Қазақ мұнайы әлемдік нарыққа қалай шықты?
Қазақ мұнайы әлемдік нарыққа қалай шықты?
222
оқылды

2001 жылы Атырау облысының Теңіз мұнай кенішінен құбыры арқылы алғашқы мұнай жіберілді. Бұл жалпы ұзындығы 1500 шақырымнан (450 шақырымы Қазақстан аумағынан өтеді) асатын Каспий құбыры консорциумының диаметрі 1020 мм болатын құбыры еді. Осылайша, Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің мұнайы Каспий теңізінің солтүстігін айналып, батысқа қарай бет түзеген құбыр арқылы Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы Ресейдің Новороссийск портына жеткізілді. Бұл әлемдік мұнай нарығына тікелей ашылған жол еді.

Әйтсе де, мұнайға бай Қазақстан үшін өз өнімін дүниежүзілік нарыққа шығару оңай болмағаны белгілі. Тәуелсіздік алысымен алдымыздан шыққан алғашқы сұрақ: мұнайды қайда, кімге сатып ақша аламыз? Бұрын одақ кезінде республикамызда өндірілген барлық шикімұнай Атырау–Самара мұнайқұбыры арқылы жіберілетін де, ары қарай сату мәселесін Мәскеу өзі шешетін. Бәрін бір орталықтан басқаруға негіздеп жасаған жүйенің сол кездегі көрінісі мынадай болды. Мәселен, еліміздің батыс аймағынан шыққан мұнай түгелдей ресейдің Ор (Орск) қаласындағы мұнай өңдеу зауытына (МӨЗ) жөнелтілетін. Ал Павлодардың МӨЗ жүзпроцент батыссібір аймағынан өндірілетін мұнайға тәуелді болды.                                                                                                              
Қазақ жеріндегі әйгілі Теңіз мұнай кенішінің қоры жайлы дақпырт 1980 жылдардың аяғына қарай әлемдік мұнай компанияларын елеңдеткенімен республика Одақ құрамында еді. КСРО-да инвестиция мен технологияның жетіспеуінен мұнай өндіру саласының дамуы тежелді. Теңіз сияқты күрделі кен орнын игеру онсыз мүмкін емес еді. 1990 жылы маусым айында Кеңес Одағы Теңіз кеніші бойынша америкалық Chevron компаниясымен шартқа отырды. Дегенмен, түрлі себептермен келіссөздер аса нәтижелі бола қойған жоқ. Қазақ елінің бағына қарай келесі жылында одақ құлап, еліміз Тәуелсіздігін жариялады. Елбасы, Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тізгінді қолға алысымен Қазақ мемлекетінің өз қазба байлығына өзі иелік етіп, заман талабына орай өндіріс пен экспортты ұлғайтуына бар күшті салды. Қалай болғанда да қазақ мұнайы сыртқа нарыққа шығуға тиіс еді. Бірақ, егемендігіміздің алғашқы жылдарында өз мұнаймызды игеру оңайға соққан жоқ. Көптеген кедергілер де болды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың кейіннен «Ресей жағынан мұнай құбырын салуға келісім алу үшін алты ай қажет болды»,– деп еске алғаны бар.                                                        Иә, Кеңес Одағы құлап, әйгілі Теңіз кенішінің уыстан шығып кеткеніне көптеген қаржылық топтар қатты қапаланды, кенішті «өзіміздікі» деген ойдан арылу оларға қиынға соққаны анық. 1994 жылы Ресей Теңіздің мұнайын Атырау–Самара мұнай құбыры арқылы жеткізуден бас тартты, сол кездеге ресейлік инженерлер «Теңіз кенішінің мұнайында меркаптан (меркаптан – құрамына күкірт кірігетін органикалық қосынды) көп, ол құбырды шірітеді» деген желеуді алға тартады. Мұның саяси астары болғаны анық. Сол кездегі РФ Президенті Борис Ельциннің Н.Назарбаевтан «Теңіз кен орнын Ресейге бер» деп буынсыз жерге пышақ ұра сұрайтыны осы кез. Мұнай қоры 10 млрд. баррель деп бағаланған Теңізден айырылғысы келмеген қаржылық-саяси топтар Ельцинен кенішті Ресейдің меншігіне алуды талап етіп, өз алдына отау тіккен мемлекетке үлкен қысым жасағысы келді. Кейін Президенттердің кездесуінен жалпақ жұртқа тарап, бүгінде ел аузында жүрген сөздің бірі Б.Ельциннің Теңізді сұраған талабына орай, Қазақстан басшысының олай болса орнына Орынборды қайтаруды сұрап, шахматтық жүріске барабар саяси ұтқыр жауаппен тойтарыс беруі соның дәлелі бола алса керек.                                                              Елбасының саяси жігері мен біліктілігі арқасында Каспий құбыры консорциумының құбыры салынып, ұзақ келісімдер мен үздіксіз жұмыстың нәтижесінде қазақ мұнайы дүниежүзілік нарыққа шықты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақ басшысының аузынан ширығып шыққан бір сөзді сол кезде батыс елдерінің баспасөзі жарыса жазған болатын:  «Қазақстан енді ешқашан ешкімнін де шикізат шырмауы бола алмайды!».                                                                                                                            
Ұзаққа созылған екіжақты келіссөздерден кейін Тәуелсіз Қазақстан мен алпауыт Chevron компаниясы өнім қоры жағынан орасан, бірақ көлемді инвестиция тартуды қажет ететін кен орнын игеру жөнінде келісімге келе алды. Бүкіл шығын өтеліп болған соң кірістің 80 пайызы мемлекет қазынасына құйылуы тиіс болды. Chevron 20 млрд долларға бағаланған инвестицияның елеулі бөлігін беруді мойнына алды. Алайда, геосаяси аймақта аяғына әлі тұра қоймаған жас мемлекет үшін мұндай келісімдер жасасу ол кезде оңайға соқпаған. Бұл туралы екі мыңыншы жылдардың бас кезіндегі бір сұхбатында Н.Назарбаев: «Мен осыдан 21 жыл бұрын Chevron компаниясын біздің елімізге жұмыс істеуге шақырып, компанияның сол кездегі президенті Дёрр мырзамен салық және инвестициялық бөліс туралы дауласып отырғанда, ол маған: «Президент мырза, сіздердің заңдарыңыз дайын емес, мамандарыңыз да, технологияларыңыз да жоқ. Біз мынадай тәуекелге бару үшін неге сенуіміз керек? Сіз бізді қалай сендіре аласыз?» деп қарсы сауал қойды. Мен айттым: «Жалғыз ғана аргумент – ол менің сөзіме сеніңіздер. Барлығына жеке басыммен кепіл боламын» дедім. Олардың әлі күнге дейін елімізде жұмыс істеп жатқанына қарағанда, біздің келісім тиімді болғанын көрсетсе керек»,–деген болатын.                                                                                                                              

Айтқандай, қазақ жерінен қара теңізге тартылған Каспий тұрба құбырымен жалғыз Теңіздің мұнайы ғана емес Қашағанның мұнайы да тасымалданады. Ал, Қашаған әлемдегі 1968 жылдан кейін ашылған ең ірі кеніш саналып, халықаралық аренада өз бағасын алып та үлгерді. ҚР Энергетика министрлігі келтірген мәліметке орай, қазірдің өзінде Қашаған кенінен өндірілетін өндіріс көлемі тәулігіне 100 мың баррель деңгейіне жеткен.                                                                                                                  

Тәуелсіздік жылдарында мұнай-газ саласы елімізде әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізудің негізгі тетігі болды. 1991 жылы шикі мұнай мен газ конденсатын өндіру республикадағы барлық өндірістік өнеркәсіп көлемінің 2,5% құраған болса, 20 жыл өткен соң 2011 жылы ол көрсеткіш 53,8%-ға жеткен еді. Мұнай мен газдан түскен қаржы мемлекет бюджетінің 2/3 бөлігін толтырып, ЖІӨ-нің 1/3-ге жуық көлемін қамтамасыз етті. Егер, «қара алтыннан» алынған мол қаржының есебіне үңілсеңіз тек 2013 жылдың өзінде Қазақстан экпорттаған өнім саудасы 55,2 млрд. долларды (68,1 млн. тонна мұнай) құрапты. Ал, дәл сол жылы ішкі нарықта сатылған мұнайдан түскен кіріс 3,7 млрд. доллар болған. Яғни, 2013 жылы мұнай сатудан түскен ақшаның жалпы көлемі 58,9 млрд. доллар немесе 9,1 трлн. теңгеге жеткен. Дәл сол жылы еліміздегі мұнай өндіруші компаниялардан жалпы салық түрінде түскен 3,4 трлн. теңге Ұлттық қорға аударылыпты. Ұлттық қор демекші, Қазақстан посткеңестік елдердің ішінде бірінші болып аталған қорды құрды. 2000 жылы тамыз айында Елбасының тікелей бастамасы һәм арнайы Жарлығымен құрылғанда Н.Назарбаев болашақта бұл қор «Қазақстанның қауіпсіздік жастығы» болатынын айтқан. Шынында ұлттық қор ел экономикасын тұрақтандыруда және түрлі қаржылық дағдарыстардың алдын алуда тиімді нәтиже беріп келеді.