Ұмыт болған мереке немесе Қазақстан Егемендігіне – 30 жыл!
Ұмыт болған мереке немесе Қазақстан Егемендігіне – 30 жыл!
342
оқылды
Бүгін Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде бекіткен алғашқы құжатқа 30 жыл толды – 1990 жылғы 25 қазанда Егемендік туралы декларация қабылданды. Оған сәйкес бұдан былай Қазақстан – халықаралық құқық субъектісі, ал Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі деп жарияланды. Олай болса аталған күнді ұлықтаумен қатар, оның маңызын ұғынып қандай қоғамдық-саяси ахуалда қабылданғанын назарда ұстау айрықша өзекті мәселе.    Әуелде Ресей империясының, кейін Совет одағының темір шеңгелін көрген қазақ елі бұл күнді асыға күткен болатын. Сонау ХVIII ғасырдан бастап ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін ұлт азаттығы жолында толастамаған көтерілістер, ел ағаларының қан майдан мен саяси алаңдағы құрбандығы, халқымыздың ашаршылық, қуғын-сүргін, жан түршігерлік экологиялық қастандықтар, жаппай мәңгүрттендірудің тәлкегіне қарамастан мойын ұсынбауы  – осының бәрі Тәуелсіздікке ұмтылған Қазақтың өр мінезін айғақтаса керек. Тіпті жауыз Қызыл империяның күйреу ісіне ең бірінші болып соққы берген 1986 жылдың желтоқсанындағы Қазақ жастарының көтерілісі еді. Бұның арты Совет одағының түкпір-түкпірінде Мәскеудің билігіне қарсы наразылыққа ұласты. Прибалтика, Қауқаз республикаларында азаттық туын көтерген азаматтарды советтік билік барынша басып-жаншуға тырысты. Бірақ онысынан түк шықпады. Қайта кересінше бүкіл империя саяси, идеологиялық, экономикалық дағдарысқа белшесінен батты. Аталған оқиғалардың желісі ұлттық республикалардың бірінен кейін бірі Мәскеуге бағынбайтынын жариялауға ұласты. Тарихта бұл үрдіс “Егемендіктер парады” деген атаумен қалды. Ең алғаш 1988 жылы осындай батыл қадамға Эстония барды. Оның артынан 1989 жылы Латвия, Литва және Әзірбайжан ілесті. Қазақстанда, советтік басқа республикаларда да осындай ұлт-азаттық бағыттағы талаптар күшейіп жатты. Сонымен қатар бұның арты Югославияда сияқты кең ауқымды қантөгіске, әлеуметтік-экономикалық коллапсқа алып келмей деген қауіп-қатерлер де көпшілікті мазалады. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі жағдайды былай еске алады: «Аталмыш кезеңде ұлттық республикаларда Одақ құрамынан шығып, тәуелсіздік алуға ұмтылған саяси қозғалыстар пайда болды. Кеңестік басшылықтың 1989 жылы Тбилисиде, 1990 жылы Бакуде және 1991 жылы Вильнюсте күш қолдануға тырысқан әрекеттері кері нәтиже берді: қарсылық күшейіп, тіпті бұқаралық сипат ала бастады. Жергілікті билік те оған бейжай қарай алмайтын дәрежеге жетті. Соның салдарынан 1991 жылдың көктемінде он бес республиканың алтауы Кеңес Одағын сақтап қалу қажеттігі туралы бүкілодақтық референдумға қатысудан бас тартты. Сол жылдардың аласапыран оқиғалары біз үшін ащы сабақ болды. Сол сабақ Қазақстанның алдынан шыққан көптеген қиындықтарды жеңуімізге көмектесті. Ол кездегі республика өнеркәсібінің дені (93 пайызы) Мәскеудегі орталыққа бағынышты болғанын айтсам да жеткілікті болар». Осындай дағдарысты сәтте мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдау мәселесі Жоғарғы Кеңес (парламент) қызу пікір-талас туғызды. Соның ішінде «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы ұсынған «Егемендік туралы декларацияның» баламалы жобасы республикалық және одақтық баспасөз беттерінде ерекше дүмпу тудырды. Жоба авторлары 1990 жылдары барлық одақтас республикаларда қабылданған ұлттық мемлекеттілік және құқықтық мемлекет туралы тұжырымдамалар қарама-қайшы болып табылады дегенді алға тартты. Олар полиэтникалық қоғамда ұлттық мемлекеттілік тұжырымын жүзеге асыру жағымсыз салдарға әкеледі деп санады. Сондықтан ұлттық республиканың орнына азаматтық қоғам құрылуы тиіс деген ұстанымда болды. Өз алдына бірқатар қазақ зиялылары «егемендік алдымен тілге берілсін» дегенді алға тартып Декларация жобасы тіл туралы заңға қайшы келіп тұрғанын айтып дабыл қақты. Атап айтқанда тиісті мәтінде Орыс тіліне ресми мәртебе бірілгені сынға алынды. Сондай-ақ Жоғарғы Кеңес төрағасы Ерік Асанбаев тарапынан «Демократиялык Қазақстан» жобасы өте кеш ұсынылғаны, оның талқыланбай жатып баспасөзге жарияланғаны, Кеңес құрамының өзінде 30 депутат сессияға дейін белгісіз болып келгені даудамайға алып келді. Аталған тартысты жағдайда Декларацияның негізгі жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін академик Салық Зиманов бастаған арнайы комиссия құрылды. Соның мүшесі танымал заңгер Сұлтан Сартаев «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттардың «ұлттык республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікіріне ашық қарсылық білдірді. Ол әлемдік тәжірибеге сүйене отырып ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға қайшы келмейтінін дәлелдеді: “Мәселен. Англия — кұқықтық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ, Франция, Испания, Жапония тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі құқықтық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытуға хақылымыз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, ділі калыптасқан, кіндік қаны тамған өз атамекені бар халық қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес», — деген түсінік берді. Осылайша әрбір сөзі мен сөйлемі үшін күрестің нәтижесінде Жоғарғы Кеңес “Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны” 1990 жылы 25 қазан күні қабылдады. Ал енді аталған тағдырлы құжатта советтік жүйенің жақтастары көрсеткен қысымға бой ұсынбай қазақ елінің намысы мен мүддесін қорғап қалған ел ағаларын бүгінгі ұрпақ қастер тұтып ұмытпағаны абзал. Нақтылар болсақ, Декларацияда Қазақстан аумағының біртұтастығы мен оған жат көзкарас, қарсы әрекеттер болмайтындығы бекітілді. Аса маңызды мәселе – Қазақ республиканың өз бюджетін ешкімнің араласуынсыз өзі қалыптастыратындығы айқындалды. Сондай-ақ құжатта Қазақстан халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардын қызметіне қатысуға құқығы бар егемен мемлекет деп жарияланды. Декларация алғаш рет табиғи ресурстардың, экономикалык және ғылыми-техникалық әлеуетінің Қазақстан меншігінде болуының ерекше құқығын баянды етті. Егер егемендік қағидаттарына қайшы келетін болса, Қазақстан аумағында ССРО заңдарын тоқтату құқығын белгіледі. Сонымен қатар қежет деп тапса Қазақстан Совет одағы құрамынынан мүлде шығу құқығы бекітілді. Тоқ етерін айтқанда мемлекеттік егемендік туралы Декларация — Қазақстан үшін өз жолын дербес анықтау мүмкіндігін ашқан тұңғыш заң актісі болды. Декларацияны күллі қазақтың баласы зор қуанышпен, құлшыныспен, болшаққа деген ерекше үмітпен қарсы алды. Шетте жүрген ағайын көздеріне жас алып, тарихи Отанға қайтар сәтті асыға күтті. Осылайша 25 қазан жоғарыдан нұсқау түсірілмей-ақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Артынша 2001 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына Республика күні атауымен қосылған болатын. Өкінішке қарай, 2009 жылдың сәуірінде заң өзгертіліп аталған тарихи күн мемлекеттік мерекелер санатынан алынып тасталды. Сондағы әлгі өзгеріс авторларының келтірген дәйегі - Республика күні мен Тәуелсіздік күні бір-біріне бәсекелес мерекелер болып табылады-мыс. Әрине, аталған дәйек еш сын көтермейді. Оның үстіне әрбір ұлттың азаттыққа жету жолы тек бір күнмен анықталып қалуы шарт емес. Бұған әлемдік тәжірибеде мысалдар жетіп артылады. Ендеше бүгінгі Қазақстан бастауын алатын Егемендік жайындағы Декларация елімізде лайықты орнын алу керек.  

Расул ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы