Араға 100 жыл салып бұқар бұғылары Балқашқа оралды
Араға 100 жыл салып бұқар бұғылары Балқашқа оралды
253
оқылды

Қайтқан жануарда қа­йыр бар. Алматы облы­сын­дағы Іле-Балқаш резерва­ты­на кезінде бұл даладан біржола жойылып кеткен бұ­қар бұғылары қайта жібе­­рілді.

Ауыл шаруашылығы министр­лігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі коми­тетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдах­мет­тің айтуынша, бұқар бұғылары Іле-Балқаш резерва­тына былтыр­ғы жылдың соңында Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінен әкелін­ген. Осы уақытқа дейін олар ар­на­йы вольер­де бақыланған. Со­ның бесеуі еркін табиғатқа жібе­ріл­ді.

«Оларды жерсіндіру жұмыс­тары 8 айға созылды. Осы уақыт аралығында бұғылардың бір-бірі­м­ен үйренісуіне бақылау жа­сал­ды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комите­ті­нің Алматы облыстық аумақтық инс­пек­циясының өкілдері, ветери­налар, Іле-Балқаш резерва­ты басшылары мен қызметкерлері арнайы бейімдегіш екі вольерде бақыланып келген 2 аталық және 3 аналық бұғыны босатты. Ата­лық және аналық бұғылар өз тобымен осы вольерде бөлек ұс­тал­ған бола­тын» деді Сәкен Ділдахмет.

Бұғылардың бұл түрін Балқаш маңына әкелудің мәні бар. Себебі олар құмды-шөлейтті өңірлерде тіршілік етеді. Балқаштың таби­ғаты бұған сұранып-ақ тұр. Екін­ші­ден, бұл аймақта бұрын да бұ­қар бұғылары мекендеген бола­тын. ХХ ғасырдың алғашқы жар­тысына дейін Балқаш ауданы аумағында бұғылар көп кезде­сетін. ХХІ ғасырдың басын­да олар Балқаштың фауна­сынан мүлдем жойылып кетті. Ал бертін келе қазақ даласында тұқымы қалмаған еді. Енді міне, WWF Ресей Орталық Азия бағдар­ла­ма­ла­рының қол­дауы­мен араға бір ғасыр салып, түп­кі мекендері Іле-Балқаш ре­зер­ватына бұқар бұғылары қайта оралды.

«Алдағы 5-6 жылда Балқаш маңына жүздеген бұқар бұғысын жіберуді жоспарлап отырмыз. Бұғылар бұл маңда өздерін еркін сезі­не ала ма? Азығын тауып жей ала ма? Қазіргі уақыттағы үлкен сұ­рақ осы. Себебі Балқаштан бұғы­лардың кеткеніне ғасырға жуықтады. Одан бері көп нәрсе өзгерді. Сол себепті қазақстандық мамандарды үлкен жұмыс күтіп тұр, сұлу табиғатты сақтау өз қолы­­мызда» дейді WWF Ресей Ор­т­а­лық Азия бағдарламалары­ның директоры Григорий Маз­манянц.

Рас, алғашқы кезде оларға да оңай­ға соқпасы анық. Бұғылар жақ­сылап жерсінуі керек.

«Олар азығын қайдан табады? Суды қайдан ішеді? Одан бөлек түз тағылары мен аңшылар бар. Сол үшін резерват мамандары күн­­­діз-түні бұғыларды бақы­ла­уын­­да ұстайды. Олардың мой­ны­н­а спутник арқылы бақылау жа­сай­­тын қарғыбау тақтық, фото­тұзақ­тар мен азықтанатын ар­на­йы орындар белгіледік» дейді Гри­горий Мазманянц.

Бұқар бұғылары (Cervus elaphus bactrianus) – бұғылардың тоғайлы қуаң аймақтарда тіршілік етуге бейімделген бірегей түрі. Сирек кездесетін жабайы жануар. Табиғаттың ерекше төлі. Олар шөлейтті жерлерде тіршілік етеді. Өкінішке қарай, кейінгі кездері бұғының бұл түрінің саны күрт кеміп, қорғауға алынған. Қазақ­стан­ның қызыл кітабына, Ха­лық­а­р­алық қызыл кітапқа да ен­ген. Олар елімізде ғана емес, бүкіл әлемде азайып барады. Негізгі себебі – аңшы мыл­тығының қарауылына жиі ілігеді. Одан бөлек табиғаттағы ашық кен-қаз­ба жұмыстарының жүр­гізілуі, егіс­тік алқаптарды есепсіз жырту секілді адам қолымен жасалған қастандықтар бұқар бұғыларының тіршілік етуіне жол бермей келеді.

Олар Балқаш маңынан не үшін жойылып кетті? Оның бір­не­ше себебі болды.

«ХХ ғасырдың алғашқы жар­ты­сында бұл түр Іле-Балқаш өңі­рі­н­ің фаунасынан және тұтастай алғанда Қазақстанда тікелей қы­рып-жою нәтижесінде жойылған бола­тын. Сондай-ақ бұған адам­ның шаруашылық жүргізуі, тоғай ағаштарын түбімен қазу мен қа­мыс-құрақтарды өрттеу, жаға­лау­лық жерлерді жырту мен шөбін шабу, өзен ағыстарын реттеу, мал­ды шексіз жаю салдарынан олардың тіршілік мекенінің құлазуы да себеп болды» дейді Сәкен Ділдахмет

Мұндай экологиялық апат Бал­қаштың тұяқты дала жануар­ларын ғана емес, жыртқыш аңда­ры­ның да жойылуына жол ашты. Атап айтқанда, Балқаш маңын­да­ғы қопалы қамыстың азаюы салдарынан жыртқыш аңдар да жойылды. Соның бірі Балқаш жаға­лауында жортқан жолбарыс­тар болатын. Мамандар бұрын көл жағалауында жолбарыстардың көп жортқанын жазады. Қазір тұқы­мы да қалмады. Осы олқы­лық­тың орнын толтыруды да WWF Ресей Орталық Азия бағ­дар­­ламалары өз мойнына алып отыр. Енді жақын болашақта Іле-Балқаш резерватына дала жол­барысы оралады. Алайда ол үшін алдымен Іле-Балқаш резер­ва­тындағы жойылып кеткен тұяқ­ты жануарлардың саны мен түрін көбейту керек.

Айта кетейік, Іле-Балқаш мем­лекеттік табиғи резерваты 2018 жылдың 27 тамызында Қа­зақ­­стан Үкіметінің №381 қау­лы­сына сәйкес, Алматы облысы Бал­қаш ауданының аумағында құрылды. Резерват аумағына Бал­­шақ көлінің оңтүстік жаға­лауы мен Іле өзенінің сағасы жатады.