Әлемдегі болып жатқан қазіргі жағдай студенттердің оқу форматына өзгеріс енгізгені анық. Десе де, жатақхана мәселесі ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Еліміздің әр аймағындағы университет пен колледж жатақханаларының жағдайына мониторинг жүргізілуде.
Қазан айының 22-сі мен 29-ы аралығында университет пен колледж жатақханаларының жағдайына кезекті мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасуда. «Jas Otan» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Ғабит Хафиздың жетекшілігімен мониторинг тобы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті жатақханасына барды. ПМПУ-нің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мақсат Нығымановтың айтуынша, жатақханаларда санитарлық нормалар сақталған және студенттерге кварц-шамдары берілген. Күніне бір рет бөлмелерін залалсыздандырып отырады. Жалпы, университет қабырғасында 4 500 студент күндізгі, сырттай білім алады. Оның 900-ге жуығы жатақханада тұрады. Жатақханаларда барлық жағдай жасалған, бұдан бөлек ерекше оқу қажеттіліктері бар жастар үшін де бөлмелер қарастырылған. Айта кетейік, науқан барысында өңіріміздегі барлық жатақханаларда мониторинг жүргізу жоспарланып отыр. Орал қаласында да «Jas Otan» Жастар қанаты мен партиялық бақылау комиссия мүшелері жатақханаларға тексеріс жұмыстарын бастады. Аталмыш шара аясында қала мен облыс аумағындағы жатақханалардың жай-күйі мен санитарлық жағдайы, тұрмыстық мүмкіндіктері сараланады. Сондай-ақ өткен жылы өткізілген мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктер мен олқылықтардың жойылуы бақыланады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жатақханасына да мониторинг жүргізіліп, партиялықтар студенттердің тұру шарттарымен танысты. Айта кетейік, студент жастардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына мониторинг Qutty meken партиялық жобасы аясында жүргізілді. Арнайы мониторинг тобының өкілдері университеттің 180-ге жуық адам тұратын екі жатақханасына барды.– Мониторинг тобы мүшелері жатақханаларда тұру жағдайымен танысты, бөлмелердің, оқу залдарының, кір жуу орындарының, асүйлердің және санитарлық тораптардың жай-күйін қарап шықты. Қазір ЖОО жатақханасына қабылдау университеттің ресми сайты арқылы электронды түрде жүзеге асырылады. Бұл тетікті енгізу бюрократиялық кідірістер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толығымен жояды, – деп атап өтті «Nur Otan» партиясының «Болашақ» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Александр Зель.Мониторинг барысында партиялықтар студенттердің санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау жұмыстарымен танысты. Жатақхананың әр қабатында санитайзерлер орнатылған, жастар арасында болуы мүмкін ауруларға арналған изоляторлар бар. Сондай-ақ олар интернет байланысының сапасы мен инфрақұрылымның қолжетімділігін бағалады. Барлық жатақханалар ішкі және сыртқы бейнетіркеумен, өрт сөндіргіштермен жабдықталған. Нұротандықтардың пікірінше, бұл шаралар университеттің студенттік кампусының аумағында қауіпсіз тұруды қамтамасыз етеді.
– Мониторинг қорытындысы бойынша, бұзушылықтар анықталған жоқ. Біз студенттермен сөйлестік, олардан да шағым түскен жоқ, барлығы қанағаттандырылды, – деді Александр Зель.Айта кетейік, ЖОО-да Сall-орталық өз жұмысын жалғастыруда, оған оқу-білім беру қызметтерін ұсынумен байланысты барлық өтініш келіп түсуде. ЖОО-ның Әлеуметтік және тәрбие жұмысы департаменті мәдени-тәрбие және профилактикалық іс-шаралар кешенін жүзеге асырады, халықтың әлеуметтік осал топтарынан келген студенттерге көмек көрсетеді.
Әбілмансұр ЖАСАН