Жамбыл облысының Байзақ ауданында 30 жылдан бері суармалы сусыз отырған Абай және Бірлік ауылдары келесі жылдан бастап сумен қамтылады.
Оның сөзінше, қазіргі таңда Байзақ ауданында ұзындығы 21 шықырым 800 метрлік темір-бетонды Өтеміс каналының арнасы салынуда. Бұл ұзақ жылдар бойы егінін суара алмай отырған шаруалардың мәселесін шешеді деген үміт бар.
Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, биылғы вегетациялық кезең сәуір айында басталған. Облыстың егінді алқабтарына келетін суармалы судың 82 проценті трансшекаралық өзендерден келеді. Алайда, биылғы су тапшылығы біраз қиындық тудырған. Дегенмен «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық бөлімшесі облыс бойынша 550 млн текше метр су шаруаларға үлестірілді.
«Бұл Жамбыл облысында ғана емес, бүкіл Қазақстанда, Орталық Азия елдеріндегі жағдай. Көрші елдерде де су аз. Дегенмен «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының қызметкерлері күндіз-түні кезекшілік жасап, ауылдарға кезекпен су беру арқылы су айналымын жасады. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегі бойынша барлық шаруа егінін жинап алды. Қурап қалған егін жоқ», – деді Қ.Бедебаев.
Жалпы Жамбыл облысында 229,7 мың гектар суармалы жер бар. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы соның 169,6 мың гектарына қызмет көрсетеді.
Тұмар МЫРЗА