Екі күнге созылған турнир өз мәресіне жетіп, соңында жеңімпаздар марапатталды. «Үздік төреші», «Белсенді қатысушы» сынды номинация иелеріне 100 мың теңге көлемінде сертификат табысталса, 3-орынға – 200 мың, 2-орын иегеріне 300 мың теңге қаржылай сыйлық ұсынылды. Ал 400 мың теңге тағайындалған 1-орынды қазақ лигасынан Алматы қаласының «Праймериз» командасы мен орыс лигасынан Павлодар қаласының жастары жеңіп алды. Жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне қатысқан Білім және ғылым министрлігінің БАҚ-пен байланыс жөніндегі кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы «Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұрадов пен «Jas Otan» ЖҚ төрағасы Елнұр Бейсенбаев белсенді жастарды құттықтап, сәттілік тіледі. Ең қиыны шаршы топта сөз бастау екенін атап өткен Шыңғыс Мұқан: «Сөз сөйлеу адамның ең алдымен қауіпті сезім мүшелерін оятады. Сіздер сол қауіптен қорықпай сөз сөйлеп қана қойған жоқсыздар, ойларыңызды ашық айтып, қарсыластарыңызға дәлелдеп, оның пікірін өзгертуге үлес қостыңыздар. Аудиторияны өзіңе ерітетіндей сөз сөйлеу – үлкен өнер» деп жастарға жігер берді.Демалыс күндері Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде британдық және америкалық форматта «Jas Otan» Жастар қанаты мен Республикалық пікірсайыс федерациясының ұйымдастыруымен «Nur Otan» партиясының ауыспалы кубогына арналған XVIII Республикалық пікірсайыс турнирі болып өтті. Екі күнге созылған турнирге еліміздің 17 өңірінен 36 команда келді. 2 млн теңге көлеміндегі жүлде қоры бар жүлделі орындарға бақ сынасқан командалар 5-12 қазан аралығында өңірлік іріктеуден өткен болатын. Үздік спикер Линкольн-Дуглас форматы бойынша іріктелген барлық ойындар қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді.
Жас белсенділер арасында шешендік өнер бойынша қоғамдық саясаткерлерді, пікірсайыс жүргізе алатын өзіндік көзқарасы қалыптасқан, өз тобының қызығушылығын сауатты аргументтермен қорғай алатын жастарды қолдау мақсатында өткізіліп жүрген бұл турнир 18 жылдан бері пікірсайысшы жастардың сүйікті жиыны болып кеткен. Бұл турнирде спикерлер қоғамдағы ең өзекті тақырыпты талқылайды. М.Әуезов атындағы университеті «Ақиқат» пікірсайыс клубының мүшесі Ақерке Ермұхан карантин жағдайына байланысты турнирдің барлық санитарлық талаптарға сай өткізіліп жатқанын атап өтті. «Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған пікірсайысшылар бүгінгі таңдағы маңызды тақырып бойынша өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Финалдың тақырыбы бойынша спикерлер отбасылық өмірдегі зорлық-зомбылықтың алдын алу механизмін ұсынады. Яғни, өздерінің идеясы арқылы зорлық-зомбылықтың статистикасын анықтап, азайту мақсатын көрсетеді. Сонымен бірге дағдарыс кезіндегі банктердің рөлі де тақырыпқа айналды. Мұндай қарарлар пікірсайыс клубында 7-8 жылдық тәжірибесі бар жандардың талқылауы нәтижесінде бекітіледі», – дейді Аружан. «Jas Otan» Жастар қанаты төрағасы Елнұр Бейсенбаев турнирдің өте сәтті, тартысты өткенін атап өтті. «Белсенді жастар жиналған турнирде бүгінгі күннің тақырыптары қозғалды. Қабылданған 12 қарардың ішінде праймериз, тұрмыстық зорлық-зомбылық (ажырасу, балалар арасындағы суицидті қайтсек азайтамыз), білім және тағы басқа тақырыптар бар. Жастар әртүрлі кейстерді ұсынды. Біз мұндай турнир арқылы жастардың додада айтқан ой-пікірін, оны шешу жолдарына қандай пікір қосатынын біліп, жіті бақылап, оны партия деңгейінде іске асыратын боламыз. Жуырда өткен праймериз кезінде де дәл осындай дебат түрінде белсенді жастар көзге көрінген. Бұл орта жастарды жаңадан ойлай білетін, кез келген мәселені шешу жолдарын айта алатын орта қалыптастырады деп айтуға болады», – дейді Е.Бейсенбаев.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы