Полицейлер өзара атысып жатса, басқасынан не қайыр?
Полицейлер өзара атысып жатса, басқасынан не қайыр?

Жамбыл облысы Шу ауданында бір аптада үш бірдей шулы оқиға болды. Ең алдымен Батыс шағынауданында полиция қызметкерін бұзақылар соққының  астына алып, тіпті қызметтік көлігін айдап  кетсе, арада үш күн өтпей өкпе тұсынан жарақат алған жас жігіт қалалық ауруханада жан тәсілім етті. Енді өткен жұмада Тасөткел ауылының маңында тәртіп сақшылары бір-бірімен атысып, соңы адам қазасымен аяқталып отыр.

Жалпы, оқиға желісін баян етсек, Көліктегі Полиция департа­ментінің өзіндік қауіпсіздік бас­қармасы қызметкерлері арнайы операция өткізіп, заңсыз есірткі айналымымен айналысты деген күдікпен аудандағы желілік по­лиция бөлімінің қызмет­кер­лерінің ізіне түскен. Күдік­тілерді қолға түсіру кезінде олар берілуден түбегейлі бас тартып, із суытпақ болады. Басқарма қызметкерлері «Тойота Лэнд Кру­зер» автокөлігін тізгіндеген әріптестерін тоқтатпақ болғанда олар 32 жастағы полиция қызметкерін қағып өте шыққан. Мұндай ауыр соққыдан тәртіп сақшысының екі аяғы мен мойын сүйегі сынып, өзге де дене жара­қатын алған. Бұйрыққа бағынбаған заң бұзу­шылардың артына түскен құқық қорғау органының қыз­меткерлері қару қол­дануларына тура келіп, соңында бір күдікті оққа ұшса, екіншісі дене жара­қатын алып отыр. Аталған арнайы операция кезінде ізін суытпақ болған автокөліктен 55 келі кептірілген марихуана табылды. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 297-ба­бының 3-бөлігі (есірткі құрал­дарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын сату, жө­нелту немесе сату мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, алу, сақтау, тасымалдау) бойынша қыл­мыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс аяқ­талып, күдіктілердің кінәсі дәлел­­денетін болса, олар 10 жыл­дан 15 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылуы мүмкін. Со­нымен қатар 345-баптың 2-бө­лігі бойынша (көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ере­желерін бұзуы, денсаулығына зиян келтіруі) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұдан бө­­лек, Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі (билікті немесе лауа­­­зымдық өкілеттіктерді қаруды қолдану арқылы асыра пай­далану) бойынша тағы бір іс тергелуде. Бұл оқиғаға қатысты Жамбыл облыстық Полиция департаменті жақ ашпады. Ондағылар ақпаратты тек Ішкі істер министрлігі бере алатынын айтты. Ал аталған құры­лымдық орган ресми сайтында «Шудағы арнайы операция бары­сында полицей­лерге қару қол­дануға тура келді» деген мате­риалды шығарды. «ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті полиция қата­­рындағы қылмыстылықты түп-тамырымен жою бойынша жүйелі шаралар қабылдауды жалғас­тыруда. Бұл жолы назарға Көліктегі полиция департаменті Жамбыл облысы Шоқпар стансасындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері ілінді. атыс Жабайы қарасораны заңсыз егіп, жинау фактісі бойынша Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Тексеріс барысында қызмет ба­­бындағы полицейлердің заңсыз есірткі затын жинап, сату үшін Кұмөзек жеріне баратыны туралы мәлімет түсті. Қылмыстың жолын кесу үшін Өзіндік қауіпсіздік басқармасы арнайы мақсаттағы бөлініс қыз­­­мет­керлерімен бірлесіп, операция жүргізді. Күдіктілер мінген көлікті тоқ­тату үшін қызметкерлер Шу-Тараз авто­жолын жапты. Осы уақытта күдіктілер бой тасаламақ оймен, арнайы бөлініс қызмет­керін қа­сақана қағып өтіп, оған ауыр дене жарақатын келтірді. Атыс қаруымен қаруланған авто­көліктегі үш күдікті қатты жыл­дамдық­пен қуғыншылардан сытылып кетпек болған. Полицейлер ескерту жасап, аспанға оқ атса да күдіктілерлер құлақ аспаған, бұдан соң көлік құралын тоқтату үшін қызметтік қару қолданылды. Үш адамның екеуі жарақат алып, нәтижесінде олардың біреуі меди­циналық мекемеде көз жұм­ды. Ал екіншісіне стационар жағдайында медициналық көмек көрсетілді. Үшінші күдікті Қыл­мыстық-процессуалдық кодексі­­нің 128-бабымен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 297, 345, 362-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген министр­ліктің сайтында. Бір сөзбен айтқанда, барлығы тергеу амалдарына келіп тіреліп отыр. Ол дұрыс та шығар. Алайда айнал­дырған бір аптаның ішінде болған оқиғалардан қазір шулық­тар шулап қалды. По­лицейді соққыға жыққан алғашқы оқи­ғадан кейін Шу ауданында екі күндік «Учаске» жедел профи­лактикалық іс-шарасы өткізіліп, нәтижесінде об­лыстық Полиция департаменті 900-ге тарта құ­қықбұзушылықты анықта­ған­дарын айтты. «Екі күнде 900-ге тарта заң бұзушылықты анық­тадық» деген департаменттің мәліметі кімге жұбату болып тұр­ғаны түсініксіз. Егер Шу ауданында екі күнде осынша құқық­бұзу­шылықтың беті ашы­лып жатса, бұл дегеніңіз масқара ғой. Демек, ауданда мүлде заңның үстемдігі жоқ немесе құқық қорғау орган­дары бұзақыларды бастарына шығарып алды деген сөз. Әй, бірақ тәртіп сақшыларының өзі есірткі тасып, бір-бірімен атысып жатса, бұл өкпеміз де бекер шығар.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы