ТЖ кезінде тұрақсыздық айыбын өндіру – мүліктік жауаптылық
ТЖ кезінде тұрақсыздық айыбын өндіру – мүліктік жауаптылық
324
оқылды
Әлемді жайлаған коронавирус инфекциясының салдары, оның адамдардың қалыпты өмір сүру дағдысына, экономикаға кері әсері айқын аңғарыла бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да аты жаман індетті пандемия деп жариялады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздан бастап елдің бүкіл аумағында төтенше жағдай режимін енгізді. Мемлекеттік билік органдары COVID-19-дың таралуын шектеу мақсатында төтенше жағдай кезеңінде көлік құралдарының жүруіне тыйым салу, мекемелер мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұру, азаматтарды оқшаулау шаралары мен тағы да басқа уақытша шектеулер енгізді. COVID-19 пандемиясы кәсіпкерлік белсенділікті тоқтатуға немесе бәсеңдетуге, шарттық міндеттемелерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға алып келгені ескеріліп, соттар экономикаға жағымсыз әсерлерді азайту мақсатында тараптарға іскерлік әдеп принциптерін басшылыққа алу және дауларды бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігін пайдалануды ұсынды. Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы ҚР Үкіметінің 2020 жылдың 20 наурызындағы №127 қаулысының 9-1 тармағының бірінші бөлігіне сәйкес өнім беруші шарттық міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайларда тапсырыс беруші мұндай өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіміне енгізу және оларға айыппұл санкциясын қолдану жөнінде шараларды қолданбайды. Бұл ретте сот, мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалу мерзімі төтенше жағдай жарияланған уақытқа сәйкес келсе және ол шарттар бойынша өнім беруші шарттық міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайларда тапсырыс беруші мұндай өнім берушілерді сатып алуға жосықсыз деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгінуге ҚР Үкіметінің жоғарыда аталған қаулысымен тыйым салынған. Тапсырыс беруші осындай талап қойған жағдайда судья азаматтық іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтын талап арыз ретінде оны қабылдаудан бас тартады. Тұрғындардан азаматтық және азаматтық процестік заңнаманы қолдану жөніндегі бірқатар сұрақтар туындап отыр. Мәселен «ТЖ-ны еңсерілмейтін күш мән-жайлары ретінде анықтау үшін сотқа жүгіну, яғни оны заңды факт деп тану міндетті ме?» деген сұраққа жауап беріп көрелік. Жоғарыда аталған құқықтық актілер республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, олар ашық, қолжетімді, баршаға мәлім. Демек ТЖ «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен енгізілген жалпыға белгілі факт. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 76-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот жалпыға бірдей белгілі деп таныған мән-жайлар дәлелдеуді қажет етпейді. Бұл ретте белгілі бір аумақта, оның ішінде сотқа және іске қатысатын адамдарға кеңінен мәлім болуына орай іс бойынша дәлелдеу нысанасына кірмейтін мән-жайлар жалпыға бірдей белгілі мән-жайлар деп танылады. АПК-нің 306-бабына сәйкес сот арыз берушінің заңдық маңызы бар фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуына жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін болмаған кезде ғана осы фактілерді анықтайды. ТЖ-ны енгізу «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңы 5-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен Жарлық шығару арқылы жүзеге асырылған және құжат түрінде өзгеше ресімдеуді талап етпейді.  Сәйкесінше ТЖ-ны енгізуге байланысты еңсерілмейтін күш мән-жайы болуының заңды фактісін анықтау үшін сотқа жүгіну қажеттілігі талап етілмейді. Көпшілікті мазалаған тағы бір сұрақ – егер міндеттеме ТЖ-ны енгізуге байланысты бұзылса, шарт тарабы міндеттемені орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауаптылықтан босатыла ма? Бұл сұраққа нақты жауап берер болсақ, АК-нің 359-бабының 2-тармағына сәйкес кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған кезде мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсті дәрежеде орындамаған адам, егер еңсерілмейтін күштiң, яғни осы жағдайлар кезiндегi төтенше және тойтаруға келмейтін мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, соғыс қимылдары және т.б.) салдарынан тиiсінше орындауға мүмкiндiк болмағандығын дәлелдей алмаса, мүлiктiк тұрғыда жауапты болады. Демек еңсерілмейтін күш мән-жайларына, атап айтқанда ТЖ енгізу шеңберінде қабылданған шаралар мен тек уақытша шектеулерге қатысты мiндеттемелерді орындамау мүліктік жауаптылыққа әкеп соқпайды. Азаматтық заңнамаға сәйкес залалдарды өтеу, тұрақсыздық айыбын  (айыппұл, өсімпұл) өндіру мүліктік жауаптылыққа жатады.

Айжан СМАЙЫЛ, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы