Бұл көш қыстауға немесе жайлауға бет түзеген көш емес. Шетелден атажұртқа ат басын бұрған ағайынның да әңгімесі емес. Бұл – астанаға тоқтаусыз ағылып жатқан жұрттың жайы. Бас қаланы қалаушылардың көп болғаны сондай, жыл сайын мұнда 50 мыңдай адам тұрақты тіркеуге тұрады екен. Көшіп келушілердің 90 пайызы өз отандастарымыз. Ал мұндағы тіршілік ауқымының кеңейгендігі жаңа қажеттілікті туындатып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы: «Халықтың жыл сайынғы өсуі және ішкі көші-қон процестерін тиісті бақылаудың болмауы қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына, ең алдымен, медицина мен білімге жүктемелердің көбеюіне әкеледі» деді. Демографиялық өсімнің басқа тіректерін айтпағанда, қала халқы жыл сайын 40 мың адамға толығып жатыр...
Елордалықтардың санын көбейтiп жатқандар әуелгiде Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарының тумалары болған. Ал кейінгі жылдары келісті шаһарымызға Ақмола (21,1%), Түркістан (11,2%), Қарағанды (9,2%), Шығыс Қазақстан (8,1%) облыстарынан келушілер көбейе түскен.
Биылғы бірінші жартыжылдықта 2018 жылдың осы уақытымен салыстырғанда, бас қалаға келгендер саны 76 пайызға, кеткендер саны 63 пайызға көбейіпті. Соңғы алты айда қалаға келгендер 45 464 адамды, кеткендер 28 066 адамды құрайды.
Бұл шамамен алты айда 17-20 мың, жылына 40-50 мың адамның осы қалада тұрақтап қалатынын көрсетіп отыр. Оның басты себептеріне тоқталайық. Біріншіден, Нұр-Сұлтан үлкен құрылыс алаңына айналды. Әртүрлi санаттағы жұмыс күшiне қажеттiлiк туды. Тұрғындары көбейiп, күнделiктi тұтыным артқандықтан, жекелеген сауда көзiн ұстанғандар да күнкөрiс үшiн бас қаланы бетке алды.
Осындай көшi-қонның нәтижесiнде, қала тұрғындарының саны елорда ауыстырылған жылдары небәрi 200 мың адамды ғана құраған болса, бүгiнде 1 миллион 100 мыңнан асып түскен. Бұл қалада тұрақты тұратындардың саны. Оған күнделiктi елордаға әртүрлi шаруамен келiп, бiрнеше ай, тiптi бiрнеше жыл тұрақтап қалып жатқандарды тағы қосыңыз. Уақытша тұрақтағандардың қатарында қалаға келушiлердi құрайтын шетелдiктер де бар.
Қазақстанға шетелден екі қолға бір күрек іздеп келетін жандар аз емес. Мәселен, жыл сайын орта есеппен тек Өзбекстаннан 140 мың, Қырғыз Республикасынан 80 мың кісі келеді.
Әлеуметтанушылардың айтуынша, Нұр-Сұлтанға негiзiнен кеудесiнде арманы көптер келедi. Олардың дені көбіне жұмыс істеуге келген жастардан тұрады. Бұл қуанарлық жағдай болғанымен, екінші жағынан алаңдарлық ахуалға да айналып отыр. «Жастар жағы осы қалада жүріп, бас қосады. Үйленеді. Балалы болады. Баласын балабақшаға кезекке қояды. Мектепке береді. Ауылдан оларға қарасуға үлкендер жағы тағы келеді. Медициналық мекемелердегі кезек саны да соңғы кездері оңайлықпен шешіле қоймайтын дауға айналды. Жергілікті билік бұл қажеттіліктерді қамтамасыз етуге бар күшін салғанымен, көшіп келу қарқынына ілесе алмай отыр. Қаланың белгілі бір тұрғындар санына есептелген ресурсы бар. Бақылаусыз ішкі көші-қон салдарынан тұрғын үй, білім алу орындары және балабақшадағы орындарға қатысты қиындықтар туындап отыр» дейді әлеуметтанушы Ерлан Қуантқанұлы.
Елiмiздiң басқа аумақтарынан келiп қоныстанушыларды балабақша, мектеп, емхана және ең бастысы, баспанамен қамтамасыз ету үшiн қала бюджетiне жыл сайын қосымша қаражат бөлінеді. Соңғы 10 жылда елордадағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 есе артып, нәтижесінде, 130 мыңға жеткен. Бүгінде елордада 22 590 орынға арналған жекеменшік балабақша мен мектептер жұмыс істеп тұр. Жекеменшік емханалар да дами түсуде. Қазіргі уақытта елордада осындай 14 мекеме жұмыс істейді. Бірақ бұл да мәселені түбегейлі шеше алмай отыр. Әсіресе, білім беру ұйымдарындағы орындар жетіспеушілігі мәселесі әлі шешілген жоқ.
Президент өз сөзінде «Халықтың жыл сайынғы өсуі және ішкі көші-қон процестерін тиісті бақылаудың болмауы қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына, ең алдымен, медицина мен білімге жүктемелердің көбеюіне әкеледі. Ішкі көші-қон процестерін бақылауды күшейту керек. Бұл осылай жалғаса алмайды. Қалаларымыздың көп халқы мақтаныштың белгісі емес, бұл шешілуі қажет мәселе екенін айттым» деді.
Жүктеме дегеннен шығады. Расында, елорда мектептеріне оқушылар сыймай жатыр. Бұл – жылда қайталанатын құбылыс.
Айта кететіні, бұл мәселелер кеше немесе бүгін болып отырған жоқ. Астана ауысқалы, елді жаппай алаңдатып отырған жағдай.
Бүгінде елордалық 14 мектептегі бір сыныпта 40 бала оқиды. Олардың сегізі – үш ауысымды мектеп. 85 мың бала елордалық балабақшаларға кезекте тұр.
Бүгінде астанада 15 жасқа дейінгі 295 мың бала бар. Бұл бұрынғы Целиноградтың тұрғындарынан көп. Егер 10 жыл бұрын 73 мектеп пен 75 мың оқушы болса, қазір бізде 112 мектеп пен 183 мың оқушы бар.
Осы жылы 9 мың оқушы мектеп бітірді, ал 1 қыркүйекте 1-сыныпқа 24 мың бала барды. 25 мың оқушыға орын жетпейді. Қазіргі уақытта сегіз мектепте үш ауысымды оқу жүріп жатыр.
Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин соңғы жылдары «Алдағы бес жылда 24 мектеп саламыз» десе, қала әкімі Алтай Көлгінов жақында «Жалпы, елорданы дамытудың кешенді жоспары бойынша 5 жыл ішінде тағы 37 мектеп салынуы тиіс. Бірақ бұл тұрғыда республикалық бюджетке ғана иек артпауымыз керек. Жақында өткен инвестициялық кеңесте 11 жекеменшік мектеп қолдау тапты. Бұл жеке инвестицияның есебіне салынады деген сөз. Біз қалай болғанда да бұл мәселені шешуіміз керек» деді. Мұндай жекеменшік мектептердің бағасы тым қымбат екенін және олардың айлық құны кемі 100 000 -115 000 теңгені құрап отырғанын ескерсек, ол қарапайым халықтың қалтасын көтермейтіні анық.
Бүгін дүниеге келген сәби – бес-алты жылда 1-сыныптың оқушысы. Бұған ешқандай есептің де керегі жоқ. Еліміз бойынша соңғы 5 жылда 130 мыңнан астам бала дүниеге келсе, демек, дәл қазір елімізге жедел түрде соларға лайықты мектеп пен балабақша керек деген сөз. Сондықтан бұл мәселеден салғырттықтың да бір ұшын көруге болады. Елордамыз бойынша да тура осындай. Әр оқу жылында 15 мың оқушы қатарға қосыла ма, қосылады. Демек, жылдағы жоспарға өзгеріс енгізіп отыруға болады. Әсіресе, мектеп мәселесі жылына жылан жылжығандай қарқынмен емес, жүйелі жұмыспен ғана шешілетіні анық.
Ең сорақысы, елордада жасалған қылмыстардың тең жартысы өңірлерден келгендердің үлесіне тиіп отыр. Өйткені оған ішкі көші-қонның реттелмеуі мен азаматтарды тіркеу ісіндегі олқылықтардың көп жіберілуі – себеп. Нұр-Сұлтанның мұншама адамды жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағдайын шеше алмайтыны анық. Жұмыс таба алмағандар бас қаланың криминогендік ахуалын ауырлатып отыр. Жағдайды реттеу үшін, Ішкі істер министрлігі қылмыспен күресумен қатар сол қылмысты болдырмау, алдын алу шараларын жіті қолға алу керек.