Аты – қазақтікі, заты – арабтікі
Былтырғы жыл аяқталар тұста елді тіксінткен хабар тарады. Сол кезде Қаржы министрі қызметін қоса атқарған бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов Дубайдағы Expo көрмесінде Қазақстанның уақытша павильонын салып, жасақтау үшін еліміз шамамен 9 миллиард теңге жұмсайтынын мәлімдеді. Оның сендіруінше, бұл салым өзін ақтайды.– Біз 10 миллиард доллар инвестиция тартуды қалаймыз. Бұл үшін Дубайдағы ЕХРО көрмесіне қатысуымыз қажет. Көрме жарты жыл бойы – 2020 жылғы 20 қазаннан 2021 жылғы 10 сәуір аралығында өтеді. Сонда Қазақстанның павильонын әртүрлі елден көптеген инвестор аралайды. ЭКСПО-да уақытша құрылыстарды тұрғызу үшін 8,8 миллиард теңге бөлінді. Егер қазақстандық павильонға бас сұққан инвесторлар біздің экономикаға қосымша шетелдік инвестиция құйса, көрмеге бөлінген ақша өзін әлденеше есе өтейді, – деді 24 желтоқсанда Үкімет отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген Ә.Смайылов.Содан бері көп нәрсе өзгерді. Дубайдағы ЭКСПО-ның уақыты ауысып, 2021 жылғы 1 қазаннан 2022 жылғы 31 наурыз аралығында өтетін болды. Әлихан Асханұлы қаржыға қатысты өкілеттігінен айырылып қалды. Елдің ендігі бас қаржыгері – Ерұлан Жамаубаев. Бюджет те қырық-жамау: мұнай бағасының күрт құлдырауы, коронавирус пандемиясы, жаһандық дағдарыс экономикаға соққы жасады. Осыған орай, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Дубай ЭКСПО-сына Қазақстан жұмсайтын қаражат көлемі қайта қаралуы мүмкін депті. Бірақ экономистердің байламынша, ол мүмкін емес. Өйткені содан бері республиканың ұлттық валютасы қатты құнсызданып, доллар құны 2019 жылғы 24 желтоқсандағы 378 теңгеден 2020 жылғы 9 қазанда 430 теңгеге дейін қымбаттады. Ал Дубайдағы шығындар теңгемен емес, доллармен есептелетіндіктен, көрме керісінше, бұрынғыдан да көп шығын қажет етуі мүмкін. Екіншіден, арабтар қазақстандық павильонға анау-мынау емес, 3 мың 420 шаршы метр бөлген, бұл Expo-2021-дегі ең үлкен телімдердің бірі. Осынша аумақта құрылыс салып, ондағы кешенді жабдықтау көп қаражатты қажет етеді, ақша үнемдеуге мүмкіндік қалдырмайды. Айтқандай, ол павильон көрме біткен соң Дубайдың иелігіне өтеді. Арабтар оны сүріп тастаймын десе де өз еркі.
Мәскеудің болашақ меншігі
Қазақстан шетелде тағы бір ірі павильонның құрылысын қарқынды жүргізуде. Оның шығыны да алапат.2019 жылғы 7 қыркүйекте ресейлік ақпарат құралдары Мәскеудегі ВДНХ (Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі) аясындағы «Қазақстан» павильонын Елбасы Н.Назарбаев, Ресей президенті В.Путин және Мәскеу мэрі С.Собянин аралағанын жария етті. Бұған қоса, ВДНХ-да Қазақстан мәдениетінің күндері өтті. Осыған қарап, павильон жақын арада ашылады деген сенім туған. Дегенмен 2020 жыл аяқталуға таяу. «Қазақстанның» жыры бітер емес. Жуырда нөкерлерімен бірге өз мегаполисін аралаған Мәскеу әкімі Сергей Собянин сөз арасында: «қазақ жағының кесірінен павильон ашылмай тұр» деп қалды. Басқа сыры мен себебін ашпады. Енді міне, Сауда және интеграция министрлігі «Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын жариялап отыр. «Сауда және интеграция министрлігіне Мәскеу қаласындағы Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі аумағындағы «Қазақстан» сауда-көрме орталығын қайта жаңартуды уақытылы аяқтау үшін 2020 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Үкімет резервінен 1 751 000 000 (бір миллиард жеті жүз елу бір миллион) теңге сомасында қаражат бөлінсін» делінген құжатта.Осы қыруар қаражат Қазақстанның Ресейдегі Сауда өкілдігінің есепшотына аударылады. Бұл сомаға қандай шаруалар атқарылатыны, ел қаржысының қайда жұмсалатыны туралы Сауда және интеграция министрлігі түсініктеме бермеді.
«Қазақстан» павильонын қайта жаңғыртып жатқан «МАРСС» ефирмасының реставрация бойынша ғылыми-жобалау ұйымының бас архитекторы Григорий Мудров құрылыс және қалпына келтіру жобалары аяқталып қалғанын мәлім етті. Ал бұған дейін павильонның жағдайы адам шошырлық жағдайда болыпты. Тарихқа шамалы шолу жасай кетсек, 1937 жылы алғаш рет ВДНХ аумағында «Қазақстан» павильоны пайда болғаны мәлім. Әйтсе де, ол ағаштан тұрғызылған. Ұлы Отан соғысынан кейін оны бұзып, жаңа ғимарат тұрғызу туралы шешім қабылданады. 1954 жылы бой көтерген жаңа нысанда металлургия саласының табысын дәріптейтін экспозициялар қойылғандықтан, мәскеуліктер оны «Металлургия павильоны» деп атайтын. Бертінде ол жер қараусыз қалды. 90-жылдары онда дәмхана, дүкендер жұмыс істеді. Мәскеу мэриясының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2011 жылы Қазақстан мен Ресей үкіметтері мәдени-іскерлік ықпалдастықты өрістету үшін сол орында «Қазақстан» павильонын ашу туралы мәміле бекітеді. Осы үкіметаралық келісімге сәйкес, павильон республикамызға 50 жылға жалға берілді. Яғни, қазақ қаржысына қайта салынған кешен 2061 жылы (келісім ұзартылмаса) толығымен Мәскеудің меншігіне өтеді. Кең ауқымды реставрация жұмыстары 2017 жылы басталды. Үкіметтің жоспарынша, оны екі жылда, 2018 жылы аяқтау көзделді. Бүкіл жұмыстар толығымен Қазақстанның қаражатына жүргізілуде. Мәскеу бюджеті «1 копейка» да бермеген.
Қазақы нақыш «варварлықтан» арылды
Қазақстан жалдаған ресейлік фирмалар мен олардың мамандары ғимараттың бастапқы, яғни кеңестік архитектуралық бейнесін қалпына келтіруге мән берді. Ұлттық құндылықтарымыз қалыс қалмады: бір қуантарлығы, Кеңес заманында павильонды салуға тартылған қазақ шеберлері оны барынша ұлттық нақышқа бөлеуге жан салыпты. 90-жылдары мәскеулік бизнесмендер ұлттық колоритті жоюға тырысып, нысанның ішкі қабырғаларын және еденін өз білгенінше қыштақталармен қаптап тастаған. Кеңес билігінің бүлдіргені де бар. Реставраторлар солардың бәрін абайлап аршып жібергенде астынан көз жауын алар, аса көркем көрініс шыға келіпті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі ғажайып әрі қайталанбас ою-өрнектер үлгісіндегі, небір символдық мағынаға ие безендіру элементтері жарыққа шыққан. Сәулетшілер 1960 жылға дейін болған, салмағы 1,5 тонна тартатын, бес ұшты жұлдызы бар сүмбі-шпильді күмбез төбесіне қайтарды. Сүмбі гүлдер және масақтар бейнесімен зерленген. Реставраторларға ресейлік коммерсанттар жапсарлас тұрғызған құрылыс-конструкцияларды да бұзуға тура келіпті. Бұдан бөлек, ғимараттың қасбетіндегі тарихи барельефтер тазартылып, қалпына келтірілді. Сонымен қатар жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен «ақ тарының атасы», рекордшы Шығанақ Берсиевтің скульптуралары қайтадан орнына – павильонның қасбетіне қойылды. Жаңарған, құлпыра түскен павильонда Қазақстанның сауда-көрме орталығы жұмыс істемек. Қажетті экспозициялар дайындалуда. Аталған қаражаттың бір бөлігі соған бағытталады деген дерек бар. Мұның сыртында ұлттық ас мәзірін ұсынатын мейрамхана ашылмақ. Тұрақты және көшпелі көрмелер мен жәрмеңкелерге арналған алаңдар, конференц-залдар, кеңсе-офистер болады деп күтілуде. Республика павильоны 2019 жылдың соңында өз есігін келушілерге айқара ашады деп жарияланған болатын. Десек те, ВДНХ әкімшілігінің дерегінше, «Қазақстан» павильоны келушілерді қабылдамайды: уақытша жабық. Бүгінде мәскеуліктер мен қала қонақтары «Ғарыш», славян жазуының орталығы (бұрынғы «Украина КСР-і»), «Ресей – менің тарихым», «Москвариум» океанография және теңіз биологиясы орталығы секілді павильондарға билет ала алады.Қазақтың өнеріне тамсанады
Сәулетші-реставратор Г.Мудров «Қазақстан» павильонын ең бірегейі деп атады.– Бұл – осындағы ең бірегей объект. Оны қалпына келтіру және тұрғызу кезінде өзге нысандарға қолданылған үлгілі жобалар жарамайтынын ұғындық. Әр сүйем жер жылжыған сайын қазақтың ұлттық нақышына жолығасың. Әрбір элемент қазақ халқының ақыл-ойынан, көне сәулет технологияларынан сыр шертеді. Ұлттың фантастикасы мен қиял-ғажайыбынан тамыр жаяды. Біз бұл жерде бұрын кездеспеген жұмыс ауқымына кезіктік. Менің де, әріптестерімнің де тәжірибесінде мұндай тым сирек. Басқа павильондарды реставрациялау жұмыстарымен таныспыз. Соның ішінде Қазақстан павильонындағы сәулет өнері, конструктивті шешімдер бәрінен мойны озық тұр! Тіпті, Ресейде еш жерде қайталанбайды. Біз өзімізді әлдебір құнды жәдігерді аршып алып жатқан археологтердей сезіндік. Оны реставрациялау бірегей инженерлік, конструктивті, технологиялық тың шешімдерді талап етті, – деп тамсанады Григорий Мудров.Оның айтуынша, Кеңес кезінде, 60-жылдары Қазақ КСР-інің ғажайып павильоны күмбезінен айырылып қалған. Ал сыртқы қабырғалары тұрпайы металл панельдермен қапталды. Салдарынан ол өзге сұрықсыз, сүрең павильондардан дараланбай қалды.
«Енді мұның барлығы ашылуда. Көрінісі мүлдем өзгеруде. Дөрекі панельдер жасырып келген бүкіл әсем жасауы көз алдымызда құлпыра түсті. Әрбір элементі – сәулет туындысы! Сапасы қандай керемет. Тамаша сақталған. Әйткенмен кейбір тұсы қиратылған, сүрілген. 2017 жылы объектіні реставрациялауды қолға алғанда бір қазақ сайтында осы павильонды 1954 жылы ашылғанда көрген адамның естелігін оқыдым. Ол түрлі-түсті, көз жауын алар алып күмбез көл-көсір әсер қалдырғанын еске түсіреді. Оның көркемдігі сонша, көз тойдыру үшін төбеге тым ұзақ қарағандықтан, басы айналып, талып құлағандар болыпты. Сол күмбез қайта жасалды. Әрине, енді келушілер естен танып қалады деу әбестік болар. Бірақ мол әсерге бөлейді деп сендіре аламын. Бұл конструкцияны қайта қалпына келтіруге өте мұқият, жан-жақты келдік», – деді реставратор.Ол павильонның кейбір ішкі әрлендіру жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ экспозициялармен толтыру қалғанын жеткізді. Ең күрделі жұмыстар толығымен аяқталған. Сыртқы қасбеті жасалды. Көк күмбезі төбесіне орнатылды, оған сүмбісі қадалды. Қабырғаларындағы барельефтер қалпына келтірілді. Оюлы тас-мәрмәр едені төселді. Ішкі бөлігі негізінен безендірілді. Кей тұсын бояу қажет. Қазақстан Үкіметі реставрациямен айналысқан компаниялардың, мамандардың қызмет ақысын өтеуі керек. Жақында павильон келушілерді қайта қабылдай бастауы мүмкін. «Қазақстан» көрме кешені – Ресей астанасы Мәскеудің ең көрікті, туристер үшін тартымды нысандарының біріне айналады. Бір қарағанда, қазіргідей күйзелісті шақта жат елдегі әсем ғимаратқа миллиардтаған қаражат жұмсау әбестік көрінер. Шынында, ұлтының ұлық, мемлекеттілігінің мәңгілік болуын ойлаған кез келген белді ел өз аумағымен шектелмей, әлемнің әр бұрышында төл нысанын ашуға тырысады. Кезінде орыс императорларының бүкіл Еуропада сән-салтанатты сарайлар мен қамалдар салдырып, сыйлауы да содан. Мұны ұлтты әлемге мойындатудың «жұмсақ күші» (мягкая сила) деп атайды. Елбасының сонау Африка құрлығындағы Мысырда Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс бабамыздың мешіті мен кесенесін, ал соғыс жағдайындағы Сирия астанасы Дамаскіде әл-Фарабидің кесенесін қайта қалпына келтіруінің, сонда әл-Фараби бабамыздың этномәдени орталығын салғызуының да символдық мәні бар. «Қазақстан» павильонын да осы қатарда қарастырған жөн. Тек Ресейдің келесі басшыларының саясаты күрт өзгеріп, Мәскеудегі қазақ иісі аңқыған нысанды бұзып, бүлдірмесін делік.
Айхан ШӘРІП