Салықтан жалтарсаң да, аманаттан аттама…
Салықтан жалтарсаң да, аманаттан аттама…
5,173
оқылды

Шүкір, Шымкент қаласы көркейіп, зәулім-зәулім үйлер тұрғы­зылып, адым сайын кафе мен тойханадан, дүкендерден, басқа да жарқылдаған соңғы үлгідегі заманауи құрылыс материалдарымен салынған кәсіпкерлік нысандардан аяқ алып жүре алмайсыз. Осыған қарап, шаһарымызда қалталылардың көбейгеніне қуанасың. «Елде болса ерінге тиеді» дей ме қазақ, әйтеуір көршіміз байыса пайдасы болмаса зияны тие қоймасы анық.

Дегенмен шымкенттік салықшылар оларға өкпелі. Неге? Кәсіпкерлік ны­са­ны көп болса бюджеттің қоржыны қом­пимай ма, дерсіз. Алайда біздің кә­сіпкерлер мемлекет игілігін мойын­дағысы келмейтін, дамығанын қаламай­тын сияқты. Егер қаласа мемлекет игі­лігі үшін тиісті салығын да төлеуі тиіс еді ғой. Ал олар салықтан жалтарып, табысын көрсеткісі келмейді. Мұндай қалталылардың қатарында халық сенім артқан мандат иелері де бар болып шықты. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер депар­таменті басшысының орынбасары Н.Құлымбетов қалалық қоғамдық кеңестің отырысында атап өтті. Алайда халық қалаулылары өздерінің әріптестері туралы айтылған сынды оншалықты қабылдай қоймады. «Мұндай мәселені жеке кабинетке шақырып айтуға болмай ма?» деген сияқты қарсылықтар әр-әр жерден естіліп қалды. Жасыратын несі бар, депутаттардың басым бөлігінің бизнесі бар. Таяқтың бір ұшы өздеріне тиіп кететінін сезді ме екен, әйтеуір шыр ете қалды.

Департамент басшысының орын­басары жалпы рейдтік шара аясында 2 564 кәсіпкердің табысын жасырып келгені анықталғанын жеткізді. Олардан бүгінгі таңда мемлекетке 64 млн 700 мың теңге өндіріліп алынған. Ал 1 055 салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша едәуір айналымы бола тұра жеке табыс салығы декларациясын нольдік көрсет­кішпен табыс еткен. Әкімшілендіру жұмыстарының арқасында 144 млн теңге өндірілген. Сонымен қатар 24 сау­да үйінің мүлкі қайта бағаланып, мем­лекетке қосымша 173,6 млн теңге түспек. Бұдан бөлек, тіркелместен кәсібін дөңгелетіп жүрген 154 жеке тұлға анықталып, 6 млн. теңге өндірілген.

Шымкентте тойхана мен базар көп екені айтпаса да белгілі. Салықшылар қаладағы 11 ірі базарды тексеру арқылы 155 млн теңге көлеміндегі резервтерді анықтайды. Ал 118 тойханаға жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, олардың жылдық табысын көрсетуі 3-4 есеге өскен. Яғни, бұрынғыдан 379 млн теңгеге дейін табыс түсетіні белгілі болған. Ал 32 тойхананың бағалау құны 6,1 млрд теңгеге артыпты.

Бізге аталған мәліметтердің ішінде ең қызықты болғаны тойханаларға жүр­гізілген тексеру шаралары болды. Қазір тойдың қызған шағы. Әсіресе, Шымкент тойханаларында той болмайды дегенге ешкім сенбейді. Алайда мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тойхана, мейрамхана мен кафе иелерінің көзге көрініп тұрған миллиондаған та­бысы бола тұра салықты өте төмен мөл­шерде құятынын айтып, қынжылады. Тіпті, арасында «Бізге айына 1-ақ рет той болды деп есеп беріп, артынша той істейтін жеке тұлға ретінде телефон шал­саңыз, демалыс күндері былай тұрсын, жұмыс күндері де 2-3 ай бойы бос болмайтынын естисіз» дейді олар.

Тойхана, мейрамхана, қонақүйлер мен монша кешендері сияқты табысын және жалдамалы жұмысшылар санын тө­мен көрсеткен салық төлеушілерге жүр­гізілген 19 хронометраждық зерт­теулер нәтижесінде, олардың кірісте­рінің 5 есеге дейін жоғары екені белгілі болған. Яғни, тексерудің алдында олар­дың кірістері 208 млн теңге деп көр­сетілген болса, зерттеу жүргізілгенде 1 млрд 180 мың теңге анықталған. Ал есепке енгізілмей жүрген 133 жалдамалы жұмысшы бар екен.

Мәселен, танымал «Мұса» тойха­­насының жартыжылдық табысын 2 млн теңге деп, ал жалдамалы жұ­мыс­шысының мүлдем жоқ деп көрсетуі тіпті ұят. Сонда 6 ай бойы 4-5 той бо­лып, оған 1 ғана адам қызмет көрсетті де­генге кім сенеді?!

Салықшылар жүргізген тексеруден соң, тойхананың жартыжылдық табы­сының 52 млн теңге екені, сонымен қатар 24 жалдамалы жұмысшысы бар екені анықталған. Шынтуайтына кел­генде «Мұса» тойханасы үшін мұның өзі де төмен кіріс. Себебі тойханада әрқай­сысы 200-400 адамға арналған «Үлкен», «Ал­тын», «Хрусталь» және «Банкет» залдары адам басына 3000-4500 теңге көлемінде тапсырыс қабылдайды. Жо­ғарыда атап өткен демалыс күндерінен бөлек, жұмыс күндері де бос болмайтын тойхананың бірі – осы «Мұса». Оған дәлел іздеудің керегі жоқ. Бар болғаны телефонмен хабарласып, тойға тап­сырыс бергіңіз келетінін айтсаңыз, өздері-ақ жуық арада бос күндері жоқ екенін жеткізеді.

Сондай-ақ Шымкенттегі «Камшат» кафесінің де аты танымал. 24 сағат бойы дем алмайтын «Камшатта» бар болғаны 17 адам жұмыс істеп, жартыжылдық табыс 53 млн теңге болады дегенге кім сенеді? Тексеру нәтижесінде, мұнда 30 адамның тапсырыс берушілерге қызмет көрсететіні, ал кірістің 160 млн теңге екені анықталған.

«Теріскей» шағынауданындағы чи­кенге кезекке тұратындардың са­нында есеп жоқ. Оны шымкенттіктерден бө­лек, сырттан келетін қонақтар да біліп ал­ған. Сондықтан салықшылар «Чикен на севере» кафесі 11 жұмысшысымен жар­ты жылда 6,2 млн теңге табыс түседі дегеніне сенбей, тексеру жүргізіп, 225 млн теңге кірісінің бар екенін білген.

Міне, біздің мемлекеттік мінберлерде отырып, мемлекетке жаны аши сөйлей­тін халық қалаулыларының жеке биз­несіне келгенде мемлекетті ұмытып кететіні осыдан-ақ байқалады.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы