Қазақстанға Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акар келді. Елордада ол әріптесі Нұрлан Ермекбаевпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқылады. Қос министр өңірлік қауіпсіздік, әскери және әскери техникалық ынтымақтастық, соның ішінде кадр даярлау мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Әдетте министрлер деңгейіндегі кездесулер елімізде өтіп тұрады. Түрлі салаға жауапты шетелдік қонақтардың келіп, кетіп жататынын да білеміз. Алайда қорғаныс және оған қатысты өнеркәсіп саласына қатысты кездесулердің маңызы зор. Өйткені жаһандағы саяси ахуал жиі құбылатын, түрлі деңгейдегі сын-қатерлер көбеймесе, азаймай тұрған қазіргі сәтте «қарулас» болғанның артықтығы жоқ. Содан да болса керек, еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев түркиялық әріптесімен көптеген мәселені талқылады. Әрине, қазақ пен түріктің әскери байланыстары бүгін басталған жоқ. Әріге бармай-ақ 2018 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Анкараға ресми сапары кезінде дәл осы салаға қатысты бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылғанын атасақ та жетіп жатыр. Одан бұрын да түріктің әскери қолдауы аз болған жоқ. Түркия 1990 және 2000 жылдардың басында Қазақстан Қарулы Күштеріне талай әскери мүлік берген. Олардың қатарында оргтехника, картографиялық жабдықтар, байланыс құралдары, көліктер қатарлы дүниелер болған. Aselsan қатарлы түрік фирмалары қорғанысқа қажетті біраз жабдықтарды Қазақстанда да құрастырып жатыр. Одан бөлек Түркия оқу орындарында курсанттар мен офицерлеріміз оқыған. Ал осы жолғы кездесуде Қазақстан жағының «киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша мамандарды Түркияда оқытуға өтініш жасағаны, ал түріктер бұл ұсынысты қабыл алып, арнайы квота бөлгені белгілі болды. Сонымен қатар әскери ынтымақтастық бағытында тағы бірқатар құжаттар әзірленіп жатқаны белгілі болды. Ол туралы Қазақстан Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев айтты.«Бүгін Түркия Қорғаныс министрі Хулуси Акар қорғаныс ведомствосының басшысы ретінде Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, Түркия біздің стратегиялық әріптесіміз саналады. Біздің стратегиялық әріптестіктің берік негізін ең алдымен екі мемлекет басшыларының өте жақын, сенімді әрі достық қарым-қатынасы қалап отыр. 2018 жылғы қыркүйекте Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары барысында маңызды құжаттарға қол қойылды. Ол – әскери ынтымақтастық жөніндегі келісім және құпия мәліметтерді сақтау жөніндегі келісім. Ал енді құқықтық базаны нығайту бағытында әскери тариф және мәліметтер алмасу салаларында тағы екі хаттама дайындалып жатыр», – деді Нұрлан Ермекбаев түрік әріптесімен кездесуден кейінгі брифингте. Өз кезегінде Түркия Қорғаныс министрі Хулуси Акар: «Әрине, атажұртымызға келу біз үшін өте маңызды әрі қазақ жеріне табан тірегеннен кейін-ақ ортақ тарихымыздың тамыры қаншалықты тереңде жатқанын сезіндік. Бауырлас қазақ елінде болып жатқан барлық оқиғаларды жіті бақылап отырмыз. Ортақ тарихымыз, ортақ мәдениетіміз және біздерді жақындастыра түсетін дүниелер өте маңызды. Бауырлас елдердің көшбасшылары арасындағы байланыстар жұмысымыздың жемісті болуына септігін тигізіп отыр. Әскери саладағы ынтымақтастығымыз одан ары нығая түсетініне сенімім мол», – деді.Жалпы қос мемлекеттің әскери ынтымақтастығын саралаған адам, бауырлас халықтардың бір-біріне ұдайы қол ұшын беруге даяр екенін аңғарады. Мәселен, былтырдан бері түрік әскерилер еліміздің Ұлттық қорғаныс университетінде білім алып жатыр. Бұл өз кезегінде түрік әскерлерінің қыс мезгілінде әрекет ету дағдысын жақсартатыны анық. Өйткені қалай болғанда да Арқаның алты ай қысында шыныққан қазақ офицерлерінің түрік бауырларға қарағанда тәжірибесі мол. Түріктер теңіз бен тау-таста тәуір тәжірибе жинаған. Сондықтан жауынгерлік даярлық бағытындағы ынтымақтастықта диверсияға қарсы әрекеттер, тау-кен орындарындағы, су астындағы, қалалық жағдайдағы іс-қимылдарды жүргізуге арналған арнайы күштерді әзірлеу жағына көңіл бөлінді. Ал техникалық байланыстар, қорғанысқа қажетті жабдықтарды бірлесе өндіру ісін түркиялықтар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басшыларымен кездесуде талқылады.
Амангелді ҚҰРМЕТ