Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Елбасы Н.Назарбаев биылғы жылды Жастар жылы деп бекіткені белгілі. Жылдың соңғы айлары бітетін күн де алыс емес. «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» демекші, әні-міне дегенше, қыстың алғашқы айы да есік қағары сөзсіз. Сонымен, Жастар жылына қандай есеп береміз? Біз осы сауалды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Дүйсенбайұлына қойған едік.
– Мадияр мырза, қазіргі уақытта жастар тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қолдау табуда. Осы орайда, Президенттік кадрлық резерві – жас мамандарға деген жоғары сенімнің дәлелі. Кадрлық резервке іріктеу жөнінде жастар нақты ақпарат ала алды ма?
– Жалпы, жастарға кадрлық резервке іріктеу жөнінде көп ақпарат берілді деп ойлаймын. Барлық бұқаралық ақпарат құралында да, әлеуметтік желіде де осыған қатысты мәліметтер жарияланды. Кадрлық резервке өзін ұсынғысы келген жастар бұдан хабардар. Оның үстіне құжат қабылдау электронды форматта өткізілді. Бұл – кадрлық резервке енудің тағы бір оңай жолы.
Тағы бір мәселе, бұл іріктеуден кейін жастар арасында бәсеке туындауы да мүмкін. Өйткені кадрлық резервке іріктеуден барлығы бірдей өте алмауы мүмкін. Шын мықтылар ғана бұл додаға ат салыса алады. Оларға бір деңгейден бір деңгейге өтудің өзі – үлкен сынақ. Меніңше, бұл 300 адаммен ғана шектеліп қалмайды. Өйткені қазірдің өзінде нақты саны қаншаға жеткенін білмейміз. Бұл мәселемен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі айналысып жатыр.
– Бұл биылғы жылдың басты шараларының бірі ме?
– Кадрлық резервке іріктеу – Президенттің жаңа бастамасы. Негізі бұл бастама да Жастар жылымен тоқайласып отыр. Тәуелсіздіктен бері қарай жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, жақсы жағдай жасалып келеді. Негізі жастарды толғандыратын 5 мәселе бар. Атап айтар болсақ, үймен және жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасау, білім беру, сондай-ақ олардың азаматтық белсенділігін көтеруге ықпал ету. Жастар жылында атқарылған негізгі жұмыс – осы негізгі бес бағытты жүйелендіру. Біріншіден, үймен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда жастарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы ғана емес, оларға арнайы үй беру мәселесі қарастырылып жатыр. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жастарға жеңілдікпен баспана беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге он мыңдаған жасты кәсіпкерлікке үйретіп, олардың бизнесін бастауына алғашқы ақшалай көмек көрсету мәселесі грант арқылы шешілуде. Сонымен қатар 11-сыныптарға, университеттерге кәсіпкерлік негізі деген арнайы сабақ өткізу – басты назарымызда.
– Өзіңіз білесіз, Жастар жылы аяқталуға таяу. Кез келген жылды өткізуде науқаншылдыққа көбірек басымдық беретініміз жасырын емес. «Алаулатып-жалаулатып» бір жыл да өте шығады. Неге олай?
– «Науқаншылдық» деп біржақты кесіп айтуға болмайды. «Ауыл жылы», «Жастар жылы» деп атын атап, түсін түстеген соң, сол жылға ерекше көңіл бөлінеді. Белгілі бір атаудың шеңберінде арнайы жоспар жасалады. Нені қамтып, не қамтылмау керектігі ескеріледі. Нақты іс-шаралар жоспары бекітіледі. Әуелі өткізілетін шаралардың нәтижесі қандай болмақ? Соны зерттеп-зерделеп алуымыз қажет. Кез келген мәселе басқосусыз шешілмейді. Онда адамдар бір-бірімен кездесіп қана қоймай, ой-пікірімен бөлісіп, мәселенің шешімін табуға тырысады. Форумдарда жаңа бағдарламалар қабылданып, кемшіліктер айтылып, ортақ талқыға түседі. Сондықтан науқаншылдық деп емес, нақты атқарылған жұмыстарға баға берілетін жыл деп қараған жөн. Мысалы, биыл «Жастар практикасы» аясында 30 мың жасқа жұмысқа орналасуына көмек көрсетілді. Одан бөлек, «Дипломмен ауылға», «Жас маман», «Жас кәсіпкер» бағдарламасы қабылданды.
Жалпы, кез келген жас «маған көмек берілуі керек» деп қол қусырып отыруына болмайды. «Іздегенің алдынан іздемей-ақ табылар» дегендей, ізденген жасқа барлық мүмкіндік бар. Соны пайдалана білуі қажет. Мәселен, жас талапкер мемлекеттік бағдарламаға сүйене отырып, өзінің мақсатын жүзеге асыруына болады. Әйтпесе, біз «Мынау саған жасалған жеңілдік» деп ешкімнің есігін қақпаймыз. Тіпті, «міне, саған баспана, міне жұмыс» деп ешкім ұсынбайды да. Қазір біз нарықтық заманға көштік. Әр адам арманына өзі қол созуы керек. Соның ішінде жастар жалындап, жарқырап тұруы тиіс. Оның тек сыртқы келбеті емес, ақыл-ойы мен кәсібилігі де жоғары бағаланады. Себебі бәсекелестік – бүгінгі қоғамның басты талабы.
– Жастардың жас мөлшерін қалай анықтаймыз? Кей бағдарламаларда 29-ға дейінгілер алынса, кейбірінде 35-ке дейін деп жазылып жүр. Негізі қайсысы нақты?
– Заң бойынша жастардың жас мөлшері – 29. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымымен жас мөлшері 35 жасқа дейін көтерілуі мүмкін деген пікірлер бар. Мысалы, жастар кадрлық резервін 35 жасқа дейін жасауда. Тіпті, кейбір мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін жастардың жасын 35-ке дейін көтеріп отырмыз. Оның үстіне 29 жас аз деп есептейтіндер де бар. Алайда заңды тұрғыдан жас мөлшерін ауыстыру – қосымша қаражатты талап етеді.
– Келесі жыл волонтерлерге арналмақшы. Алайда волонтер дегенде – бізде формализм басым секілді. Мәселен, Еуропа елдерінде жұмыс беруші жастардың қоғамдық жұмыстағы белсенділігін ескереді, Ресейде оқуға түсуіне жеңілдік жасалады. Біздегі волонтерлікке деген көзқарасты өзгерту қажет емес пе?
– 2016 жылы волонтерлікке байланысты арнайы заң қабылданып, соның аясында бірқатар бағдарлама жасалды. Сөйтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтерлер жылы деп атауды ұсынды. Волонтерлік қызмет деген аудармашылық жасаумен шектелмейді. Волонтерліктің бағыты сан-сала. Мәселен, Арыс оқиғасында тұрғындарға қаржы-қаражаттан бөлек, көмек беріп, азық-түлік жеткізіп, киім тасыған да волонтерлікке кіреді. Бүгінде волонтерлерге арналған арнайы сайт та бар. Волонтер болғысы келген адам сонда тіркеліп қоюына болады. Міне, сол арқылы ол адамның ерікті түрде қоғамдық жұмысқа араласатынын біліп отырады. Мұның келешекте жұмысқа орналасуына не болмаса ЖОО-ға түсуіне септігі тиюі де мүмкін. Себебі заңды тұрғыда волонтерлік қызметке айрықша мән беру туралы ұсыныстар айтылуда.
– Ал егер волонтер ретінде тіркелмей, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүргендерге жеңілдік болмай ма?
– Кез келген адам волонтер бола алады. Ал сайтқа тіркелу – ол оның қаражат алуына, ерікті ретінде ақша табуына мүмкіндік жасайды. Қазір Волонтер сайтын платформа ретінде қарастырып отырмыз. Осы платформа аясында белсенді жастарды анықтауға мүмкіндік туады.
– ХХІ ғасырдағы ең үлкен қауіп – жастардың ажырасуы. Отбасын бұзған жастар көп. Жетім бала, жесір әйел, жұмыссыз еркек жетіп артылады. Одан бөлек, АӘК алу үшін ажырасып жатқандар да көп. Негізі Үкімет көпбалалы аналарға жәрдемдесу арқылы оны жасанды масылдыққа әкелмеді ме?
– Жалпы, отбасылық қатынастардың құнсызданғаны ешкімге жасырын емес. Ажырасу санының артуы, үйдегі зорлық-зомбылықтың, әлеуметтік жетімдіктің үрдісі жоқ емес, бар.
Бұрынғы кезде әкесіз өскен бала болмады. Сондықтан да «тірі жетім» деген ең ауыр сөз болатын. Ал қазіргі таңда бұл нәрсе саңырауқұлақша қаптап кетті. Міне, содан «әлеуметтік жетімдік» деген ұғым пайда болып, қанға сіңуде. Мысалы, британдық The Еconomist басылымының ақпараты бойынша, ажырасу жағынан көрсеткіші жоғары он елдің қатарында Қазақстан бар. 1-орында Ресей болса, Қазақстан – 9-орында.
Мәселен, елімізде 2016 жылы 51 993 ажырасу құжаты тіркелген екен. 2017 жылы 54 626 болса, 2018 жылы 54 797 неке бұзылған. Міне, соңғы 2 жылда ажырасу көбейе түскен. Бұл тенденция биыл да жалғасуы мүмкін. Биылдың 6 айында 29 025 отбасы ажырасқан. Былтырғы жылдың сол аралығында ажырасу 2 мыңға көбірек болған. Сондықтан біз ажырасу фактісін азайту үшін отбасы институтымен тікелей байланысты ведомстволардың өзара үйлесімді қызметін қамтамасыз ету қажет.
Соған орай, биыл халық мейлінше көп шоғырланған қала Шымкентте «Қанатқақты» жобасын қолға алып, Отбасы, балалар және жастар істері басқармасы құрылды. Егер бұл басқарма отбасылардың жағдайын жақсартуға, отбасы саясатындағы стратегиялық индикатордың жақсаруына жол ашса, өзге өңірлерге таратамыз. 2030 жылға арналған отбасы-гендерлік тұжырымдамасы бойынша екінші кезеңінің іс-шаралар кешенін жоспарлаудамыз. Бұл тұжырымдаманың іске асуына Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық гендер саясаты жөніндегі Ұлттық комиссия ұйытқы болып отыр.
– Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жастардың іс-шараларын қолдауға арнайы грант бөледі: фестиваль, конкурс, блогерлер форумы. Мұндағы мақсат не? Жастар саясаты «жарқ-жұрқ» еткен саясат па, әлде ұзақмерзімді стратегиялық жоспар ма?
– Форум, конкурс, фестиваль көбірек насихатталғандықтан, солай көрінуі мүмкін. Саясат болғаннан кейін қоғамдық қарым-қатынастың барлық құралын пайдаланған дұрыс. Оның ішінде форум, фестиваль, конкурс та кіреді. Соның арасында әлеуметтік көмек көрсететін жобалар бар. Өкінішке қарай, олар БАҚ-та көріне бермейді.
– Биылғы жылы жастарға арнайы марапат беріледі екен. Негізі жастардың «Дарын», «Серпер» деген марапат бар. Бұған қосымша берілетін бұл қандай сыйлық? Жалпы, жастарға атақ-дәреже беру қажет пе? «Әсіре қызыл – тез оңар» демекші, мұндай сыйлықтар жастардың ойын, ниетін бұзбай ма?
– Жастар жылы аясында жастарға қолдау көрсетілгені де дұрыс. Осындай бір жоба жасағымыз келіп отыр. Олардың арасында волонтерлік қызмет көрсеткендер де бар. Тамыр-таныстықпен сыйлыққа қол жеткізді деген мәселе туындамау үшін ашықтық болғаны дұрыс. Ал сыйлық берілуі керек пе, жоқ па деген мәселеге келсек, мұндай қолдау – өзге жастарға үлгі болады. Әрі жастардың да жетістіктерін бағалауымыз керек. Әйтпесе, ол сыйлық, алғысхат, марапаттау қағазы – жастардың көзқарасын өзгертеді деп ойламаймын.
– Өзіңіз қаншалықты ашықсыз?
– Барлық жұмысымды мүмкіндігінше ашық көрсетуге тырысамын. Әлеуметтік желілерде парақшаларым бар. Кез келген жас сол парақшаларым арқылы байланысқа шыға алады. Әр пікірге құлақ асып, кемшін тұстарды реттеуге тырысып отырамыз.
Әңгімелескен
Г.ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ