Азия мен Еуропа мәдениеті екі аралық тәрізді. Еуропа туристері музей мен қала мәдениетіне қызығады. Архитектуралық өнер туындыларын тамашалағанды ұнатады. Туристердің көпшілігі Азияны аралағанда билет пен ыңғайға назар аударады екен. Қай ел тиімді баға ұсынады, соған тартып отырады. Мұндайда мәселе қайта айналып елдегі әуебилетінің арзан-қымбатына тіреледі.
Қазақстан 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша түйіседі. Яғни, елімізде аптасына 26 шетелдік және 3 қазақстандық әуекомпания 430 рейс жасайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың мәлімдеуінше, шетелдік тасымалдаушылар үшін «ашық аспан» режимін енгізу керек. Сонда ел мен елдің арасында әуебайланыс орнап, қашықтық қысқарады.
Министрдің айтуынша, 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласы «ашық аспан» режиміне көшкен. Нәтижесінде, үш жылда 19 жаңа маршрут ашылған. Оның ішінде Токио, Варшава, Будапешт, Хельсинки бар. Сондай-ақ астанада Мәскеу, Стамбұл, Лондон мен Бейжіңге ұшу жиілігі өскен. Мұның бәрі сәтті режимнің жемісі. Ендігі мақсат – Сингапур, Шанхай, Нью-Йорк сияқты ірі қалаларға рейс ашу. Қазақстандық тасымалдаушылар осы бағытта жоспар бойынша әрекет етіп жатыр. Атамқұловтың сөзінше, Алматы, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей әуежайына «ашық аспан» режимі енгізіледі.
Бірқатар шетелдік әуекомпаниясы Қазақстан нарығына шығуға ниетті. Мысалы, 2021 жылы Дубайдың атақты Emirates-і келеді. 2020 жылы елімізде Qatar Airways жұмысын бастамақ. 2021 жылы China Eastern-нің арқасында Шанхайға жол ашылады. Сонымен бірге Орал әуежелісі, Победа мен тағы басқа әуе компаниялары келеді деген болжам бар.
Осындайда «Қазақстан көгінде бұрындары шетелдік әуекомпаниялары рейс жасамады ма?» деген ой туады. Жұмыс істеген. Осыдан бірнеше жыл бұрын Австрия мен Чех әуежелісі мен KLM ел игілігі үшін қызмет еткен. Мәселен, КLM әуекомпаниясы Амстердам – Нұр-Сұлтан/Алматы бағытында жолаушы тасымалдаған. Бастапқы келісім бойынша екі ел аптасына 7 рейс жасаған. Компания ел нарығынан кетуіне себеп ретінде экономикалық жағдайды көрсетіпті. Бірақ Air Astana арқылы Нұр-Сұлтан – Париж бағыты бойынша байланыста екенін жазған. Сондай-ақ Қазақстан – Еуропа нарығындағы бәсекенің жоғары екенін, ұлттық валютаның құбылмалылығын қосқан.
Доллар көтерілсе, мұнай құнының түсетіні немесе керісінше, болатыны бәрімізге белгілі. Ал әуебилет бағасы тікелей керосинге байланысты. Бағаның 20%-нан астамын авиа отын шығыстары құрайды. «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» заң қабылданғаннан бастап Үкімет авиациялық керосин бағасын реттеуден босатылды. Салдары Қазақстанның ішкі нарығында авиациялық керосиннің жетіспеуіне әкелді. Бақылауда ұстамағаннан кейін «бармақ басты, көз қыстыға» айналды. Билет бағасы қымбаттап, әуе нарығында алагеуім туды. Елдегі шетелдік компаниялар жүгенсіз жерден тізгін тартқанды жөн көрді.
Содан бері әуе нарығында бірнеше серпіліс болды. Шетелден керосин тасымалдау да бір арнаға түсті. Президент Жолдауында әуебилетінің қымбат екенін баса айтты. Үкімет билет құнын түсіру жөнінде шара қолданып жатыр. Жақында өткен отырыста Үкімет басшысы авиакеросинге баға белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды. Тапсырма алғандар – Ұлттық экономика, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Жүктеген міндеттің аяқ алысын жыл соңында көретін боламыз. Ал қазірге қуантарлығы – FlyArystan лоукостері.
FlyArystan секілді лоукостерлер әлемдік әуе нарығының құраушы күші. Мысалы, AirAsia жаһанға танымал лоукостер. Тарифі жағынан да ең арзан лоукостерлер қатарында. Аталған әуекомпания 140 бағыт бойынша Азияның 23 еліне жолаушы тасымалдайды. Әуекомпанияның Австралия мен АҚШ-қа қатынайтын рейсі бар. Жалпы, ел мен елді жалғайтын лоукостерлер халыққа өте тиімді. Осы орайда, FlyArystan 2020 жылдың аяғына таман Мәскеумен халықаралық байланыс орнатады.
FlyArystan осы жылдың мамыр айынан бастап 450 мыңнан астам билет сатты. Билеттің 60%-ға жуығы 10 мың теңгеге дейін минималды тарифпен сатылған. Жақында Нұр-Сұлтаннан Павлодар, Семей және Шымкент қалаларына ұшатын жаңа рейс ашылды. Билет бағасы 5 999 теңгеден басталады. Павлодарға опционды тариф 999 теңгеден бастап сатылды. Біріншіден, бұл – тиімді пиар. Екіншіден, әуе бәсекесінің қызуына әсер ететін фактор.
Әуекомпаниялары жыл сайын адам тасымалы туралы рейтинг жариялайды. Жолаушы ағынының пайызын есептейді. Халықаралық әуекөлігі қауымдастығының аймақтық өкілі Джордан Карамалаков kursiv.kz-ке берген сұхбатында нарықты жан-жақты талайды. Әуетасымалының елдегі күйін былайша жеткізеді. «Негізгі мәселе – халықтың қозғалысына оның қаржылық мүмкіндігі шектеу болып тұр. Мәселен, Еуропада бір адам жылына орта есеппен 1,7 рет ұшса, ал АҚШ-та тұрғындардың қозғалыс коэффициенті 2,5-ті құрайды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш әлдеқайда аз. Одан жолаушы ағынын ұлғайтуға қажетті негізгі әлеуетті көріп отырмын. Кірме туризм отандық авиацияны аталмыш салада жылына 14 пайыздан 16 пайызға дейін дамытуға ықпал ете алады. Қазір Үндістан мен Қытайда осындай көрсеткіш байқап отырмыз. Меніңше, Қазақстан жолаушы ағынының жылына 8-10 пайызға артуына қанағаттанбауы керек. Егер 15 пайыздан артық көрсеткішке қол жеткізе алса, онда авиациялық қатынасқа дамып кеткен елдермен арадағы қашықтық қысқара түспек» дейді ол.
Осындайда физика еске түседі. Физиканы әуе тіліне аударғанда қашықтық қозғалысқа, қозғалыс қаражатқа тәуелді. Ал қашықтыққа керосин, қозғалысқа жолаушы, қаражат тиімділігіне әуекомпания жауапты. Осы үштік жүйелі жұмыс істегенде, көк аспандағы қозғалыс реттеледі.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ