Forbes тізіміндегі байлар: жаңа рейтингтің жаңалығы неде?
Forbes тізіміндегі байлар: жаңа рейтингтің жаңалығы неде?
347
оқылды

Forbes Kazakhstan журналы  еліміздегі ең  дәулетті  50 кәсіпкердің тізімін жариялады.  Дәстүрлі рейтингті жасаған авторлар тобы  қазақстандық миллионерлердің байлығын қоса есептегенде, 25,08 млрд долларды құрағанын, былтырға қарағанда жиынтық  табыс көлемі 3,62 млрд долларға азайғанын айтады. Бұл пандемияның, содан кейін мұнай бағасының күрт құлдырауына байланысты. 

Биылғы рейтингтің жаңалығы көп. Мысалы, былтыр қалталылар қатарында болған төрт кәсіпкер биыл тізімнен шығып қалды.  Есесіне, рейтингте екі жаңа есім пайда болды, былтыр рейтингтен түсіп қалған үш кәсіпкер қайта оралды.  Ал байлығы жөнінен басым тұрған алғашқы бестікте айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ. 

Кимге жетер кім бар?

Қазақстанның бай-бағыландар тобын  биыл да «Қазақмыс Холдингінің» президенті Владимир Ким бастады. Ал 2-орынға   Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева көтерілді. Былтыр 2-орында тұрған Болат Өтемұратов бұл жылы 4-орынды қанағат тұтты. Алиджан Ибрагимов рейтингтегі   орнын сақтап, бестікті түйіндеді. Байлығы биыл 4,1 млрд долларға ба­ға­ланған Владимир Кимнің табысы  өт­кен жылдан бері 300 миллион долларға ке­міді. Соның өзінде  ол Forbes-тің әлем­дік рейтингінде алғашқы 500 дәулетті адам­ның тізіміндегі орнын сақтап тұр. Бірақ былтырғы 424-орыннан 494-орынға  төмендеген. Есесіне, елімізде №1 мил­лионер.  Владимир Ким KAZ Minerals PLC компаниясының ең ірі акционері (31,60%).  «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің 70%-на,  Bank RBK  мен «Қазақалтын» АҚ-дағы акциялардың басым үлесіне ие. Биылға қарағанда, біздің елдің байлары үшін былтырғы жыл табысты болған екен. Шикізат, құрылыс, бөлшек сауда саласындағы компаниялардың көпшілігі 2019 жылы тұрақты өсім көрсеткен. Сөйтіп, ең бай 50 кәсіпкердің жиынтық байлығы  10%  астамға өсіп, 2,7 миллиард долларға көбейген еді. Ал биыл керісінше 3,62 млрд доллар жоғалтып отыр. Миллионерлер тізіміне «кіру билетінің» ең төменгі бағасы былтыр 90 миллион долларға  өссе, биыл 80 миллионға да жетпеді. Бір айтары, пандемия салдарынан табысы азайғанына қарамастан, мил­лионерлердің «Қазақстан құрамасы» Forbes-тің жаһандық тізімімен салыс­тырғанда өсім көрсетіп келеді. Егер 2018 жылы еліміздегі ең бай 50  адамның барлық активін қосқандағы 26,02 млрд доллар жаһандық рейтингтің 30-31-орындарына сәйкессе, 2019 жылы 28,7 миллиард доллармен 29 мен 30-орындар  арасында тұрақтады.  Ал биылғы көрсеткіш 25,08 млрд доллармен  28 бен 29-орынның ортасына сай келіп тұр.  

Біреулер келер, біреулер кетер...

 Биыл миллионерлер тізіміндегі 13 кәсіпкер ғана табысын ұлғайта алды. Олар – Кеңес Рақышев, Беловичтер отбасы, Вячеслав Ким, Қайрат Боранбаев, Айдын Рахымбаев, Бауыржан Исабаев, Асхат Омаров, Данияр Абулгазин, Олег Новачук, Нұрәли Әлиев, Алмас Сұлтанғазин,   Кайрат Мәжібаев және Яков Клебанов. Бұлардың басым бөлігі рейтингтегі был­тырғы орнын сақтап қалды. Ал Болат Өтемұратов, Рашит Сәрсенов, Нұрлан Смағұлов, Ғалымжан Есенов, Айдан Кәрібжанов, Серік Түлбасов, Анатолий Балушкин, Сержан Жұмашев, Дінмұхамет Ыдырысов, Марат Сәрсенов, Берік Қаниев, Қаныбековтер отбасы, Юрий Пак, Қаппаровтар отбасы, Алмас Мыңбаев былтырғы рейтингте төмен сырғыды. Миллионерлер қатарында болған Арман­жан Байтасов, Ерболат Апсалямов, Айгүл Нұриева мен Касановтар отбасы дәулеттілер тізімінен шығып  қалды. Сөз басында айтқанымызда, Forbes Kazakhstan рейтингіне  биыл екі кәсіпкер қосылды.  Оның бірі –  «Қазақмыс» компаниясының топ-менеджері, алтын өндіруші «Алтыналмас» АҚ мен Vertex Gold Company ірі акцияларының иесі Владимир Джуманбаев. Бай адамдардың арасында 29-орынға жайғасқан оның байлығы 171 миллион долларды құрайды.  В.Джуманбаев «Алтыналмас» АҚ-ның 30% және «Қаражыра» АҚ-ның 20% акциясына ие.  Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы Бенқала кен орнында темір рудасын өндіретін, Қырғыз Республикасындағы Жамғыр кен орнында алтын өндіретін Vertex Gold Company-да 18% үлеске ие «Вертекс Холдинг» ЖШС-нің қожайыны. Бұған дейін аса танымал болмаған В.Джуманбаев 2006-2018 жылдары «Қазақ­мыс Корпорациясы» ЖШС-не басқарма төрағасының қаржы-экономикалық мәселелер және корпоративтік даму жө­ніндегі орынбасары, Шығыс Қазақстан об­лысы бойынша басқарушы директоры, коммерциялық директор, стратегиялық даму жөніндегі директор болып жұмыс істеген. Бүгіндері «Алтыналмас» АҚ Ддиректорлар кеңесінің төрағасы, Отын-энергетикалық кешенді басқару жөніндегі директор және «Қазақмыс Холдинг» ЖШС директорлар кеңесінің мүшесі. Қазақстандық миллионерлер қатарына енген екінші кәсіпкер  Ерлік Балфанбаев  107 миллион доллар байлығымен 42-орын­ға жайғасты. Ол – Alina Group холдингінің негізін қалаушы және президенті. Аталған холдинг құрамына Alina өндірістік тобы (AlinEX, AlinaPaint, NASHI, Batyr, G-EX брендтері), «Домовой» төсеніш орталықтары желісі, тұрмыстық тауар­лардың электрондық гипермаркеті және DOMSAD бақшасы, Doctor Green компаниясының экологиялық таза тұр­мыстық химия өнімдерінің қазақ­стан­дық маркасы кіреді. Балфанбаев Алматы маңындағы Ой-Қарағай, Лесная Сказка тау-шаңғы курортының иесі көрінеді. 

Оралған үшеу 

Бұрын осы рейтингте болған үш кәсіпкер   – Эдуард Огай, Яков Цхай және Нұрлан Бизақов қайта оралды. Соның ішінде Эдуард Огайдың аяқ алысы бірден назарымызды аударды. Себебі ол рейтингке жай оралған жоқ, 228 млн доллар байлығымен 22-орыннан бір-ақ шықты.  Айта кетейік, ол  «Қазақмыс» корпорациясының 30%, «Қазақалтын» АҚ-ның 19% және «Қаражыра» АҚ-ның 20,1% акциясына иелік етеді. «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы. 163 млн доллар байлығы бар  Яков Цхай да ә дегеннен 34-орынға жай­ғасыпты. Оның иелігіндегі «Достар» компаниялар тобына  «Компания «Достар-Строй», «Достар-Инвест», «Достар-Коммерц», «Жетісу шарап зауыты» ЖШС, «ДостарФрешМаркет» ЖШС, «Достар Агро Продукт» ЖШС және тағы басқа кіреді. Сондай-ақ кәсіпкер «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның 2,79%, «Меркурий Пропертис» ЖШС-нің 5% , «Promenade» ӘКК-нің 50%, FORUM Алматы ӘКК-нің акциялары, ЖШС акцияларына иелік етеді.10-нан астам компания кіретін «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ-ның 50% да осы Цхайға тиесілі. Қайта оралғандардың үшіншісі – 37-орынға жайғасқан Нұрлан Бизақов спортты жылқы шаруашылығымен ай­налысады. Виргин аралдарында тіркелген Swansea Enterprises Corporation басқарушы компаниясы арқылы   Ұлыбританияның Шығыс Сассекс қаласында орналасқан Hesmonds Stud-ге иелік етеді деген де­рек бар. Өткен жылы ол Франция мен Нормандиядағы Haras de Montfort & Préaux асылтұқымды ферманы са­тып алыпты. Бизаков әр жылдары  «Қаз­ком­мерц­банктің» директорлар кеңесінің мү­шесі, «ШНОС» ААҚ басқарма төрағасы, «Нефтебанктің» негізін қалаушы болған.

Таныс та бейтаныс тұлғалар

Forbes тізімінен таныс та бейтаныс тұлғаларды кездестіруге болады. Соның бірі – пандемия кезінде табыстан қағыл­ғанын жиі еске салған «Астана групп»  холдингінің жалғыз иесі Нұрлан Смағұлов. Ол  бай қазақтардың тізіміндегі 10-орыннан биыл екі орын төмен сырғыды. Себебі табысы 35  млн долларға азайған. Аз ақша емес, әрине. Алайда қазіргі байлығының көлемі 490 млн долларды құрайтынын ескерсек, аса шығынданбаған деп ойлап қалуыңыз әбден мүмкін. «Азия Авто» АҚ мен «БИПЭК Авто Қазақстан» АҚ-ның бақылаушы акционері Анатолий Балушкин де биыл 30 млн долларға жуық шығынға батқан. Былтыр  185 млн доллар байлығы болған, биылғы активі 153 млн долларға бағаланып отыр. Бір басында бірнеше компаниясы бар Балушкинді біздің Үкімет, орысша айтқанда, «баловать» етіп тастағандай. Ол  Қазақстан Үкіметінен 4 жылда 52 млрд теңге шамасында субсидия алып, құн салығы мен кедендік төлемнен боса­тылып келген. Алайда  мемлекет алдын­дағы  міндетін орындамаған. Үкімет  ком­паниямен арадағы келісімді бұзу мәселесін қарастырғаны сол еді, Балушкин мырза аттанға басты. Жаз бойы БАҚ бетінен түспеген Балушкинді былайғы жұрт осы дау арқылы таныды десек, қателеспейміз. Ал  байлығы 639 млн долларды құрайтын Вячеслав Кимді өзіміз таныс­тыруды жөн көрдік. Себебі ол  мил­лионерлер рейтингінде ірі секіріс жасаған адам. Иә, былтыр 415 млн долларымен 15-орында тұрған   В.Ким биыл 8-орынға бір-ақ көтерілді. Оның бағын ашқан – Kaspi.kz АҚ. Ол – осы банктің директорлар кеңесінің төрағасы және банк акциясының 36% иесі. Оның иелігінде «Алсеко» АҚ-ның 90% акциясы да бар. Пандемия кезінде сәтті бизнес жүргізе алған Kaspi банк күні кеше Лондон қор биржасындағы ең қымбат қазақстандық банк атанды.  ЛҚБ-да бір акциясы   28,5-33,75 долларға бағаланған банк акцияларының саудасының басталу күні белгісіз. Есесіне, бүгін 21 қазан күні  Астана халықаралық қор биржасында осы банк акцияларының сауда-саттығы басталады. Бұл өзгеріс бір Кимнің орнын екінші Кимнің ауыстыруына ықпал ете ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Дегемен Kaspi банк-тің аз уақытта отандық банктер арасындағы рейтингте топ жарып, Лондон қор биржасында Қазақстанның биржаға шикізаттан басқа өнімді де ұсына алатынын дәлелдеуі қол соғуға татиды. Ал Вячеслав Кимге Владимир Кимді басып озу үшін табысын 4,1 млрд доллардан асыруына және 7 бәсекелесін жеңіп шы­ғуы­на тура келеді. 

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ