Арыстағы шат көңіл
Арыстағы шат көңіл
168
оқылды

Арыстағы ахуалдың түзеліп келе жатқаны көңіл қуантады. Қаланы қалпына келтіруге 126 құрылыс компаниясы мен 4 мыңға жуық жұмысшы білек сыбана кірісті. Жөндеуді қажет ететін 7 163 нысанның 7 154-інің құрылыс жұмысы аяқталды. Қалғаны – ішкі әрлеу жұмыстары.

Арысты қалпына келтіру үшін ел болып асарлатты. Әр ай­мақтан құрылысшы шақыр­тып, жарылыс мұқалтқан өңірге өң берді. Жұмыс нәтижесіне үңілсек, Түлкібас ауданы мен Алматы қаласына міндеттелген 14-секторда 531 нысан қайта қатарға қосылғалы жатыр. Оның ішінде 503-і жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 28 үйдің қабырғасы толық­тай бұзылып, жаңадан қа­­ла­нып жатыр. Жұмыстың жан­дануына 300-ден астам құры­­лысшы мен 5 компания ат­­салысты.

Солтүстік Қазақстан облысы мен Ордабасы ауданына 13 сек­тор бекітілді. Олар 17 көше­дегі 371 тұрғын үйдің жағдайын бақылады. Зардап шеккен 198 бас­пана жөндеуден өтті. Сонымен бірге халықтың атаулы әлеуметтік көмекке қолы жетуі үшін біраз жұмыс атқарылды. Сектор бойынша біржолғы жәр­демақы 18 жасқа толған 954 тұрғынға банк карточкасы арқылы берілді. Осы аумақта арыстықтар жұмыс нәтижесін көріп, бір-бірін қоныстойға шақырып үлгерді.

Аталған өңірлердің сектор жетекшілері салтанатты шара ұйымдастырып, елеулі еңбек еткендерді марапаттады. Әкімдік өкілдері тұрғындарды үйлеріне барып құттықтап, тұрмыстық техника тарту етті.


Жамбыл облысы мен Шар­­­дара ауданына қаладағы 3-сек­тор тиесілі. Бұл аймақ та құрылыс жұмыстарын аяқ­тап, жиын өткізді. Шарада Түр­­кістан облысы әкімінің бірін­ші орынбасары Қосман Айт­мұхаметов пен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Арыс қаласын қайта қалпына кел­ті­ру­шілерге жылы лебізін жет­кізді. Өнімді еңбек ет­кен құры­лысшылар мен бел­сен­ді­лер­ге алғыс білдірді. Осыған орай, компания басшылары, мердігерлер мен тер төккендерге алғысхат табыстады. Жиын кезінде апаттан құлап қалған 4 үй қайта тұрғызылды. Аталған үйлердің екеуі қайта салынып, екеуі толық жаңғыртылды. Құры­­лыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания үй иелеріне тарту-таралғы жасады.

Ал Арыс қаласындағы Жам­был облысы штабына 3-сек­торға қарасты 11 көше бекітілді. Онда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және ком­­мер­циялық нысан бар. Бақы­лау­дан өткен жеке тұрғын үй­дің барлығына ақау актісі толтырылып, сметалау жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде қираған 4 үй қайта салынды. Одан бө­лек 309 үйге түрлі дәрежедегі жөндеу жұмысы жүріп, қалпына келді. Жөндеу жұмысы үшін 4 мердігер компания мен 500-ден астам құрылысшы аянбай еңбек етті. Тиісті шығындар рес­пуб­ли­калық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарас­тырылды.


Қарағанды облысы мен Төлеби ауданына тиесілі 5 сек­тор­да да құрылыс жұмысын нәтижелі аяқтады. 5 сектор жұмысшылары 11 көпқабатты үйдің 519 пәтеріне және 72 жеке тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал Атырау облысы мен Жетісай ауданына 1-сектор берілді. Бұл аумақ жарылыс болған әскери бөлімнің жанында еді. Көктем шағынауданында орналасқан жерде 571 үйдің 468-і жөндеуден өтті. Оның ішінде 55 үй қайта тұрғызылып, 11 кәсіпкерлік нысан жөнделді. Құрылыс жұмыстарының басы қасында 13 мердігер компания болды. Жалпы құрылысқа 700-ге жуық құрылысшы мен 12 техника тартылды.

Арыс қаласындағы 7 613 үйдің 7 166-сында жөндеу жұ­мыс­­тары жүрсе, 447 үй қай­та салынды. Осылайша, жұды­рық­тай жұмылып, бір істің басы қайырылды. Әр өңірдің мей­лін­ше жәрдем берген ниеті мен көмек­тессем деген көңіліне арыс­тықтар дән риза. Жан-жақты қолдау мен компаниялар демеуі жаңа тыныс ашқандай әсер етті. Жарылыстан зардап шеккен халықты ел пейілі емде­гендей болды. Осыдан-ақ рухани көмектің маңызды екенін түсінуге болады.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ