Шыңғыс Мұқан: Ең керек қасиет – адамның өз-өзін өзгерте алуы
Шыңғыс Мұқан: Ең керек қасиет – адамның өз-өзін өзгерте алуы
873
оқылды

«Жастар» жылында жастарға қойылатын талаптың бірі – көшбасшылық. Көшбасшы болу­дың жолы қандай? Оған жастар ұмтыла ма? «Көшбасшылық» ұғымы туралы көзқарас қалып­тасқан ба? «Лидер» ұғымы туралы сауа­лымызды «Болашақ» бағдарламасының түлегі, журналист Шыңғыс Мұқанға қойған едік.

– Шетелде білім алғанға дейін Атырау облысы әкімінің орын­ба­са­ры болдыңыз. Мемлекеттік аса маңызды қызмет. Ал қазіргі жұмы­сы­­ңызды тіршіліктің мүлде басқа арнасы десек болады. «Болашаққа» дейінгі Шыңғыс пен қазіргі Шың­ғыс­тың айырмасы қандай?

– Әу баста кәсібімді журна­лис­­­тикадан бастадым. Сол арқы­лы қоғамдағы әртүрлі мәселелерге журналист ретінде араласып, түр­лі жағдай мен оқиғаларды са­рап­тап, оқырмандарды хабар­дар етіп отырдық. 2003-2007 жылдары «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеп, айтарымызды айтып, жаза­ры­мызды жаздық. Ешқандай шектеу болған жоқ. Журналист ретінде арымыздың алдында таза болдық. Содан бір күні осы жа­зыл­ған дүниелерді іске асырсам қай­теді деген ой келді. Сөйтіп жүргенде мемлекеттік қызметте жұмыс істеу мүмкіндігі туды. Мемлекеттік қызметте 2007 жыл­дан биылға дейін еңбек етіппін. Сатылай көтеріліп отырып, әр­түр­лі деңгейдегі жұмыстарды ат­қар­дым. Облыс әкімінің орын­ба­са­ры да болдым. Бірақ жұмыс істеп жүріп өзіме деген сұрақ­та­рым көбейіп кетті. Сосын шетелге барып білім алайын деген ойға бекідім. Басқару жүйесі шет мем­ле­кеттерде қалай жүзеге аса­ды екен, дұрыс істеп жүрмін бе деген ой жиі мазалай бастады. Мем­ле­кет­тің дамуы екі нәрсеге байла­ныс­ты, бірі – табиғи ресурс, екін­­­шісі – адам ресурсы. Адамға иек артқан елдердің дамуы ор­нық­ты. Ал табиғи ресурстарға тәуел­ді елдер дағдарысқа жиі ұры­­нады, әрі дамуында тұрақты­лық жоқ. Себебі олардың келе­ше­гі адамға емес, табиғатқа бай­ла­ныс­ты. Біздің елдің дамуы осы соңғы факторға байланысты. Қазақстанға табыс әкеліп тұрған 200-дей кеніш бар шығар. Яғни, кі­рістің 200 ғана көзі бар. Ал да­мы­ған елдерде әр адам – кіріс­тің көзі. Қазақстанды 200 кірістің көзіне емес, 18 миллион адамның күшіне тәуелді қылатын жағдайға қалай жетеміз деген ой келеді. Осы ойлар мазалап, ақырында мем­лекеттің орнықты дамуы әр аза­маттың тыңғылықты даяр­лы­ғы­нан басталатынына әбден көзім жетіп, «ел дамуына жеке өзім істей аламын» деген сұрақты бағ­дар етіп алып, қазір осы бағыт­та жұмыс істеп жатқан жайым бар. Соның аясында лидерлік даму орталығын аштық. Әр адам өзін лидер ретінде сезі­нетін бол­са, өзіне жауапкершілік ала­ды. Lead деген түбір – «бастау» деген мағынаны береді. Ел өзгеру үшін әр адам өзгеруге тиіс. Ал әр адам өз­герісті өзінен бастауы керек. Қа­зір айналысып жатқан шаруам – бү­гін басталған жұмыс емес, сонау студенттік шақтан бері көңі­лімді жайлаған, жылдар бойы пісіп-жетілген, соңында іс жүзін­де жүзеге аса бастаған жоба деп айтар едім. Сондықтан бұ­рын­ғы Шыңғыс пен қазіргі Шың­ғыстың сондай бір айырма­шылығы жоқ шығар. Жалғыз айырмашылық болуы мүмкін. Ол – бекінген ойды жүзеге асыруға қорықпай кірісу. Бұл – менің көшбасшылы­ғым. Әрбірімізде жан қалауы­мыз­дан нәр алатын талай ой бар. Бірақ соған бел шеше кірісуге жүрек дауалай бермейді. Енді шегінетін жер жоқ, елдің бола­ша­ғы әрқайсымыздың қолымызда, әре­кет ету керек. Әр күнімді дәл бү­гін елге не бере алам деген сұрақ­пен бастаймын. Содан қуат алам да, іске кірісем.

– Сіз айтып отырған лидер ұғы­мын қалай түйсінген жөн. Ондай адам қандай да бір аудиторияны соңы­нан ерте жөнелуі керек пе, әлде бұл міндетті емес пе?

– Кеңес Одағы кезінде «ли­дер­­лікпен» ғылым емес, ком­пар­тия айналысты да, бұл ұғым бізде онша дамыған жоқ. Батыс елде­рін­де лидерлік ғылым ретінде түп-тұқиянына дейін зерттеліп, бұл тақырып бойынша жеті жарым мыңдай кітап шыққан. Сондықтан ол елдерде көшбас­шы­­лыққа қатысты нақты тұжы­рым мен түсінік қалыптасқан. Ал бізде бүкіл қоғамның «лидерлік» дегенде ойы бір жерден шығардай ортақ тұжырым жоқ. Сол себепті, адам көшбасшы болып туады деп есептейді. Батыс болса «көшбас­шы­лық – қанмен келетін қасиет емес, дағды» дейді. Ал дағдыны үйренуге болады. Мәселен, кітап оқып үйренеміз. Жазу жазып үйренеміз. Бұлар қанмен келетін қасиет емес қой. Бұлар – дағды. Сондықтан адам көшбасшылыққа да бейімделеді. «Бір адам – бас­шы, қалғанымыз – қосшы» деген – өте қасаң ұғым. Себебі жауап­кер­­шілік бір адамға жүктеледі де, қалғандары соған тәуелді болады. Сөйтіп, тәуелді адамдар қалып­та­са­ды. Ал біздің орталықтың мақ­саты – өз тағдырын өз қолына ал­ған тәуелсіз адамдарды қалып­тастыру. Өзіне, іс-әрекетіне, же­тіс­тігіне жауапты қарайтын, ешкімге тәуелді болмайтын адам­дарды қалыптастыруды жол­ға қойып жатырмыз. Көшбас­шы­лық – біреуге басшы болу емес, өзіңе, өзіңнің тағдырыңа басшы болу. Өзін басқара алған адам, кез келген ортаны үйіріп әкетеді. Кур­сымыз 15 қазан күні бастала­ды. Оған қатысқан азаматтардың өзіне жауапкершілік алатынына, мақсатын айқындап, соған жету үшін аянбай тер төгеріне сенімім мол. Бұл жұмыс мен үшін кәсіп емес, мен үшін бұл – миссия.

– Курс жұмысының күн тәртібі қандай?

– Адамдарды екі ай оқытуды жоспарлап отырмыз. Жалпы 16 сабақ болады. Бұл менің ұстаз, аға­ртушы, тренер ретіндегі ал­ғаш­қы тәжірибем.

– Қазақ «сөз бастау қиын» деп, бағзы заманда-ақ көптің алдында сө­йлеудің, жұртты қара сөзбен елік­­тірудің оңай емес екенін ұғын­дырған ғой. Біздегі осы «сөз бас­таушылық», «шешендік» ұғым­дары мен шетелдегі leadership ұғы­мының арасында айырмашы­лық бар ма?

– Иә, біздің хандардың, би­лер­дің, батырлардың айтқан сөз­де­рі, іс-әрекеттері – тұнып тұрған көшбасшылық. Әрине, ол ғылым ретінде жүйеленбеген. Бір қызық дерек келтірейін, Америкада «Не­ден қорқасыз?» деген зерттеу жүр­­гізілген ғой. Біреу биіктіктен, бі­реу жыланнан қорқады деген­дей. Сөйтсе, көпшілік адам айт­қан ең бірінші қорқыныш – «адам­дардың алдына шығып сөй­леу» екен. Яғни, сіз айтып отырған сөз бастаудың қиындығы қазаққа емес, жалпы адамзатқа тән. Бізде мұндай түсініктер дала даналарының бір ауыз сөзімен түйінделсе, олар ғылыми түрде зерт­теп шыққан. Десе де менің ойым­ша, Бұхар жырау айтқандай, ең қиыны сөз бастау емес, өзгеріс­ті бастау. Адамның өзгені емес, өзін өзгертудің өзі қиынның қиы­ны. Сондықтан көшбасшы­лық­тың жұмысы қаншалықты өзін және өзгелерді өзгерте алды, соны­мен өлшенбек. Мынадай зерт­теу жүргізілген. Жеті науқас таңдап алынады. Егер олар мінез-құлқын, әдетін, құндылықтарын өзгертпесе, аурудан айықпайтыны ескертіледі. Сонымен дәрігер олар­ға өзгеру үшін арнайы кесте жа­сап, іс-шаралар тізбегін орын­дауды тапсырады. Сонда әлгі жеті адамның біреуі ғана өзін өзгерте алған. Яғни, өзінің жаман әдетін тастаған, өмір салтын жақсы жақ­қа қарай өзгерткен. Ментали­те­тін, түйсігін өзгерткен. Қалған ал­тауы өздерін өзгерте алмаған. Мы­салы, темекі шегу сияқты зиян­ды әдетіңізді өзгертіп көрі­ңіз. Марк Твен сияқты күнде тас­тап, күнде қайта бастайсың. Сон­да адам өмір мен өлімнің ара­сын­да тұрса да өзгеруі қиын екен.


Адамның табиғаты сон­дай, комфортты ортадан шық­қы­сы келмейді. Комфортты орта де­геніміз – үйреншікті тір­ші­лі­гі­ңіз. Неге? Себебі үйрен­шік­ті тіршілікке көп бас қаты­р­май­сыз, көп күш салмайсыз. Ойнап жүріп істейсіз. Адам табиғатында жанаяр, өзін қинағысы келмейді.


Ал енді жаман әдетті тастау емес, жаңа бір білімді игеруді ала­йық. Жаңаны үйрену де өзгеріс. Мысалы, бізде ағылшын тілін үйренгісі келетін азаматтар көп. Ықыластары бар, бірақ бастайды да соңына жеткізбей тастайды. Оны көрген бауырыңыз не бала­ңыз­ға не үлгі бересіз? Міне, бұл сіздің көшбасшылығыңыз. Жал­пы, адамдар өзгерістен қашпайды, оның құрбандығынан қашады. Құрбандық дегеніміз – қатты ай­тыл­ған сөз, бірақ жаңа бір нәрсе үйрену үшін оған уақыт бөлу ке­рек, яғни бұрын істеп үйреніп қал­ған (айталық, кино көру, той-то­малақ) істерден бас тартуға тура ке­леді. Адамның табиғаты сон­дай, комфортты ортадан шық­қы­сы келмейді. Комфортты орта де­геніміз – үйреншікті тір­ші­лі­гі­ңіз. Неге? Себебі үйрен­шік­ті тіршілікке көп бас қаты­р­май­сыз, көп күш салмайсыз. Ойнап жүріп істейсіз. Адам табиғатында жанаяр, өзін қинағысы келмейді. Бі­рақ біз дамимыз десек, үнемі жаңа белестерге бағыт ұстап, өзгеріп отыруға тиіспіз. Өзгеріс дегеніміз – жаңаны үйрену. Өмір бақи оқудың да мақсаты осы. Бүгінгі күнің кешеге ұқсаса, бұл тұрақтылық емес, тоқырау. Ал өмірде не жұмыста әркез өзгеріп, да­мып отырмасаңыз, тұрақты­лық­ты сақтап қалу қиынға соғады.

– Шетелдік озық идеялардың басын біріктіріп, «Көшбасшылық» атты кітап та шығардыңыз. Аудару барысында ол жердегі айтылған әңгімелерді қазақы менталитетке, біздің ұғымға бейімдеу қажеттілігі болды ма?

– Ондай қажеттілік туын­да­ма­ды. Себебі ол кітаптардағы жа­зылған дүниелер – барлық адам­ға ортақ әрі түсінікті. Рас, ау­дар­ма барысында кейбір сөз­дер­­дің қазақша нақты баламасын табу қиын болды. Сондықтан біз жалпы мазмұнын, авторлардың не айтқысы келгенін мейлінше түсінікті етіп жеткізуге тырыстық. «Мазмұндама» қоры шығарған «Әр адам оқуға тиіс 10 кітап» се­риясы бойынша шыққан бір кітабымыз он кітаптың жүгін арқалап тұр. Серияға енген әрбір кітап жеке-жеке аударылуға лайық. Ал сол он кітаптың бәрін аударсақ, адамдар соның бәрін оқи ма? Сондықтан бастапқыда аз күшпен көп білім жеткізу үшін он кітаптың айтарын бір кітапқа топ­тастырдық. Бір кітапты оқы­ған адам он кітаптың ақыл-ойын сіңіретіндей етіп дайын­да­дық.

– Келешекте мемлекеттік қызметке оралу ойыңызда бар ма? Егер орала қап жатсаңыз әбден қасаң­данған біздің жүйеге өзгеріс әкеле алар ма едіңіз?

– Иә, оралуға тиіспін. Бірақ ол жерде сен үлкен механизмнің бір бөлшегі ғанасың. Жасаймын дегеніңді жасай алмауың мүмкін. Шетелде оқуға түсерде «Өміріңде осыған дейін не тындырдың?» деген тақырыпта эссе жазасың. «Президент әкімшілігінде істедім. Облыс әкімінің орынбасары болдым. Басқа да түрлі қызметтер атқардым. Қысқасы, өте көп нәрсе істедім» деймін. Сөйтсем нұсқаушы «Сені халық сайлады ма?» дейді. «Жоқ, тағайындады. Мені тағайындаған әкімді де бір адам тағайындайды» деймін. АҚШ-та сайланбаған адамдарға саяси қызметкер ретінде қара­май­ды. Тағайындалатын мем­қыз­мет­кер – бюрократ. Бюрократ деген бізде нашар реңк алып кет­кен сөз, ал шындығында бюрок­рат деген сөз мемлекеттік қыз­меткер дегенді білдіреді. «Ой, онда ол ешқандай да жетістік емес қой» дейді. «Басқа не істе­дің?» деп сұрады тағы. «Облыс әкімінің орынбасары болып тұр­ға­нымда пәленбай мектеп салын­ды, пәленбай балабақша құры­лысы басталды» деймін. «Сіз сон­да байдың баласысыз ба, өзі­ңіз қаржы бөлдіңіз бе?» деп сұра­ды. «Жоқ, бюджеттің қаржы­сы­на салынып жатыр» дедім. «Демек, сіз емес басқа адам орынбасар болса да сол жұмыс істеледі ғой. Ендеше, сенің ол жұмысқа жеке өз басыңның қандай қатысы бар?» деді. Шынын айтсам, бұл ме­нің көзімді ашқан ерекше тәжі­ри­бе болды. Сондықтан мем­ле­кеттік қызметте не істей аламын, жеке өзім не істей аламын деп ойландым. Лидерлік дамыту орталығын ашудағы мақсатым да сол. Бір адамды болсын дамыта алсам – бұл менің мемлекетті дамытуға қосқан кішкене де болса үлесім болар еді. Екінші жағы­нан, бір адамды өзгерте ал­сам, ертеңгі күні мемлекеттік қыз­­метте де өзгеріс жасай ала­мын.

– Рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ