Мәжіліс министрлікті «наркоздан» оятты
Мәжіліс министрлікті «наркоздан» оятты
258
оқылды

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет және Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт көлемі туралы заң жобалары мақұлданды.

Құжаттар Мемлекет басшы­сының Жолдауларында және Жарлықтарында берген тапсыр­маларын орындауға бағытталған. 2021-2023 жылдар бюджетінің жобасында педагогтер мен меди­цина қызметкерлерінің жалақысын және мәртебесін көтеруге, мек­тептерді жан басына қарай қар­жыландыруға, халықты таза ауыз­сумен қамтуға, жергілікті жолдарды салуға, жастар мен көпбалалы отбасыларға баспана беруге шы­ғыстар қарас­тырылды. Мәжіліс депутаттары ауылда ден­саулық сақтау саласын қар­жыландыру мәселесіне назар аударды. Президенттің биылғы Жол­дауында 3 жыл ішінде барлық ауылды фельдшерлік-акушерлік пункт­термен және дәрігерлік амбу­­­латориялармен жабдықтау жүк­­телді. Соған қарамастан Үкі­­меттің Мәжі­ліске енгізген үш жыл­дық бюджет жобасында бұл мақсаттарға ақша көзделмепті.
– Мәжіліс депутаттары «Nur Otan» партиясы фрак­циясы­ның жиналысында осы проблеманы жария еткеннен кейін ғана Ден­­­­саулық сақтау министрлігі «наркоз­­­дан оянғандай» болды. Ал Қаржы министрі ауылдағы медицинаны дамытудың бастапқы шара­ларына әзірге 1 миллиард 68 млн теңге тауып отыр, – деді Нұрлан Зайрол­лаұлы.
Оның байламынша, бұл жерде орталық пен өңірлер арасында өзара іс-қимылдың үйлеспегені бетке ұрып тұр. Әйтпесе, осы саладағы мұқ­­­­таждық, қаржы қа­жеттілігі туралы ақпарат дер кезінде және толық көлемде ДСМ-ге ұсы­нылғанда, барлық нысанды қаржыландыруға мүм­кіндік туатын еді. Ол болмаған соң қазіргі уақытта өңірлерде тек 7 объекттің жобалау-сметалық құжат­тамасы әзірленген. Республикалық бюджет жоба­сына сәйкес, алдағы 2021 жылы тек әлеуметтік саланы дамытуға ғана 7 триллион теңге шығындалмақ. Бұл қазіргімен са­лыстырғанда 454 мил­лиард теңгеге көп. Нұрлан Нығматулин бюджет жобасының «Nur Otan» фракция­­сының отырысында алдын ала тал­қылануының маңыздылығына тоқталды. Онда Елбасының, партия Лидерінің тапсырмаларын және партияның сайлауалды тұғыр­намасын іске асыру әңгіме болғаны белгілі. Депутаттар экономиканың нақ­ты секторларын, соның ішінде шағын және орта бизнесті қолдауға 1,7 триллион теңге бөлгізді. Жалпы, 2021 жылы ІЖӨ өсімі 2,8% болады, ал одан кейін 2025 жылға қарай 4,6%-ға дейін өседі деп күтілуде. Үш жылда инфляция 4-6% шегінде белгіленді. Бюджет кірісі 2021 жылы 6 трлн 925,7 миллиард теңге болмақ. Бюджет шығысы 2021 жылы – 14 трлн 49 млрд, 2022 жылы – 13 трлн 873,1 млрд, 2023 жылы 13 трлн 888,5 млрд теңге көлемінде болжануда.

Айхан ШӘРІП