Еуразиялық одақ аясында ортақ валютаны енгізу тақырыбын алпауыт көрші ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы басталғалы дүркін-дүркін көтеріп келеді. Жай айта салғаны ма? Жоқ, қайта салмағы бар. Ресей осы арқылы ақпараттық, идеологиялық, психологиялық кеңістікті дайындауда. Әр мәлімдеме астарында халықтардың қазірден бойы үйренсін, идея көз отықты, құлақ сіңісті болсын деген ниет жатыр.
Сонда саяси технологиялар тілімен айтқанда, адамдар ақыры ортақ валютаны «қашсаң құтқармас зұлымдық» (неизбежное зло, inevitable evil) деп қабылдап, мойынсұнады. Бұл, әрине, елдік үшін қауіпті.
Ресейлік «Российская газета» басылымының таяудағы, 25 қыркүйектегі №216 федералдық шығарылымында жарияланған сұхбатында Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов қазақ елі тәуелсіздігінің символы – қаржылық-валюталық егемендігінің болашағына шүбә келтіргендей мәлімдеме жасады.
«Қалай ойлайсыз, ортақ валюта – рубль ме, әлде алтын ба?» деген журналист сұрағына Бельянинов мырза: «Ары қарай да ортақ валюта атауына қатысты қиялдай беруге болады. Бірақ оның қажеті қанша?! Менің ойымша, атауы рубль болады. Өйткені ол бес елдің экономикалық кеңістігінде кең қолданылады», – дейді.
Атап өткен жөн, ЕАДБ-ның құрылтайшысы ретінде Қазақстан халықаралық бұл ұйымға мол жарна аударып отырғандықтан, Андрей Бельяниновтің аста-төк жалақысы мен бонустары біздің елдің бюджетінен де қалыптасып отыр деуге толық негіз бар.
Бұл сорақылыққа салаға жауапты ведомствомыз қалай жауап берді? Ұлттық банк өз мәлімдемесінде ең сыпайы сөздерді тергені байқалады. Соған уақыт жоғалтты ма, кім білсін, әйтеуір, Қазақстанның орталық банкінің жоққа шығаруы тек екі күннен кейін, 27 қыркүйекте ғана жарияланды.
«Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес Еуразиялық даму банкі ЕАЭО-ның жұмыс органы болып табылмайды және оның қызметі шартта көзделмеген. ЕАДБ – ЕАЭО туралы шарттан тыс мемлекетаралық келісім негізінде құрылған. Қазіргі уақытта Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан – ЕАДБ мүшелері. ЕАДБ басшылығының пікірі шындыққа жанаспайды және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қабылданған уағдаластықтарға қайшы келеді», – дейді қаржылық реттеуші.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов сөзі одан өткірлеу болды. Ол мұндай мәлімдемелердің салмақты негізі жоқ деген ойда.
– ЕАДБ интеграциялық сипаттағы инвестициялық жобаларды қаржыландыратын халықаралық даму институты ғана. Сондықтан оның ЕАЭО аясында ортақ валюта енгізу мәселесін талқылауға рұқсат-мандаты жоқ! Меніңше, бұл Андрея Юрьевичтің сарапшы ретіндегі жеке ұстанымы ғана, ал жеке пікірін білдіруге әркім құқылы, – деді Б.Сұлтанов.
Ол сарапшылар да, ақпарат құралдары да әртүрлі алаңдарда жиі-жиі әрі еш себепсіз ортақ валютаға көшу мәселесін көтере беретінін еске салды. Ал Еуразиялық одақтың барлық органдарының негізгі міндеті – елдер арасындағы сауда кедергілерін жою, бұл үшін үшінші елдерден келетін тауарларға бірыңғай талаптар мен ортақ стандарттарды енгізу.
– Азаматтарымыздың санасына мына жайтты мәңгілікке сіңіргеніміз маңызды: ЕАЭО нормативтік базасы әрбір мүшесінің егемендігін қатаң сақтайды. Валюталық реттеу және сауда есеп айырысуларын өткізу мәселелері де әр елдің өз құзырында. Қайталап айтамын: Еуразиялық одақта ортақ валюта енгізу жоспарланып отырған жоқ! – деді Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов.
Жалпы, ортақ валюта енгізу, соның ішінде Ресейдің ұлттық валютасын одақ елдеріне ортақ ету мәселесін солтүстік көршінің саясаткерлері мен сарапшылары жоғары деңгейлерде көтеріп келеді. Мәскеуде мысалы, РФ парламенті сенатының – Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенко ортақ валютаның белсенді жақтаушысы саналады. Кезінде алтынды енгізу бастамасын қызу қолдаған да сол болатын. Ал жақында Матвиенко ханым беларустік ОНТ телеарнасының эфирінен Ресей мен Беларусь тез арада ортақ валютаға көшуге тиістігін мәлімдеді. РФ Сенаты басшысының айтуынша, онсыз «бірыңғай қаржылық саясатты жүргізу қиын».
Мұндай бастамаларға Беларусь президенті Александр Лукашенко өз ойын білдірді: «Біз ортақ валютаға қарсы емеспіз. Бірақ ол Ресей Орталық банкінің банкноты емес, нағыз ортақ валюта болуы тиіс. Тиісінше, тең жағдайда құрылған эмиссиялық орталық болуы шарт», – деді Беларусь көшбасшысы.
Ресейдің валюталық жоспары екі елмен шектелмейді, оның ыңғайына жығылса, саясатын бұрынғы кеңестік республикалардың бәріне жаймақ ниетте. Бұл үшін алдымен көрші екі ел аясында ендіру арқылы үлгісін көрсетпек.
РФ Қаржы министрінің орынбасары Алексей Моисеев өткен жылдың желтоқсанында 2020-2021 жылдары Еуразиялық экономикалық одақ аясында «ортақ цифрлық валюта» пайда болуы мүмкін екенін жариялады. Осылайша, оның жоспарынша, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Армения және Белоруссия сонау 1979-1998 жылдары Еуроодақта және оның валюталық жүйесінде пайдаланылған ECU валюталық бірлігінің баламасына көшуі қажет.
Алпауыт көршінің бұл жоспарының қазір орындала қоюы неғайбыл. Оған негіз де жоқ: Еуропаның өзі ортақ валютаға ұзақ жүріп жеткен. Егер ЕО тарихы 1951 жылы алты мемлекет «Еуропалық көмір мен болат бірлестігін» (ECSC) тағайындау туралы шартқа қол қойғаннан басталатынын, одақтың өзі тек 1992 жылғы Маастрихт шартымен заңды түрде бекітілгенін ескерсек, ортақ валюта енгізілгенге дейін олар жарты ғасырдай уақыт жұмсаған болып шығады.
Ал Ресей ЕАЭО лидері ретінде ортақ валютаны онжылдық ішінде енгізіп тастауға ұмтылатыны аңғарылады. Егер Батыс ауыр санкцияларымен таптап жатқан рубль ортақ валютаға айналса, онда Ресей валютасы жарға жығылғанда, барлық одақтас бес мемлекеттің қаржылық жүйесін өзімен бірге құрдымға ала кетпек.
Ортақ валютаға қатысты қауесеттер ара-тұра өз елімізден де шығып тұрады. Мәселен, биылғы маусым айының соңында WhatsApp және әлеуметтік желілерде «2019 жылғы тамыз айынан бастап, теңге орнына «алтын» атты жаңа валютаның енгізілетіні» айтылған хабарлама таралды. Мұны «экономикалық диверсияға шақыру» деп бағалаған Ұлттық банк оның авторлары мен таратушыларын қылмыстық қудалау үшін құқық қорғау органдарына жүгінгенін жариялады.
Мұндай өсектің тарауына қаржылық реттеуші тарапынан түсіндірме жұмыстарының аздығы, барының мазмұнының таяздығы да ықпал ететіні құпия емес. Осы орайда, «неге одақтың ортақ валютасы қолданысқа енгізілмейді?» деген сұраққа қаржылық реттеушінің жауабындағы дәйектерге тоқталсақ.
Бірінші дәлел – Ұлттық банктің байламынша, «бұл одақты құрған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қайшы». Бұл құжат ЕАЭО-ның құқықтық порталында (https://docs.eaeunion.org) мүше бес елдің мемлекеттік тілінде, соның ішінде қазақша орналастырылған. Расында, онда алтын не ортақ рубль туралы ештеңе де айтылмаған. Бірақ ортақ валюта енгізуге тыйым салынады деген де сөз жоқ.
Одақ туралы құжат қатып қалған догма не қасиетті кітап емес. Оған 2014 жылдан бері талай өзгеріс енгізілді де. Демек, жылдар өте келе, осы бағытта да өзгеріс енгізілмесіне кепілдік бар ма?
Қаржылық реттеушінің тағы бір дәлелі – «Еуразиялық одақ елдерінің экономикаларының құрылымы мен мөлшері, жүргізіп отырған ақша-кредиттік және салықтық-бюджеттік саясаты, төлем балансының жай-күйі арасындағы елеулі айырмашылықтар бірыңғай валюта енгізуге мүмкіндік бермейді». Бұлары теңелсе, айырмашылығы жойылса, теңге ысырылып, өз орнын ортақ валютаға бере ме? Оған да жауап жоқ.
Қазақстандық экономист Айдархан Құсайынов болашақта Еуразиялық одақтың ортақ валютасын құру әбден мүмкін екенін, бірақ оның қазақтарға еш қажеті жоқтығын айтады. Себебі кез келген мемлекет үшін ұлттық валюта – экономикалық тәуелсіздігінің рәмізі.
Бұл ретте АҚШ-тың экономикалық және идеологиялық экспансиясына, миграциямен күреске және басқа да жағымсыз құбылыстарға бұрыннан бірлесе қарсы тұрып келе жатқан әрі тарихта біртұтас Рим империясының құрамында біріккен тәжірибесі бар Еуропаның үлгісі бізге көшіруге жарамайды.
– Кез келген егемен экономика үшін егемен валюта қажет. Ал ортақ валюта – біртұтас саяси кеңістіктің ұстыны. Ресейліктердің осы мәселені үнемі қаузай беретіні де сондықтан. Бұған қоса, эмиссиялық орталық қызметі қай елге берілетініне қатысты мәселе бас көтермек: яғни, ортақ валютаны қай мемлекет басады? Еуропа елдері өз егемендігінің бір бөлігін ұлтүстілік органға беру жөнінде саяси шешім қабылдағаннан кейін ғана евро пайда болды. Басқаша айтқанда, кез келген ортақ валюта іске қосылысымен, бұл тәуелсіздікті жоғалтуға әкеледі, – деген байлам жасайды сарапшы.
Экономист мейлі қалай аталсын, ортақ валюта тек Ресейге тәуелділікті күшейтетінін және болашақ үшін қауіпті екенін айтады.
«Ресей – үлкен экономика, іргеде отырғасын онымен тарихи және географиялық байланыстымыз. Әйткенмен келешекте де тек солтүстік көршімізге бағдарлана беруіміз керек дегенді білдірмейді. Қазақстан өзге мемлекеттермен ықпалдастығын күшейтіп, өз экономикасын тәуелсіз сценарий бойынша және төл қағидаттарына сай өркендеуіне қол жеткізе алады», – дейді А.Құсайынов.
Әлемдегі осы саладағы бір әрі бірегей үлгі ретінде дәріптеліп жүрген евроның тағдыры да бұлыңғыр. Мәселен, 2019 жылғы 23-26 мамыр аралығында өткен Еуропалық парламент сайлауында ресми Брюссель аса ауырсына қабылдайтын тақырып – евродан бас тарту мәселесін ілгерілетіп келе жатқан Италияның оңшыл-популистік «Лига» партиясы басым дауыспен жеңіске жетті. Осылай еуропарламенттен орын алған Eurexit италиялық қауымдастығының президенті Франческа Донато тоқырауға ұшыраған «еурозонадан» шығу және евродан бас тарту Италия экономикасын жандандыратынын жариялады. Донато евродан бас тарту – «демократияны қалпына келтірумен» барабар екенін уағыздауда.
Тағы бір еуродепутат, Рим университетінің экономика оқытушысы Антонио Ринальди ұзақ жылдар бойы еуропалық сан түрлі телевизиялық ток-шоуларға жиі қатысып, «Өз үйіңнің кілтін қайтарып ал!» науқанын жүргізді және қазір ең танымал еуропалық саясаткердің бірі саналады. Ендеше тәуелсіздік тақырыбы Қазақстандай мемлекетке ғана емес, «кәрі құрлық» мемлекеттері үшін де қазір көкейкесті.
Халықаралық валюта қорының бұрынғы директоры, Еуропалық орталық банкінің қазіргі төрағасы Кристин Лагард биылғы мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласына келген сапарында, ортақ валютаны қолданысқа жіберу жайында өз пікірімен бөлісті. Оның пайымдауынша, ондай валюта күйзелістерге төтеп беруі үшін лайықты шарттар түзілуі керек. Әйтпесе, Кеңес Одағының рублі секілді дағдарыс жағдайында күйреп қалмақ.
– Ортақ валюта жақсы жұмыс істеуі үшін оның жүйесі орнықты, жақсы ұйымдастырылған болуы, валюталық аймақтың барлық ұстындары қалыптастырылуы тиіс. Яғни, ұйымға мүше мемлекеттер арасында банктік одақ, бюджеттік одақ жолға қойылуы қажет. Сонда ғана олар қолайлы заманда да, дағдарысты кезеңде де ортақ валютаның ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді, – деді К.Лагард.
Ол осындай жүйелері өзара бірлесе әрі үйлесімді жұмыс істейтін елдер арасында ғана валюталық одақ құру орынды екенін нықтады. ЕАЭО елдері арасында мұндай тығыз ынтымақтастық жоқ.
Кез келген тәуелсіз мемлекеттің бірнеше символы болады. Территориясы, мемлекеттік Туы, Әнұраны, Елтаңбасымен қатар, төл ұлттық валютасының болуы да елдік пен мемлекеттілікті паш етеді. Ұлттық валютадан айырылған ел өз тәуелсіздігінің, саяси егемендігінің жартысынан айырылған «жарым-жарты елге» айналмақ. Теңге қанша құнсызданса да, «іштен шыққан» төл валютамыз, ата-бабамыз ғасырлар аңсаған азаттықтың бөлінбес бөлшегі. Демек, оны сақтау әрі келер ұрпаққа табыс ету – мемлекеттік органдардың да, барша қазақстандықтардың да ортақ парызы!