Бұл – бірнеше өлшемі бар дүние. Біріншіден, «партияішілік» деген сөзге өте қатты назар аудару керек. Осындай идея айтылған кезде анда-мұнда, әлеуметтік желіде «бұл мүмкін емес», «әділ өтпейді», «көпшілік қатыспайды» дегендей сыңаржақ пікірлер болды. Енді нәтижесін қарайық. 11 мыңдай адам қатысты. Оның басым бөлігі – бұрын-соңды саяси өмірге араласпаған азаматтар. Әр жерде әрқалай, әрине. Өзіміз біркелкі емеспіз. Бір-біріне ұқсайтын өңірлер жоқ. Бір облыстың ішінде бір-біріне ұқсайтын ауданымыз жоқ. Бір жерде консервативті орта, бір жерде еті тірі орта. Бір Алматының өзінде, мысалы бір ауданда бір орынға 12 адам таласса, кейбір ауданда бір орынға 6-8 адам үміткер болды. Екінші мәселе бар. Баяғыда мәслихатқа, партияға, тағы басқасына адамды қалай жинайтын? Ең алдымен, әкім немесе тиісті басшы қоғамда аты шығып жүрген азаматты шақырып алып: «Сізге осындай ұсыныс бар. Қалай қарайсыз? Әзірге мына жерді басқарсаң, болашақта сені ана жаққа жіберсек деген ойымыз бар» деп тізімге кіргізіп, оған партияның аппаратын негіздеп, «осыған көмектесіңдер, штабын құрыңдар, қаражатын шығарыңдар» деп жүктеп қоятын. Ал праймериздің жүйе ретіндегі кереметі, партияға үлкен мүмкіндік берді. «Азаматтар алдымен бақ таластырып, бір-бірін сынақтан өткізіп алсын. Қай жеңгені тізімге енеді» деген қағида болды. Партия аста-төк ақша жұмсаған жоқ. Тек ережесін бекітіп, қадағалауды ұйымдастырды. Праймеризде кандидаттардың шама-шарқын байқадық. Кейбір үміткерлер өзіне ғана сеніп, өзі жүгіріп, өз бетімен жұмыс істеді. Бұған ұлттық дәрежедегі үлкен сайлау ретінде қатысқан азаматтарды да көрдік. Клип түсіріп, штаб жалдап, оған адам алып, фильм дайындап біраз әуреленді. Үгіт-насихат материалдарының өзіне дейін әртүрлі болды. Кейбірі үш бет қағазын принтерден басып таратса, біреулер үлкен полиграфияда жасалған түрлі-түсті, сапалы дүниелерін ұсынды. «Праймериз әділетсіз өтеді, негізгі мақсатын орындамайды» деген әңгімелер айтылды. Бірден ескертейік, партия «мынанша пайыз жаңарамыз, мынанша адам аламыз» деп ешкімге уәде берген емес. Қатысқан азаматтар да оны әртүрлі түсініп, әртүрлі қабылдаған сияқты. Партия болғандықтан, партияның ұйымдары болғандықтан, пандемия кезі болғандықтан, үгіт-насихаттың шектелуі сынды кедергілер кездесті. Дегенмен партия – үлкен орта. Праймериз Қазақстанның саяси өміріне орнықты десек, келешекте ескеретін жайт көп. «Қай кандидат жеңіске жетті? Несімен ұтты? Неге басымдық жасады?» деген мәселені арнайы зерттеуіміз керек. Праймериз біраз нәрсенің бетін ашты. Әсіресе, өңірлерде отырған тым ескішіл, ішкі-сыртқы өзгерістерге қабілетсіз мамандарға сабақ болды. Праймериз партия ішіндегі ұйымдастырушылық жұмыстардың бір жолға қойылғанын дәлелдеді. Қиын-қыстау кезеңде қатарын түгендеп, кетіретінін кетіріп, келтіретінін келтіріп, өз-өзін жаңартып алды.
Праймериз партияның өз мүддесінен туындады. Сондықтан оның әділ өткеніне сенуіміз керек. Қоғамда өзгеріске, жаңа тұлғаларға деген сұраныс бар. Праймериз нәтижесі – үлкен азық, ой салатын, зерттейтін дүние.
Қайталап айтайын, бұл жалпыұлттық сайлау емес, бұл жалпыұлттық дода емес. Бұл – партияішілік шара. «Жағдайымызды көрейік, мүмкіндігімізді анықтайық, қатарымыздағы белсенділердің санын шамалайық» деген науқан. Қатысқандардың бәрі депутат болмайды. Біреу штабқа кіруі мүмкін, біреу резервке кіруі мүмкін, біреу қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Бұл партия үшін бір жағынан сынақ болса, екінші жағынан үлкен жұмыс болды. Осыны да ескерген дұрыс.