Таразда «жабылып қалды» деген университет басшылығы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді
Таразда «жабылып қалды» деген университет басшылығы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді
Фото: Интернеттен алынды
612
оқылды
Бірер күннен бері әлеуметтік желілерде еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің 36 бірдей университетті жауып тастағаны туралы ақпарат тарап кетті. Байыбына бармаған бұқара шенеуніктің шешімін түрліше болжап, «бұлай істеу оның құзыретіне кіре ме?» деп ойлары сан-саққа кеткені де рас. Ақпараттың ақиқаты айтылмаса да көпшілік «саны бар, сапасы жоқ оқу орындарын жапқаны дұрыс» деген пікірлерін де жазды. Қылы «қара тізімге» ілінгендердің қатарынан Жамбыл облысындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті де көрініп, оқытушылар мен студенттер кәдімгідей абдырап қалды. Алайда бүгін аталған жоғары оқу орнының баспасөз қызметі бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. «Соңғы күндері түрлі пабликтер мен парақшаларда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарын жапқандығы туралы жалған ақпарат таралуда. Оның қатарында Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті (Тигу Тараз) де жазылған. Алайда, аталған оқу орнының студенттеріне, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге алаңдауға ешқандай негіз жоқ екендігін хабарлаймыз. Оқу орны жыл сайын материалдық-техникалық базасын дамытып, білім берудің соңғы технологияларын тиімді пайдаланып келеді. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған аудиториялар, жаңа оқу ғимараттары, студенттер жатақханасы және стандартқа сай спорт кешені сөзімізге дәлел. Қазіргі күні ЖОО қабырғасында 5 факультетте 38 бакалавриат, 14 магистратура білім беру бағдарламалары бойынша 5200-ден аса студент білім алуда. Олардың қатарында 100-ге жуық мемлекеттік грант иегерлері бар. Сонымен қатар, 38 адам ректор грантының иегері, яғни оқу ақысына 100% жеңілдік жасалған. 405 білімгер 20%, 30%, 50% және 80% оқу ақысына берілген жеңілдікпен қамтылған. Тарап жатқан ақпараттың жалған екендігін тағы да хабарлап, қайта жаңа мамандықтар ашылып жатқанын жеткіземін. Яғни бірнеше білім беру бағдарламалары қосылуда. Биылғы оқу жылында 10 білім беру бағдарламасы: биология – санитарная эпидемиолгия, этнопедагогика, этнопсихология, компьютерлік инженерия, әлеуметтік экономика, көркем еңбек және сызу секілді білім беру бағдарламалары қосылды. Тағы үш бағдарламаға лицензия алу жоспарлануда, осы кездері сараптамадан өту үстінде. Жалған ақпарат тарату заңмен қудаланатынын еске саламыз. Тек ресми хабарламаларға сеніп, жалған ақпараттар таратпауға шақырамыз!», – делінген ресми мәлімдемеде.

Осы ретте министр Аймағамбетовтың қолымен жабылған университеттердің тізіміне көз салсақ, «Астана» университетінен бастап, Атырау инженерлік-гуманитарлық университеті, Еуразия технологиялық университеті, Орталық Азия университеті, Д.Қонаев атындағы еуразиялық заң академиясы, Алматы экономикалық және статистикалық академиясы, Қазақ-орыс халықаралық университетіне дейін бар. Әрине аталған 36 жоғары оқу орнының қайсысы жабылып, қайсысы жабылмағанына қатысты қолымызда ақпар жоқ. Бұған қатысты министрлік те ресми хабарлама жасамады. Алайда бүгінгі күннің өзінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті ақпаратты жоққа шығаруда. Сонда мұндай қауесет тарату кімге керек болды?

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы