Кеше «Караван» газеті жас Абайдың бұрын жарияланбаған суреті деп белгісіз бір адамның фотосын жариялады. Суретке «Фото – Абай (Ибрагим) Кунанбаев. Омск, 1868 год. Фото И.А.Кесслера (в оригинальном разрешении публикуется впервые)» деп атауын да жазып қойды. Сол-ақ екен әлеуметтік желіде «Жас Абайдың» суретін жарыса жариялап, сүйінші сұрап жатқандар көбейіп кетті.
Белгілі жазушы Бейбіт Сапаралы facebook-тегі парақшасында «Ибраһим Құнанбайұлы. Омбы. 1868 жыл. Фото Кесслер» деп суретті бөлісе бастағаны сол еді, түрлі қарсы уәж айтыла бастады.
Семейдегі Абай қорық-музейін біраз жыл басқарған Жандос Әубәкір «Бұл Абай фотосы емес қой... бұл жөнінде бұрын пікірлер жазылып еді...» деген пікір қалдырды.
Оларға жазушы «Әлкей Марғұлан тапқан фото қайтадан айналымға түсіп отыр. Сол себепті қарсы айтылған уәждерді де сілтемесін беріп көрсетіп қойсақ. ...Марғұланды жоққа шығару үшін мұрағатта көп жыл еңбек еткен абайтанушы ғалымның зерттеулеріне сілтеме қажет» деп абайтанушылардың суретке қатысты пікір білдіруін сұрады.
Абай табырыбына бойлап жүрген, жазушы Арман Әлменбет керісінше, суретті facebook-тегі парақшасында жариялап, «бұл Абай емес» деген жазба қалдырды.
«Мына сурет жетпісінші жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан. Абайдың жас кезі деп. Мен оны тауып, мәз болып, шығармақ болғанмын. Сөйтіп, Төкен Ибрагимге, Тұрсын Жұртбайға, Қасым Аманжолға хабарласқанмын.
Төкен Ибрагим жақсылап бір күліп алды. Амантай Сатаев сол уақытта-ақ бұл Абай емес екенін дәлелдеп тастаған деді.
Тұрсын Жұртбай естеліктегі Абай бейнесі мен суреттегі бейнені салыстырып, Абай емес екенін өзі дәлелдеп берді. Менің көңілім су сепкендей басылды. Негізі сол кезде Тұрсекеңнің сол сөзін жазып алу керек еді. Әлкей Марғұлан шығарса, ол кісіге қарсы шыққым келмейді, бірақ Абай мен мына суреттегі адамды салыстырсақ деп бастап, құлағы... ерні... деп керемет талдаған енді. Қысқасы, бұл Абай емес. Өкінішті болса да солай» деді Арман Әлменбет.
Бейбіт Сапаралы болса, Арманның бұл жазбасын сынға алды.
«...Төкен Ибрагим күлді дейсің. 1976 жылдан бері қырық жылдай Абай музейінің директоры болып тұрған кезінде бірде-бір жинақ, зерттеу еңбек шығармаған, Абайды зерттеуде бейпіл әңгімелерімен пайдасынан гөрі зияны тиген адамға көзі тірісінде талай сын айтып, мемхатшы мен министрлер алдында ашық мәселе қойып, қызметтен әрең босауына себепші болғанбыз.
Амантай Сатаев пен Тұрсын Жұртбайды да 1980 жылдан бері өте жақсы білеміз, танимыз. Әлкей Марғұлан ақсақалдың үйінде де көзі тірісінде талай болғанбыз.
Мына фотоға бір қараған адам Ибраһимге ұқсамайды деп бірден айта бастайды, оған дау жоқ. Бойы, тұрқы, иығы, бет-әлпеті келмейді дейді. Тақиясы Тобықты үлгісінде емес дейді. Кеудесінде таққан Ресей медалін алмаған дейді. Тап сол 1868 жылы Омбыға бара қоймаған дейді. Тәттімбет болуы мүмкін дейді. Кесслер Абайды фотоға түсірмеген дейді. Осылай тізе беруге болады. Дегенмен, Абай мұрасын зерттеу құр бос долбарға құрылмауы тиіс. Нақты бұлтартпайтын дәлел қажет» деді Бейбіт Сапаралы.
Айтпақшы, бұл сурет «Караванда» алғаш рет жарияналып отырған жоқ. Әуелде, 70-жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Бірер жыл алдында Әдібай Табылды ақсақалдың балаларға арналған бір кітабының сыртқы мұқабасына «24 жастағы Абай» жариялады.
Осы кітапты жарыққа шығарған «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, суреттегі адамның Абай екенін сүйіншілей хабарлады. Бұл сурет шынымен Абайдың нақ өзі болса неге Семейдегі Абай музейінде неге сақталмаған? Осы сұрақты сол кездегі Абай қорық-музейінің басшысы Жандос Әубәкірге қойғанбыз.
«Рас, 1970 жылы Әлкей Марғұлан «Жас Абайдың фотобейнесі» атты мақаласында осы фотоны жариялайды. Бірақ сол кезде бұл суреттің Абайдікі емес екенін дәлелдейтін мақалалар мен хаттар жазылады.
Абай музейінің ғылыми қызметкері Мұздыбай Бейсенбаев Әлкей ағамызға хат жазып, оған бүкіл мұражай қызметкерлері қол қойып жіберген. Амантай Сатаевтың мақаласы мен Мұзтыбай Бейсенбаевтың хатына Әлкей Марғұлан еш жерде қарсылық білдірмеген. Соған қарағанда ондағы пікірлермен келіскен болуы керек.
Абайдың осы уақытқа дейін сақталған екі фотосуреті бар. Екеуі де Абай музейінде сақтаулы. Сіз айтып отырған суреттегі адам Абай емес» деп жауап ол.
Жандос Әубәкір – тарихтағы бірнеше тұлғаның фотосуретін тауып, дәлелдеген зерттеуші-ғалым. Ресей Ғылым Академиясының Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және Антропология институтының архивіндегі этнограф Ф.А.Фиельструптың жеке қорынан 1927 жылы түсірілген Жаяу Мұсаның суреті тауып, елге әкелді.
Сол сияқты арнайы ғылыми іссапар барысында Қазан мемлекеттік университетінің Н.И Лобачевскиий атындағы ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар мен кітаптар бөлімінен Шәкәрімнің бүркіт ұстап тұрған фотосуретін тапты.
Суреттегі адамның Шәкәрім екенін нақты құжаттар арқылы дәлелдеді. Сондықтан жас Абайдың суреті мәселесінде де Жандос Әубәкірдің пайымына тоқталғанымыз жөн секілді.
Сіз қалай ойлайсыз? Абайтанушы ғалымдар не дейді екен?