Қазақ тарихында ойып алар өзіндік орны бар тарихи оқиғаларға толы аса бір тартысты кезең – Жоңғар хандығының (1635-1757) жойылар тұсы. Осы кезеңде тарих сахнасына шығып, есімі ел есінде қалған кесек тұлғалардың бірі – Абақ керейлерінің Шұбарайғыр тармағынан тарайтын батыр – Қожаберген Жәнібекұлы (1698-1785).
Тарих ғылымдарының докторы Б.Еженханұлының «Қожаберген батыр» еңбегі (2017 жыл, Алматы) болған түрлі оқиғалардан тарихи тың мағлұматтар бере отырып, ресейлік дереккөздер негізінде жазылған А.Левшиннің «Описание-казачьих или киргиз-кайсацких, орд и степей» (Алматы, 1996), В.Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII в.в» (Алматы, 1991) т.б. авторлардың жазбаларымен сол кезеңдегі оқиғаларды сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік тудырады.
Астанада былтыр Қожаберген Жәнібекұлының 320 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала батырлары» дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағында аталған тұлғаның жүріп өткен жолы жайлы көптеген деректер талқыланған.
Алдағы уақытта ғалымдар еңбегінің нәтижесінде, осы бір күрделі кезеңге қатысты тарихтың тың беттері ашылып, сан алуан деректермен толыға түсері сөзсіз.
Ерте кезеңнен бері ел басқарған көсемдер, даңқты жауынгерлер, бақсы-балгерлердің жерлеу ғұрпына аса мән берілгені археологиялық қазба нәтижелерінен аян. Құрбандыққа жылқылар шалынып, мініс тұлпарларымен қоса жерленгенін, батыр бабаларының рухына арнап тастан мүсін қашатқанын арнайы зерттеулер растайды. Бабаларының сүйегі жатқан жерлерді кие тұту – ертеден келе жатқан үрдіс. Кей жағдайда аталарының басы жатқан жер белгілі бір рудың көшіп-қону аймағының шекарасын аңғартқан кездері де болғаны белгілі.
Жаугершілік заманда жауға шапқанда аруақты бабаларының атын атап ұрандап шабу үрдісі бертінгі этнографиялық кезеңдегі ат жарысы, балуандық өнерлер тағы басқа жағдайларға шекті жалғасып келген. Ұрпақтары тегінде бар текті аталарын пір тұтып, бабаларының жатқан жерін, аталық шежіресін жатқа соғып, атадан балаға аманаттап қалдырып отырған. Сеңдей соқтығыстырған қилы замандар, солақай саясат нәтижесінде, білгенімізден айырылып, ата-тектен шатасар күнді де бастан өткіздік. Аталар арманы болған тәуелсіздіктің ақ таңы туып, тарихымызға бабаларымыздың қиын-қыстау күн кешіп жүріп өткен жолдарына жаңаша көзқараспен қарап, жоғымыз табылып, барымыз бүтінделе түсуде.
Түпкі ойлары қазақтың біртұтастығы мен амандығы, іргесінің бүтіндігі жолында жанын құрбан еткен ерлердің еңбегіне тереңірек зерттеу жүргізіп, сүйегі жатқан жерлерін тауып, рухына тағзым ету ұрпақтар алдындағы азаматтық борыш.
Осы мақсатта, есімі шұбарайғыр руының ұраны болған Қожаберген батыр сүйегі жатқан жер баба шежіресі болжамы ізімен және тарихи нақтылы жазба деректерге сүйене отырып іздестірілген-ді. Шетте жүрген ұрпақтарының есінде қалған шежіре деректері батырдың сүйегі «орыс жеріндегі Қалбаны жайлап, Ертісті күзеп, Тарбағатайды қыстап» жүрген тұста қалғанын меңзейді.
1771 жылы Өскемен бекінісінен Ертіс өзенінің арғы бетіндегі Шар-Гурбан өзеніне және аталған өзеннің жоғарғы жағындағы Бұланай немесе Ұлыны аталатын жотаға, одан ары Бөкен, Шегелек өзендерінің жоғары жағындағы шатқалдар мен тағы басқа жайттардың кейбіріне құпия тыңшылық жүргізуге жіберілген казак атаманы Волошин басшылығындағы топтың күнделік деректерінде «...9 шілде күні Қарасу өзенінде түнеп шығып, таңғы алтылар шамасында тегісті келген тау беткейімен жүрісімді жалғастырдым. Ол арадан ұзағаннан соң, қолымның сол жағындағы жерлері жазықты болып келетін бір қырды асып сай арқылы Шар-Гурбан өзені ағып жатқан алқапқа шығып, сол арқылы Қызылжар аталатын тастақты жерге бардым. Ол жерде керей болысының старшыны Қожаберген батырға қарасты ұлыстары көшіп жүр екен. Олардан өткен соң бес шақырым жер жүріп, аталған өзеннің бойына тынығуға тоқтадым және сол арада жүрген екі старшын Аралбай батыр мен Қазыбек батырды өзіме шақырдым, оларға өзімнің арнайы жіберілгенімді және барар бағытымды айта отырып, сөз арасында бүлікшіл қалмақтар (бұл арада Еділден қашқан қалмақтар жайлы айтып отыр), қытай мен қазақтардың кен орындарын іздестіруі жайлы ақпараттарына барлау жасадым» («Путевые дневники и записки российских чиновников и исследователей о Казахской степи XVIII середины XIX века», Астана, 2012 жыл, 13-бет).
Аталған деректен 1771 жылдың шілдесінде Қалба жотасының солтүстік-батыс сілемі Қызылжар тауы бөктерімен Шар-Гурбан өзені бойында керейдің Қожаберген батырымен қатар Қазыбек, Аралбай сынды старшындар өздеріне қарасты түтіндерімен жаз жайлап жатқанын аңғаруға болады.
ғасырдың бас кезінде сызылған «Омбы әскери округінің ірі масштабтағы әскери-топографиялық картасы» жер-су атауларының сол кездегі атаулары және де кейбір танымал адамдардың бейіттері көрсетілуімен құндылығын білдіреді.
Мұрын елінің негізгі құрамы «...1790 жылдың аяғында Ханқожа сұлтанның Шыңғыстауды қырық жылдан аса уақыт мекендеген мұрын-наймандарын, Бопы сұлтанмен арадағы келіспеушіліктен өзгелерінен бөліп алып, Қытай шекарасына қарай Зайсан көлінің маңындағы жеті өзен бойына қоныс аударған» (И.Андреев, «Описание Средней орды киргиз-кайсаков», Алматы, 1998 жыл, 19-бет) тұста жолымбет атасының бір тармағы жанай руын аталған өлкеге қоныстандырған Есенаман батырдың зираты ескі Қарғыба арнасы бойында тұрғаны жоғарыдағы картада көрсетілген. Ол кезеңді Қоқаш қажының:
«Қарасу құр Қарғыба қалды Көкен, Ханқожа, Есенаман қылған мекен» деп жырлағанын ұрпақтары аталған батыр басына қойған тасқа жазыпты.
Жүргізілген ізденістер мен этнографиялық сауалнамалар нәтижесін жүйелей келгенде, Қожаберген батыр зираты Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қарасты Танамырза елді мекенінің шығысынан ағып өтер жаңа Қарғыба өзенінің оң жақ қабағындағы жардың үстінен табылып отыр.
Цин императоры Цян-лунның (1736-1795) Абылай мен Қабанбайдан кейінгі іс басқаратын батырларының бірі ретінде таныған, Абылайдың сенімді серігі болып, есімі кең көлемде ел есінде сақталған кесек тұлғаның кесенесі шығыстың киелі жерлері картасының қатарын толықтыра түсетініне еш күмән жоқ.
Серікболсын САДЫҚОВ,
Ә.Марғұлан атындағы археология институтының
ғылыми ізденушісі