Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаулысына сай сайлау келер жылы 10 қаңтарда өтеді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, екі сайлауды бірге өткізудің арқасында жалпы шығын 10 миллиард теңгеге үнемделеді, – деп хабарлайды КТК арнасы.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров: «Кандидаттарды ұсыну кезеңі дауыс беру күнінен екі ай бұрын басталады. Дауыс беру күнінен 40 күн бұрын жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталады. Яғни биыл 10 қарашадан бастап 30 қараша күнгі сағат 18:00-ге дейін. Партиялық тізімдерді тіркеу сайлаудан екі ай бұрын басталып, сайлауға бір ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталады», – деді.
Мәжіліспен бірге мәслихаттардың 3276 депутаты да 10 қаңтарда сайланады. Жалпы, сайлауға кететін биылғы шығын көлемі – 10,8 миллиард теңге.
[caption id="attachment_81670" align="aligncenter" width="1200"] Фото: Айтжан Мұрзанов[/caption]
ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина: «Бұл шығынның 7,3 миллиард теңгесі сайлау комиссиялары мүшелерінің жалақысына жұмсалады. Тағы 3,5 миллиарды сайлау комиссияларының ұйымдастыру шығынына жоспарланған. Яғни, бюллетень мен полиграфиялық өнімдер дайындау, ақпараттық қолдау және материалдық-техникалық қажеттіліктерге жұмсалалады. Қалған 341 жарым миллион теңге қорғаныш құралдары үшін керек», – деді.
Телеарнаның мәліметінше, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау екі жылдың тоғысында өтіп отырғандықтан, шығындардың бір бөлігі келер жылғы бюджеттің есебінен өтелмек.
Сондықтан келер жылы сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысына жұмсалатын 4,5 миллиард теңге 2021 жылдың бюджетінен бөлінеді.
Депутаттарды сайлаудың жалпы шығыны 15 миллиард 300 миллион теңгеге болып отыр. Осылайша, шығын көлемі бес жыл бұрынғы сайлау мен былтырғы Президент сайлауынан да асып түсті.