«Жұлдызай» медициналық оңалту орталығы бүгін дәл осындай ерекше шара өткізді. Оңалту орталығының мамандары – логопедтер мен дефектологтар көмегімен сөйлей бастаған балақайлар да, олардың ата-аналарының да жүзі қуаныштан бал-бұл жанды. Балаңмен тілдесіп, не қалайтынын өз аузынан естігеннен асқан бақыт бар ма? Олар бұл қуанышын орталықтың құрылуына үлес қосқан, орталық жұмысына 16 жылдан бері көмектесіп келе жатқан меценат Бауыржан Исабаевты шақыруды жөн көрген.
«Тілашарға» қатысып, балаларымыздың жетістігін көру мен үшін үлкен мәртебе. Біздің корпоративтік қор төртінші жыл қатарынан «Жұлдызай» медициналық орталығында оңалтудан сәтті өткен балалардың өміріндегі алғашқы қадамына арналған «Тұсау кесер» рәсімін де өткізеді», – дейді Б.Исабаев.
Аталған іс-шарада оңалту орталығының мұғалімдері, логопедтері мен дефектологтарының жұмысы таныстырылды. , Бұл орталық жыл сайын 3 мыңнан астам баланы сауықтырып шығарады. Бүгінге дейін 713 операция өткізілген. «Тәлімгерлік» жобасының қолдауымен 130-дан астам аяғын баса алмай жүрген бала «Тұсаукесер» рәсіміне қатысып, алғашқы қадамын жасады. Оның барлығы орталық мамандарының қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Тұмар МЫРЗА