– Біз мониторинг кезінде 6 дәріханаға бардық. Дәрі-дәрмектің бағасы шілде-тамыз айына қарағанда арзан және тұрақты. 5-10 теңге ғана айырмашылық бар. Дәріханалар бір-екі айға жететін дәрімен қамтамасыз етілген. Сұранысқа орай жеткізіліп отыр. Бұрынғыдай кезек жоқ. Фармацепттердің айтуынша, дәріханаларға күніне 5-10 адам ғана келеді, – деді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жұмабек Куканов.Партиялық бақылау комиссиясы бетперденің де бағасын сұрастырып білді. Қорғаныс құралы қазір 50 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар партиялықтар халықпен әңгімелесіп, олардың да пікірін тыңдады. Тұтынушылар дәрі-дәрмектің бағасы қолжетімді екенін айтты. Бір атап өтерлігі, партиялық бақылау комиссиясы мүшелері бір дәріхананың фискалдық чегінде дәрі-дәрмек атаулары көрсетілмегенін байқады. Бұл олқылықты тез арада жоюға ұсыныс берілді. Партиялықтар жуық арада осы дәріханаға қайтадан келіп, бақылау жұмыстарын жалғастырады. Айта кету керек, Ақтөбе қаласында 278 дәріхана бар. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жұмабек Кукановтың айтуынша, мониторинг жұмысының мақсаты – дәріханалардағы қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына жол бермеу, қызмет көрсетушілер мен тұтынушылардың тәртіпті қатаң сақтап, антисептикалық құралдар мен қорғаныс құралдарын мақсатты пайдаланғанына көз жеткізу.
Әбілмансұр ЖАСАН