 2019 жылы 128 телефон алып кіру фактісі орын алып, 24 талапкердің ғана ҰБТ нәтижелері жойылса, ал 2020 жылы тыйым салынған заттар табылған барлық 2 500 адамға қатаң шара қолданылды», – деді ол.
Тағы бір жаңалық: биыл ҰБТ өткізу ережелерін бұзғаны немесе жұмысты нашар ұйымдастырғаны үшін 20-дан астам комиссия мүшесі мен басшысы жазаланыпты. БҒМ бірнеше пунктте жаппай бұзушылықтардың ашық және өрескел түрде орын алуына байланысты тестілеуді мүлдем тоқтатуға және басқа күндерге ауыстыруға мәжбүр болды. Мұндай жағдай Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында кездесті.
ҰБТ-да комиссия құрамында бірнеше мың адамды ұстау үшін 1,5 миллиард теңге жұмсалған. Ведомство алда осы істі цифрландырып, комиссиялардан бас тартпақ ниетте. Бұл рәсім заманауи прокторинг пен бейнебақылау жүйесі енгізілген электронды форматқа өтеді.
– Сұрақтардың мазмұны әлі де көңілімізден шықпайды. Соңғы бірнеше жылда тестілеу сұрақтарының базасын жаңарту бойынша жұмыс жүргізілгеніне қарамастан, сұрақтардың басым бөлігі әлі де қажетсіз фактілерді жаттап, есте сақтауға бағытталған. Функционалдық сауаттылыққа мән беру және білімді өмірде қолданатын кез келді. Енді алдымызда тест базасын SAT, PISA секілді тестердің үлгісі бойынша толық жаңарту мәселесі тұр. Бұл мүлдем басқа сипаттағы тапсырмалар, яғни тесте жаттап алуға, көшіруге мүмкіндік бермейтін сұрақтар болуы керек, – деп түйді А.Аймағамбетов.