Авторлар құқығын қайтармақ
Авторлар құқығын қайтармақ
283
оқылды

Осыдан үш жыл бұрын авторларға қоғамдық маңызы бар әдебиет үшін қаламақы төлеу тәжірибесі енгізілді. Бұл норма бастапқыда басқа елдерде болмаған жағдай ретінде жоғары бағаланды. Алайда көп ұзамай қалам­герлер бұл нағыз қитұрқы норма деп дабыл қақты. Себебі қаламақыға қол жеткізген автор әдебиеттерін сатып алу құқығын мемлекетке беруге міндетті болатын еді. Яғни, автордың өмір сүрген кезі мен одан кейінгі 70 жыл бойы әдебиеттегінің авторлық құқы мемлекетке өтеді. Бұл, әрине ақын-жазушылардың ашуын туғызды. 

Автордың өз кітабын кейін қайта шығаруға немесе кітап дүкендеріне сатуға немесе оны басқа жолдар арқылы сатуға құқы жойылып кете жаздады. Бұл жағдайда мемлекеттің халыққа мәдени өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеті орын­далмай қалушы еді. Енді «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында осы олқылықтың орны толатын сияқты. Таратып айтсақ,  заң жобасында еліміздегі кітапханаларға әдебиетті басып шығару және тарату мақ­сатында автордан әдебиеттерді белгілі бір мерзімге сатып алу қарастырылып отыр. Одан әрі автор оны басып шығаруға, Қазақстан  заңдарында тыйым салынбаған кез келген басқа жолмен таратуға құқылы болады. Бұл жөнінде кеше Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Парламент Сенатының пленарлы отырысында  жасаған баяндамасында тілге тиек етті. Сонымен бірге ол өңірлердегі мәдениет ұйымдарының жанында көркемдік кеңес құрылатынын айтады. Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңға сәйкес, министрлік жанындағы мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қыз­метін үйлестіру мақсатында мәдениет са­ласындағы қызметтің барлық бағыты бо­йынша республикалық көркемдік кеңес жұмыс істейді. Министрдің пікірінше, осы кеңестің арқасында театрлардың репертуары жақсарып, киножобалардың сапасы, әдебиет пен өнер шығармаларының деңгейі артып отыр. Себебі әр саланың даулы мәселелері талқылауға шығарылып, өз шешімін тауып келеді. Алайда республикалық көркемдік кеңес барлық саланың даулы мәселелерін қамтуы мүмкін емесін тәжірибе көрсетіп отыр екен. Сондықтан алдағы уақытта негізгі міндеті өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіруге қатысты    ұсыныстар әзірлейтін өңірлік көркемдік кеңес құрылуы мүмкін. «Мәдениет туралы» заңға енгізіліп жатқан өзгерістер ішінде үлкен-кіші жаттап алған норма – фонограммаға қатысты бап десек, қателеспейміз. Бұл норма не үшін керек?  Өйткені әнші, әртістер тарапынан концерт өткізу кезінде әдепсіз қылық көрсету, сахнаға мас күйінде шығу, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрерменді хабардар етпей фонограмманы пайдаланған жағдай тіркеліпті. Осындай жағдай қайталанбауы үшін заңнамалық деңгейде  музыка орындаушылардың фонограмма қолданатынын хабарлауы міндеттелмек. Яғни, фонограмма пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалады. Барлық жарнама өнімі мен касса жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмма пайдаланылатын кон­цертке билет сатып алу немесе одан бас тар­ту таңдауына мүмкіндік береді. Сонымен қоса бұл билеттің құнына да әсер етеді деген үміт бар.

  Айдана БЕГІМ