Қазақстанда жапондық медициналық орталық пен жапондық технологиялар негізінде криптовалюталық биржа ашылады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінде онлайн режимінде жалпы сомасы 46 млн АҚШ долларын құрайтын Қазақстандағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі қазақстандық және жапондық компаниялар арасында екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті.
Атап айтқанда, Атырау қаласында Жапонияның заманауи медициналық құралдарымен жабдықталатын көпфункционалды диагностикалық орталық ашылады. Келісім аясында қазақстандық медициналық мамандарды Жапонияда даярлау және оларды тағылымдамалардан өткізуді көздеп отыр. Орталық Қазақстанның емделушілері ғана емес, сондай-ақ жақын және алыс шет елдердің емделушілер үшін медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Жобаға 25 млн АҚШ долларын жұмсау жоспарлануда.
Бұдан бөлек, «Астана» Халықаралық қаржы орталығынның (АХҚО) қызметін дамыту аясында жапондық «Smart EcoSystem», «Number One Solution», «SObjects» және «Nippon Investment Operating Company» компаниялары жапондық «Wi-Sun&Wi-Ran» технологиясы негізінде өндіріс, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және коммуникациялар салаларына цифрландыру және блокчейн-технологияларын енгізу бойынша жобаны іске қосады. Сондай-ақ, АХҚО-да «Security Token Offering» платформасында криптовалюталық биржа ашылады. Бастапқы кезең 13 млн. АҚШ долларын талап етеді.
Сонымен қатар, жапондық «Nippon Investment Operating Company» және «Snin EiТec» компаниялары қазақстандық «Өмірзақ Сервис» компаниясымен бірлесіп Атырау облысында мұнай өңдеу, тау-кен өндіру және құрылыс салалары үшін металл өнімдерін шығаратын құны 8 млн. АҚШ долларын құрайтын зауыт салу бойынша уағдаластыққа қол жеткізді.
Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев COVID-19 коронавирусының пандемиясынан туындаған экономикалық турбуленттілікке қарамастан, жапондық инвесторлар Қазақстанда жасалған тиімді инвестициялық жағдайларға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, аталған жобаларды іске асыру жөніндегі уағдаластықтар шағын және орта бизнес нысандары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін көрсетеді, атап айтқанда, осындай компаниялар Жапонияда компаниялардың жалпы санының 99,7% және елдің ЖІӨ-нің 50% құрайды. Жапония 1993 жылдан бері 7,3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған Қазақстанның ірі инвесторларының бірі болып табылады.