Қорқыт – жырдың бесігі
Қорқыт – жырдың бесігі
424
оқылды

«Рухани жаңғыру құнды­лық­тары біздің басты руха­ни бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым мен білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы халқымыздың бойындағы асыл қасиет. Бұл қасиеттер халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасам­паз­­дығын нығайтады, бә­се­кеге қабілетті ел болу­ға жол ашады. Қазақ­станды болашаққа бас­тай­тын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақ­ты тәрбиелеуге бағыт­тауы­­­мыз қажет» деген еді Пре­зидент Қ.Тоқаев. Со­ған орай, еліміздегі Жас­тар жылы аясында ұрпақ­тар са­бақтастығын жаң­ғыр­­та отырып, түркітілдес елдер жастарының «Қор­қыт және Ұлы дала сазы» ха­лықара­лық фестивалі өтті.

Биыл бесінші рет өткен бұл шара үш күнге созылған. Мұн­дағы мақсат – жастардың қарым-қатынасын нығайту, ор­тақ тарих пен құндылықтарды наси­хаттау, жастар саясатында оң бастамалар бойынша тәжірибе алмасу. Себебі фестивальға Иран, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің әр өңірінен белгілі ғалымдар мен өнер иелері қатысқан.

– Сырдариясы жыр дария­сы­­на ұласқан, ойшыл абыз Қор­­қыт ата туып-өскен барша түр­кі халқының байырғы Ота­ны, Елбасы Алаштың ана­сы­на балаған Сыр елі – ежелден мәде­ниеті дамыған, өнердің киесі дарыған киелі мекен. Қор­­қыт ата мұралары БҰҰ жа­­­нын­дағы ЮНЕСКО-ның ғалам­дық материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген. Бұл – тек Сыр елінің ғана емес, барша түркі жұртының қуанышы. Ұлы ойшыл, абыз Қорқыт атаның мұраларына арналған бұл фестивальдың келер ұрпаққа берері көп. Бүгінгі таңда облысымыздың 7 ауданында қо­быз үйірмелері ашылып, осы өнерге жас жеткіншектердің қы­зығушылығы күн санап артып келе жатқанын мақтанышпен айт­қым келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов фестивальдың ашы­лу салтанатында.

Бұған дәлел – «Қорқыт. Қо­быз» атты республикалық қобыз­шылар мен қобыздың сүйе­мел­­деуімен жыр айтушылар­дың байқауы. Былтыр өткен шара ай­мақта алғаш рет ұйым­дас­тырылған еді. Бүгінде Қор­қыт­­­тың күйлері еліміздің түк­пір-түкпіріндегі жоғары оқу орын­­дарында шәкірттерге үйре­ті­ліп, әлем сахналарында орын­далу­да.

Фестивальға қатысқан ха­лықа­ралық ТҮРКСОЙ ұйы­мы­­ның бас хатшысының орын­ба­са­ры, доцент, ғылым док­торы Чакыд­жы Билял ыстық ықы­ла­сын білдірді.

– Біздің ата-бабаларымыз Сыр­дың бойында өмір сүрген. Кейін осы жерден кетіп, бір-бір ұлтқа, үлкен мемлекеттерге айналдық. Қанша ұлттың өсіп-өнген құт мекені аман болсын. Бұл – әлемнің ең мықты сурет­ші­­лері сала алмайтын, барша ақын­дар жиылып сөзбен жеткізе алмайтын тамаша көрініс, – деді ТҮРКСОЙ ұйымының Қазақ­стан­дағы өкілі, доцент, фило­ло­гия ғылымдарының кандидаты Асқар Тұрғанбаев.

Фестиваль сахнасының шы­мыл­дығы қаймағы бұзылмаған саф өнердің жалғастырушысы сыр­бойылық жыраулар жыры­мен түрілді. Атап айтқанда, Өзбек­станда өткен халықаралық бахшы жыр фестивалінің бас жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Ұлжан Бай­бо­сынова, есімі елге белгілі жыр­шы-жы­рау­лар Бисенбек Төлеу­баев, Күнсұлу Түрікпенова, Әділ­хан Қуаңбаев мақам сазды мар­жандай төгіп, айналаны жырмен көмкерді.

Фестивальдың екінші күні «Қо­рқыт ата мұраларының түр­­кі әлеміндегі ролі» атты ха­лық­а­ра­лық ғылыми-теория­лық кон­фе­ренциясы өтті. Бұл бас­қо­суда облыс әкімі Қуаныш­бек Ысқақов сөз сөйлеп, «Рухани жаңғырудың бастауы – ұлттық құндылықтар болса, Қорқыт ата мұрасының біз үшін орны бөлек. Осы ретте түркі халықтарына ортақ баба мұрасын насихаттай отырып, бірлігіміз бен ынтымағымызды нығайту, әде­биетіміз бен өнерімізді дамыту – зор жетістік.

Дәстүрлі өнер фестивалінің біз­дің өңірде өтуінің өзіндік мә­ні бар. Қызылорда қаласы ХХ ға­сырдың 20-жылдары Қа­зақ елі­нің астанасы болды. Ерте за­мандарда Сыр бойын ме­кен­деген тайпалар көне түркі мем­ле­кеттерін құрып, оларды Ұлы Жібек жолындағы саяси ортаға айналдырды. Сондықтан Сыр елі түбі бір түркі мәдениетінің мұра­гері ретінде Қорқыт мұрасын дәріптеуде алда жүруі тиіс» деген лебізін жеткізді.

Аймақ басшысының айтуын­ша, фестиваль Елбасының қол­дауы­мен алғаш рет 2006 жылы ұйым­дастырылып, содан бері үзілген емес. Бастаманы жүзеге асыруда облысты басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың да үлесі зор. Осы уақыт аралығында тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғы­лы­ми-әдістемелік кеңес құрып, баба мұрасын зерттеу бағытында біршама жұмыс атқарды. Қор­қыт ата кесенесі Елбасы тап­сыр­­масымен 2015 жылы қай­та жаңғыртылып, зиярат ету ор­­талығы қоса салынды. Кешен бү­­кіләлемдік EXPO – 2017 көр­ме­с­і нысандарының бірі болды. Ең басты жетістік, былтыр Мав­рикийде өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата мұрасы БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізімі­не енген. Бұл – маңызды жетістік. Бес жылдан кейін материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жө­ніндегі комитет алдында Қор­қыт ата мұраларын дамыту бағы­тындағы жұмыс бойынша есеп беруде. Мұндай қадам бар­ша түркі әлемінің рухани тәлім­ге­рінің шығармаларын сақтап қана қоймай, оны болашақ ұр­пақ­қа жет­кізіп, баба мұрасын наси­хат­тау аса маңызды.

– Бүгінде түркітілдес халық­тар­дың әрқайсысы оны өзіне икемдеп алған. Қорқыт бірінде – абыз қарт, екіншісінде – жыршы-жырау, енді бірінде – аңыз-әпсана кейіпкері. музыканың атасы не­­месе мәңгілік өмір іздеген жи­һан­кез ретінде белгілі. Қорқыт тұлғасы Ұлы даланың ежелгі тарихында теңдессіз болып, көне түркі халықтарының санасында өшпестей із қалдырды. Арғы дә­уірде ерекше ардақталып, миф­тік кейіпкер дәрежесіне де­йін көтерілді. Кейінгі дәуір оқиғалары да оған нұқсан кел­­тіре алған жоқ. Халық сана­сын­да әбден орныққан қасі­­ретті жыл­дардың мифтік-фольк­лор­лық туындыларынан Қорқыт атаның өміршең кейіпкерге ай­налғанын көреміз, – деді М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титутының дирек­торы, Қа­зақ­станның еңбек сіңір­ген қай­­­­­раткері, филология ғылым­да­­­­­рының докторы Кенже­хан Маты­­­жанов.

Қорқыт бейнесін нақты­лай­тын уақыт жеткенін атай оты­рып, «Қорқыт қобызшы ма, әлде жырау ма?» деген сұ­рақ­­қа Қазақ ұлттық қыздар педа­го­гикалық университетінің ка­фе­дра меңгерушісі, фило­ло­гия ғылымдарының докторы, про­фес­сор Тынысбек Қоңырат­баев жауап беруге тырысты.

– «Қорқыт ата» кітабында оның қобызын ұстап, ел аралап, жыр айтып жүретіні жазылған. Кейінгі уақытта мұны «қобызбен күй тартқан» деп алмастырып та айтады. Осындай текстологиялық айырмашылықтан көпшілікте екіұшты пікір қалыптасып отыр. Қорқыттың заманында ысқышты музыкалық аспап болған жоқ. «Қорқыт ата» жазбасының әзір­байжандық нұсқасында баба­мыздың қылқобыз пайдалан­ғаны келтірілген, – деді ол.

Мәдени шарада өзге де шетел­­дік және отандық ға­лым­­­дар түр­кі әлеміне ортақ ой­­шылдың бей­несін жан-жақ­ты ашып көр­се­­туге ты­рыс­ты. Қазақстанның ең­­бек сіңірген қайраткері, Құр­­­­ман­­ғазы атындағы Қазақ ұлт­­тық консерваториясының аға оқы­­­тушысы, филология ғы­лым­­­­­дарының кандидаты Ұл­жан Байбосынова Ұлы дала­ның ұзанынан бастау алатын Сыр бойын­дағы эпикалық-жыр­шылық дәстүр жайында айтып, Майлы-қожа, Мәделі­қожа, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Жиенбай, Тұр­­мағамбет, Нұртуғандардың өне­­рінің өріс­те­уіне негіз бол-
ған – Қорқыт даналығы деген сенім біл­­дірді.

Сонымен бірге Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмасбек Алматов жыршылық-жыраулық өнер өкілдерін жоға­ры оқу орындарында оқыту, оларды кәсіби білікті маманға айналдырудың өзекті мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Қор­­қыт атаның мұрагерлері – жыршы-жыраулардың қоғамда орындаушы күйінде қалып қоймай, рухани-ағартушылық жетекші факторға ие болуы үшін оларды мәдениет, өнер, бі­лім салаларында білікті маман етіп дайындаудың маңызы зор. Демек, бүтін оқу кешенін ғылы­ми тұрғыдан негіздеу керек. 90-жылдардан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­­ле­кеттік университетінің жанын­да осы бағытта жұмыс атқарып келе жатқанын айтып, дәстүрлі өнер мамандығының мемлекеттік стан­дартын бекіткенін жеткізді. «Келешекте Қызылордада музыка және өнер лицейін ұйымдастыру көзделіп отыр. Осылайша, 16 жас­қа дейінгі оқушылардың ха­лықа­ралық өнер алаңын қалып­тастыруға ниеттіміз» деді фольклортанушы-ғалым.

Осы жолғы өнер фестивалінің ең басты ерекшелігі – облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бастамасымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Қорқыт атаның даналық сөздері» кітабы шықты. Кітапты құрастырушы және жоба авторы – орталықтың бөлім басшысы, түркітанушы, филология ғылымдарының кан­­­­­дидаты Серікбай Қосан. Атал­­­ған еңбек 3 мың данамен «Тұмар» баспасынан жарық көр­ді. Мәтіндердің қазақ ті­лін­­дегі нұсқасы профессор Б.Ыс­қа­қовтың аудармасы негізінде әзір­ленген. Ал орысша мәтіні 1965 жылы «Книга моего деда Коркута» атты В.Бартольдтің ау­дармасы негіз болып отыр. Орыс, ағылшын тіліндегі нұс­қа­­лары Ұлттық аударма бю­ро­сы ма­мандарының көмегі­мен әзір­лен­ді.

Сөйтіп, шара Қармақшы ауда­нындағы «Қорқыт ата» ескерт­кішіне бару сапарымен қорытын­ды­­­ланды. Онда сырбойылық қол­­­өнер шеберлерінің ұлттық бұйымдар жәрмеңкесі, «Алтыба­қ­ан» жастар ойын-сауық бағдар­ла­­масы, фестивальдің салтанатты түр­­де жабылу кеші болды.

А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Қор­­­­қыт және Ұлы дала сазы» халықа­ралық фольклорлық өнер фестивалі аясында «Тұран – түркі есігі, Қорқыт – жырдың бесігі» атты концерт өтті.

 

Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы