Сайлауға саяси партиялар дайын ба?
Сайлауға саяси партиялар дайын ба?
299
оқылды

Ел Президенті Қ.Тоқаев­тың сайлауды тағайындау туралы сәрсенбінің сәтінде жасаған Үндеуі отандық саяси сах­на­дағы қараң-құраң тірлікке соны серпін берді. Бүгінде елде тіркелген бар­лық 6 саяси партия парла­менттік додаға қатысты мә­лімдеме жасады. Ал Орталық сайлау ко­мис­сиясы Мәжіліс пен мәс­ли­ха­ттар депу­таттарын сайлауға 15,3 млрд теңге жұмса­ла­тынын жа­рия­лады.

Ортсайлауком не дейді?

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафинаның айтуынша, Мәжіліс пен мәслихат де­путаттарының сайлау науқанына арналған бюджеттік шығыстар сме­тасы 15,3 миллиард теңгені құ­райды.
 «Соның ішінде Үкіметке ұсы­нылған, 2020 жылға арналған шы­ғыстар сметасы шамамен 10,8 мил­лиард теңге болып отыр. Негізгі сома – 7,3 миллиард теңге немесе жалпы шығыстың 68%-ы сайлау комиссиясының 70 мың 681 мү­шесінің еңбекақысын төлеуге кетеді. Қалған 3,5 миллиард теңге немесе 32%-ы сайлау комис­сияларының ұйымдастырушылық шығыстарына жоспарланған. Бұған бюллетеньдерді дайындау, полиграфиялық және басқа да медиаөнімдер жасату, жария­лылық пенашықтықты қам­тамасыз ету үшін сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу, сондай-ақ сайлау комис­­сиялары үшін қажетті мате­­риалдық-техникалық жағдайлар туғызу жата­ды», – деді ол.
ОСК хатшысы бұл жолғы сайлау науқанының бір ерекшелігіне – оның коронавирусқа қарсы ка­рантин шараларын сақтай отырып өткізі­летініне назар аудартты. Бұл да бюд­­жетке қосымша жүктеме: барлық деңгейдегі сайлау комис­сиясы мү­ше­лерін жеке қорғаныш заттарымен жабдықтау үшін 341,4 миллион теңге жұмсалады. Бұдан басқа, 2021 жыл бюд­жетінде сайлауға тағы 4,5 миллиард теңге қарастырылды. С.Мұста­фи­наның мәліметінше, ол қаржы то­лығымен дерлік сайлау комис­сия­лары мүшелерінің жалақысына ар­налады. Ортсайлауком төрағасының орын­басары Константин Петров партиялардың өз кандидаттарын ұсынуы биылғы 10 қарашадан 30 қараша күнгі 18.00-ге дейін жүретінін баяндады. Яғни, 1 желтоқсанға қарай қандай партиядан қандай тұлғалар депутаттыққа кандидат ретінде додаға түсетіні толық анық­талады.
– Мәжіліс те, мәслихат та пар­тиялық тізім бойынша қалып­тас­тырылады. Ол тізімді ұсынуға тек тіркелген саяси партиялар ғана құқылы. Партиялық тізімге кім­дердің кіретінін саяси партияның жоғарғы органының мүшелері дауыс беру арқылы айқындайды. Аталған тізімге партия мүшесі емес адам­дарды қосуға партиялардың құқығы жоқ. Пар­­­­тиялық тізімді ОСК-ге тиісті уәкі­­­­­леттік берілгенін рас­тайтын құжаты бар партия өкілі енгізеді, – деді К. Петров.
Екінші кезең – партиялық ті­зімдерді тіркеу сайлауға тура 2 ай қалғанда басталып, 1 ай қалғанда аяқталады. Тиісінше, кандидаттарды тіркеу науқаны 10 қарашадан 10 желтоқсан күнгі 18.00-ге дейін жал­ғасады.
«Ортсайлауком кандидаттардың Конституция мен сайлау туралы конституциялық заң талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін ай­қындайды. Осы мақсатта салық жә­не басқа да органдарға сұрау жолдайды. Оның барысында тізім­дердегі әрбір кандидаттың азамат­тығы, Қазақ­­станда кейінгі 10 жыл бойы тұрақты тұратыны, сайлау құ­қығынан айы­рыл­­мағаны расталуы тиіс. Содан соң партиялық тізімдерді тіркеу жүргі­зіледі», – деді ОСК төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар әрбір партия төл партиялық тізіміне енген әрбір адам үшін ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 15 есе көлемінде сайлау жарнасын енгізуі қажет. ЕТЖ 2021 жылы 42 500 теңге мөлшерінде қалды. Ендеше әр кандидаты үшін партиядан 637 мың 500 теңге сайлау жарнасы талап етіледі. «Кедей» партиялар тізімінің тым шолақ болуына да осы ықпал ететіні құпия емес.
«2016 жылғы сайлау нәтижесінде «Nur Otan», «Ақ жол» және ҚКХП 7%-дан артық дауыс жиған болатын. Сондықтан бұл үш партия жарна төлеуден босатылады», – деді Кон­стан­­тин Петров.
Үшінші кезең – сайлауалды үгіт-насихат науқанына партиялар 10 желтоқсанда кірісе алады. Үгіттеу жұмыстарын олар 9 қаңтар күнгі түнде тоқтатулары шарт. Сөйтіп, сай­лау жалпы алғанда 82 күнге созылады.

Партиялар не дейді?

Бұл тарихи аламанға ұзақ дайын­дықпен, сақадай сай келгені – әри­не, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тө­ра­­ғалық ететін «Nur Otan» пар­тиясы. Оның биылғы пандемия және табиғи апаттар кезіндегі әрбір ізгілікті ісі, праймеризі қоғамда кең тал­­­қыланды, партия үнемі жұрт­шылықтың көз алдында. Жасы­ратыны жоқ, көптеген партия өткен сайлаудан соң қалың ұйқыға кетті, не болмаса білінер-білінбес бел­сенділік танытып жүр. Олар сайлауға қатыса ма? Жалпыұлттық социал-демо­кра­тиялық партия төрағасы Асхат Ра­қымжанов сайлаудың жария­лануына байланысты мәлімдеме жасап, оп­позицияның оған қаты­сатынын хабарлады.
– Парламент депутаттары мен жергілікті өкілді органдардың сай­лауы – кез келген мемлекет үшін да­мудың маңызды кезеңі. Ел басына түскен мынау қиын заманда сайлау мемлекетіміздің дамуына маңызды әсерін тигізуі керек. Сайлау арқылы мемлекетті басқару құқығы жүзеге асырылады. Сондықтан кез келген саяси партия, соның ішінде ЖСДП да бұл процестерден сырт қалмай, қатысуы керек. Қазіргі кезде партия ішінде сайлау науқанын ұйым­дастыруға бағытталған түрлі ұсыныс талқыланып жатыр. Жақын арада бұл мәселе бойынша жалпы пар­тиялық шешім қабылданатын бо­лады, – деді Асхат Рақымжанов.
«Ақ жол» партиясының Орталық кеңесінің төралқасы әділ әрі ашық сайлау өткізуге шақырды. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев журналистермен кезде­суде «Ақ жолдың» Президент ше­шімін құптайтынын айтты.
– Мәслихаттар мен Мәжіліс сай­лауын бір мезгілде өткізу мем­лекеттің ұйымдастырушылық және қаржылық ресурстарын оңтай­ландыруға мүм­­кіндік береді. Бұл – қазіргі экономи­­калық ахуалда маңыз­­­ды. «Ақ жол» алдағы сайлауға қаты­сатынын мәлім­дейді. Біз құрылған сәттен бері барлық пар­ламенттік сайлауға қаты­сып келеміз. 2004 жылы «Ақ жол»12% дауыс жинады, ал 2012 жылдан Мә­жілісте тұрақты түрде парла­­менттік фракция құрып келеміз. Біз сондай-ақ пан­демияның жаңа толқыны және өзге де сыртқы сын-тегеуріндердің сақ­талу қаупіне бай­ланысты бүгінгі кезеңнің күрде­лілігін атап өткіміз келеді. Тиісінше, сайлау органдарын, басқа партия­лардағы әріптестерімізді және сай­­лаушыларды барлық қа­жетті қауіп­сіздік шараларын сақ­тауға, адал және ашық сайлау өт­­кізуге шақы­рамыз, – деді А.Пе­руашев.
«Қазақстан коммунистік халық партиясының» Орталық комитеті де партияның аламанда бақ сы­най­тынын мәлім етті.
– Ел Президентінің Конс­ти­туцияда белгіленген мерзімде сайлау өткізу жөніндегі Жарлығы біз күткен қадам еді және белсенді саяси үде­­ріске арналған жоспарымызды демей түсті. Бізде тең дәрежеде кү­реске қа­жетті ресурстардың бәрі бар және сайлау науқанына тек же­тістікке қол жеткіземіз деген сенім­мен кірісуге дайынбыз. Әлеу­­меттік әділдікке жету жөніндегі мызғымас қағидаттарымыз әлемдік дағдарыс кезеңінде эконо­­­мика мен әлеуметтік саланың орнық­­тылығын сақтап, Қазақстан азамат­­­тарының әл-ауқатын қамтамасыз етеді, – деді коммунистер.
«Ауыл» халықтық-демок­ратия­лық патриоттық партиясының Саяси кеңес президиумы да Қ.Тоқаевтың шешіміне қолдау білдірді.
– «Ауыл» партиясы Президенттің бұл шешімін құптайды. Бұл коро­навирус пандемиясына қарамастан, азаматтарға Конституцияда көр­сетілген сайлау құқын пай­далануға мүмкіндік беретін дұрыс шешім. Сайлау – кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының ажы­рамас бөлігі. Біз ел тұрғындарының ау­қымды бөлігінің мүддесін ар­қала­ған партия ретінде сайлау сала­­сындағы кейінгі өзгерістер хал­қы­мыздың сая­си партиялар институ­тына деген сенімін арттыра түседі деп есептейміз. Сондай-ақ осы жолғы сайлау көппар­­тиялы Пар­ламенттің қалыптасуына себепкер болып, қоғамның жаңаруға деген сұранысын қанағаттандырады деген ойдамыз. Көппартиялы Парла­мент – қазіргі заман талабы, Қазақ­стандағы саяси жаңғырудың жаңа кезеңі, – деді «Ауыл» партиясының төрағасы, сенатор Әли Бектаев.
«Бірлік» партиясы да сайлауға білек сыбана кіріспек.
– Біздің партия сайлаудың Ата заңда белгіленген мерзімде өткізілуін құптайды. Ол қазіргідей пандемия етек жайғанда, жаңа экономикалық қауіп-қатерлер бас көтеріп, өмірдің әр саласында түбегейлі өзгерістер жүріп жатқан шақта аса маңызды. Өйткені бұл барша партияға дайын­далуға мүмкіндік берді. Біздің де өз жақтаушыларымызды жұмылдыруға уақытымыз болды. Мысалы, 30 қыркүйекте партия съезін өткізіп, сай­лауалды тұғырнамамыздың пі­­шінін бекіттік, жарғыға өзгерістер енгіздік. Мемлекет басшысы жүр­­­гізген саяси жаңғыртудың нақты шаралары Парламент пен мәс­ли­хаттарға неғұрлым көп партияның кіруіне жол ашты, – деген «Бірлік» төрағасы Серік Сұлтанғали алдағы съезде партиялық тізім қалып­­тастырылатынын жеткізді.

Бұл жолғы сайлау несімен өзгеше?

Біріншіден, ел тарихында алғаш рет сайлау карантин және шектеу шаралары аясында өткелі отыр. Пандемияның одан әрі өршуі не басылуы дауыс беру үдерісіне өзге­рісін енгізері сөзсіз. Екіншіден, жастар мен әйел­дерге партиялық тізімдерде 30 пайыз көлемінде квота бекітіліп отыр. Айта кету керек, қазіргі Мә­жілісте әйел­дердің үлесі ша­мамен 27% болған. Үшіншіден, бұл жолы Мәжіліс пен мәслихаттарға үштен көп партия өтуі мүмкін. Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен «парламенттік оп­позиция» ұғымы бекітілді. Яғни, депутаттық корпус арасында «сыл­дырап өңкей келісім» бол­майды, қарсы пікір-позицияның болуы кепіл­­дендірілді. Осы арқылы пікір әралуандылығына, қызу пікір­та­ластарға, идеялар мен бастамалар бәсекелестігіне өріс ашылады. Төртіншіден, алғаш рет аудан-қаладан бастап, облыстарға дейінгі барша мәслихат енді про­­пор­цио­налды модель және партиялық ті­зіммен сайланады. Өзін-өзі ұсы­нушылар деген бұдан былай бол­майды. 2020 жылғы қазан айындағы жағ­дай бойынша Қазақстанда 6 саяси партия ресми тіркелген. Бұлар – «Nur Otan», «Ақ жол», ЖСДП, ҚКХП, «Ауыл» және «Бірлік» пар­тиялары. Бэлла Орынбетова бастаған бір топ қоғам белсендісі «Республика» партиясын, Тоғжан Қожалиева же­текшілік еткен бастамашыл топ HAQ партиясын құру ниеті барын жа­риялаған. Өзге де бастамалар болған. Бірақ ешқайсысы нәтиже шығара алмады. Сонымен, Мем­лекет бас­шысының шешімімен 2021 жыл­дың 10 қаңтарында өтетін пар­ла­менттік аламанға тек 6 партия ғана қатыспақ. Соның ішінде қазіргі 6-ша­­қырылымдағы Мәжіліске кірген «Nur Otan», «Ақ жол» және «ха­­­­­лықтық коммунистер» төл жетістігін әрі қарай нығайтып, жаңа белестерді алуға талпынбақ. Мұның сыртында Қазақстан хал­қы Ассамблеясына 9 мандат бе­рілді. Айтқандай, қаңтардағы жалпы­­­ұлттық сайлаудан бөлек, Ассамблея өз ішінде дауыс беріп, тағы 9 депу­­­татты сайлап алатын бо­лады. Ол сай­лаудың қашан өтетінін ҚХА Ортсайлаукомға 2021 жылғы 1 қаң­­­тарға дейін хабардар етуі тиіс. ҚХА сайлауының нәтижелері Ассам­блея­ның сессиясында жария етіледі. V шақырылымдағы Мәжіліс құ­­­­­рамына алдыңғы шақырылымнан 43 депутат кірген болатын. Сөйтіп, Мәжіліс құрамы 60%-ға жаңарды. Сарапшылардың байламынша, осы жолы да 30-50 аралығында тәжі­рибелі депутат жаңа қалаулылар қатарына қосылуы мүмкін. «Мүлдем ешқай­сысы кірмесін, депутаттық корпус толық жаңарсын» деген радикалды ұсыныстар да бар қо­ғамда. Бірақ саясаттанушылардың түсін­діруінше, ондай Парламент жұмысқа қабілетсіз болып шығуы ғажап емес: заң шығару жұмысының тәртібін түсіндіріп, тә­­­жірибе бөлісер ешкім болмайды. Оның үстіне, істің сабақтастығы сақталмай, биліктің тұрақтылығына нұқсан келуі ық­тимал. ОСК төрағасы Берік Имашевтың айтуынша, қазіргі Мәжіліс депу­таттарының өкілеттігі 2021 жылғы наурызда аяқталады. Соған дейін жалақы алады.

АйханАйхан ШӘРІП