Өмірдің сүрлеуінен сүрінбей өткен қарт офицер
Өмірдің сүрлеуінен сүрінбей өткен қарт офицер
314
оқылды
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді атам қазақ. Аяғын шалыс басқан буынға ақылын айтатын, жөнге келтіретін аузы дуалы ақсақалдар екені дау тудырмас шындық. Сөзінің сарасымен, парасатты санасымен жол сілтер, жөн көрсетер көнекөз қарияларымыз әменде аман жүрсе, жастарымыз жолынан да, жөнінен де адаспайтыны айдан анық. Майор Дарын Сейітов Ұлттық ұланның ардагерлерінің бірі Инсафитдин Гареев туралы редакциямызға жазба жіберді...

"1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында арамызда ардагерлерімізді түгендеп, әңгімеге тартатын жақсы дәстүріміз бар. Осы жолы мақаламызды запастағы майор Инсафитдин Гареев ақсақалға арнамақпыз.

қарт Атаулы дата қарсанында Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің көмегіне жүгінетіміз бар. Аталмыш ұйымда көп жылдан бері жұмыс істеп жүрген запастағы полковник Александр Парпура бірнеше ардагерлердің тізімін ұсынды. Бір таңқаларлығы ұсынған ардагерлердің барлығы дерлік еліміздің әр өңірінде тұрады екен. Солардың ішінде елордада тұратын әскер ардагерлерінің көбісі қарт адамдардың санатына жатпайды, дені 65 жастан аспаған екен. Біз өзіміз әңгімелесетін болғандықтан осы Нұр-Сұлтан қаласында тұратын бір ақсақалды ұсынуды жөн санадық. Александр Владимирович тізімін біраз ақтарып жатып, сарымайдай сақтаған екі ардагердің есімін берді. Екеуі де сексеннің сеңгірінен асып кеткен, бірімен тілдесе алмасақ, енді бірі бүгінгі кейіпкеріміз – Инсафитдин Шарафеевич бізбен сұхбаттасуға асыға келісті. Кейіпкерміздің қызы Ирина Инсафитдиновнаның құрметті демалысқа шыққанына 14 жылдан асыпты. Өзі 6636 әскери бөлімі Ардагерлер кеңесінің хатшысы. Телефон шалып, жөнімізді айтқаннан кейін әкесінің мекен-жайын айтып, кездесетін уақытын белгіледі. Сонымен қатар, анасының телефон нөміріне дейін берді. Біз қызметтік көлікпен қаламыздың көне ауданы ескі вокзалдың тұсына келдік. Көлігіміз жақындай бергенде ардагердің жан жары Нина Степановнаға қоңырау шалдық. Өзімізді таныстырып, «Біздің құрметті ақсақал дайын ба?» деп сұрағанымызда, «Ол Сіздерді таңғы алтыдан бастап күтіп отыр» деп күлімдеп жауап берді. Міне, нағыз офицер! Сөйтіп, аулаға биік болып, денесін тік ұстаған, салтанатты шараға арналған әскери киім үлгісін киген ардагер шықты. Бірден әңгімеміз жарасып кетті. – Мен 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанмын. Мектепте дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінен көп жыл бойы сабақ бердім. Астанада ашылған қаржы колледжінде де ұстаздық еттім. Мерзімді қызметті қосқанда отыз жыл әскери қызметте болдым. Отан қайда жібереді, басшылық қайда нұсқайды, барлық жерде қызмет атқарғанмын. Қызылорда, Арқалық қалаларындағы Ішкі әскерлердің жеке атқыштар ротасында алғашқы қызмет жолымды бастадым. Ол кезде казармада сарбаздармен бірге қонып, бірге құрылыс жұмыстарын жасағанбыз. Қазіргі сарбаздарға қарап, олардың жағдайларын көріп, іштей риза боламын. Барлық жағдай жасалған, – дейді ардагер. Ескі қаламен келе жатырмыз. Ардагер үйлерге қараған бойы өзінің әскери қызмет жылдарын есіне түсірді. «Бүгінгі қалаға қарап қуанатындай жағдайға жеттік. Ескі тың игерушілердің қаласы жаңа атаумен бүкіл еліміздің астанасына айналды. Мен осы қалаға келгенде тұрғын үй мәселесі шешілді. Ауысып келген бойда бір емес, бірден жеті қызметтік пәтер бос болған. Бәлкім көбісі басқа қалаларды таңдағысы келген шығар, өзіме осы қала қатты ұнады. Таза ауа, шағын, жасыл еді. Мен ауысып келген кешегі Ішкі әскерлер бүгінгі Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімі ең көне әскери бөлімдердің қатарында. Біздің қызмет қылмыскерлер мен бас бостандығынан айырылғандарды айдауылдау мен түзету мекемелерін күзетумен етене байланысты болды. Біз осындай қиын да қызықты қызметті еш қыңжылмастан атқаратынбыз. Өйткені, біздің буында Отанға деген сүйіспеншілігіміз басым болды», – дейді ол. қарт Құқықтық тәртіп әскерінің ардагері жауынгерлердің даярлығына қатты көңіл бөлген жан. Сарбаздарымен кеш батырып, таң атырған. Өз заманының адамы ретінде бар күш-жігерін әскери қызметке арнады. Соған қарамастан, өзінің жанұясына да көңіл бөлуді ұмытпаған. Өмірлік жары Нина Степановнамен Қызылорда қаласындағы 1 мамыр – еңбекшілер мерекесіне арналған шарада танысқан. Нина апай кезінде Сыр өңіріне жер аударылған кәріс диаспорасының өкілі болса, Инсафитдин Шарафеевич Башқұртстанда туған татар жігіті. Күйеу баласы Украин ұлтынан, туған келіні қазақтың қызы. Немерелері де отбасын құрып, бүгінде шөберелері де үлкен аталарының тәрбиесін көруде. Шуақты шаңырақтың ұйытқысына айналған ерлі-зайыпты Гареевтер тек өз отбасына емес, бүгінгі өскелең ұрпақ үшін де үлгі болмақ. Өмірдің сүрлеуінен сүрінбей өткен осындай күрескер жандарды көргенде ардагерлерім аман болғай деп айтқымыз келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, қарттарымыз сау болғай!"