Кездесуде «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов және Шымкент қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов тұрғындарды мазалаған бірқатар сұраққа жауап берді.
Бахадыр Нарымбетовтың айтуы бойынша, тұрғындардан тұрғын үй мәселесі бойынша, сұрақтар көп келеді. Олардың басым бөлігін «Тұрғын үй кезегі қашан келеді?», «Тұрғын үй бойынша мемлекеттік бағдарламаларға кім қатыса алады?» деген сұрақтар алаңдататыны белгілі болды. Шара барысында тұрғындарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үйлердің құрылысы, тұрғын үйді кредиттік және арендалық негізде алу жолдары, сондай-ақ басқа да өзекті сұрақтар жайлы ақпарат берілді. Онлайн кездесудің толық бейнежазбасы «Nur Otan» партиясының Instagram және Facebook желілерінде сақталып тұр. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында барлық қаржылық есептен 1 млн шаршы метр, яғни 262 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Демек, 14 222 пәтер құрылысы биыл басталды, бірақ үйлердің біраз бөлігі келесі жылы салынып бітеді. Осы жылдың 9 айлық қорытындысымен 1 416 пәтерлік 20 үй тұрғындарға тапсырылды. Қазан айында тағы 160 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.Әбілмансұр ЖАСАН