Керекуде Кеңес рәміздері әлі тұр
Керекуде Кеңес рәміздері әлі тұр
134
оқылды

Павлодар облысының бір топ зиялы қауым өкілдері Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашықхат жазды. Онда өңір белсен­ді­лері облыс орталығында тә­­уел­­­сіздікке арналған ес­керт­­кіш жоқ екенін айтқан. Бұл ол­­қылықтың орнын тол­ты­ру­ды сұраған. Өтініш орын­ды, әрине. Тек ол үшін алды­мен Павлодар билігі әлі де аудан, қалаларда мен­мұн­далап тұр­ған кеңестік ке­зеңнен қалған ескерт­кіш­тер­ден құтылып алғаны жөн болар.

Ашықхат

Облысқа белгілі 40-қа жуық ақын, жазушы, еңбек ардагері, жур­налистер мен қоғам белсенділері, ғалымдар қол қойып, ел Прези­ден­тіне жолданған ашықхатта былай делінген:
«...Күні бүгінге дейін Қа­зақ­стан­ның кейбір қалаларында тәу етер жалғыз киеміз тәуелсіздіктің құр­метіне ескерткіш орнатылмаған. Біздің Павлодар облысының орталығында да ұлы тәуелсіздікті әспеттер ескерткіш жоқ. Сізден 2021 жылғы Қазақстан Тәуелсіздігі күні мерекесінің 30 жылдығы қарсаңында ел тәуелсіздігі мүсіндеме өнерінде көрініс таппаған қалалардың барлығында Тәуелсіздік монументінің орнатылуына ықпал етуіңізді өтінеміз».
Иә, Павлодар облысында тәуел­сіздікке арналған жекелей ескерткіш жоқ. Есесіне, облыс орталығы мен ау­дандарда КСРО-дан қалған мүсіндер, тасбелгілер, тіпті Кеңес үкіметінің рәміздері әлі тұр.

«КСРО-ны көксейтіндей...»

Атап айтсақ, Павлодар қаласының төрінде, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойында тұрғын үйдің (№46-үй)  қабыр­ғасында   Кеңес Одағының гербі мен Бүкілодақтық лениндік коммунистік ком­сомол жастар одағының белгісі ілу­лі тұр. Бұл – қаладағы кеңдігі және ұзын­дығы жағынан алғанда ең ірі көше.  Ке­ңестік белгілер тұрғын үйдің жол жақ бетінде орналасқан. Өткен-кеткен адамға жарқырап көрініп тұр. Бірнеше жыл бұрын аталған көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылып, боялған болатын. Бірақ әлгі белгілерге ешкім қол ұшын тигізбестен, қаз-қалпында қалдырыпты. Белгілі павлодарлық ақын, халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қанидың айтуынша, бұл мәселе қоғам тарапынан талай жылдардан бері айтылып келеді.  Тек жергілікті ше­неуніктер арасында көрер көз, естір құлақ жоқ сыңайлы.
– Павлодар билігі қызыл империя  кезеңін көксеушілердің  көңіліне қарай ма,  кім білсін, әлгі рәміздерді алуға ешбірі құлық танытпай келеді.  Осынау шақта  жас ұрпаққа егемен елдіктің қадір-қасиетін ұғындырып, отаншылдық сезімін тәрбиелеу ісіне баса назар аударылуы керек. Келесі  жылы Кеңес Одағының ыдырап, еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осыны ескеріп, тиісті меке­мелерден кеңестік рәміздерді алып тас­тап, олардың орнына егемен елдігімізді әс­петтейтін  белгілердің орнатылуын сұ­раймын, – дейді ақсақал.
Ал Павлодар қалалық әкімдігі аталған кеңестік рәміздерді алып тастау үшін қоғам өкілдерінің емес, сол көпқабатты үй тұрғындарының қажет екенін айтады.
«Павлодар қаласында Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы 46-мекенжайы бо­йын­ша орналасқан үйдің құрылысы кезінде комсомолдың рәміздері бар металл тақтайшалар орнатылды, олар бүгінгі күні үй салынған тарихи дәуірді көрсетеді. Тақтайшалар үйдің қабырғасына 2 қабат деңгейінде орнатылған және ғимараттың қасбетіне тығыз орналасқан металл құрылымдар болып табылады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес үй және ондағы барлық декор элементтері тұрғындардың меншігі болып табылады. Қазіргі уақытта Павлодар қаласының әкімдігіне осы үй тұрғындарынан құ­рылым­дарды алып тастау туралы өтініш келіп түскен жоқ», – дейді ресми жауа­бында Павлодар қалалық әкімдігінің бас­пасөз қызметі.

 Кім қарсы?

Арман Қани Павлодар облысында кеңестік кезеңді көксейтін топтың барын айтады. Осы жазда облыс орталығындағы жекеменшік дәріхана иесі ғимаратқа жөндеу жұмысының жүргізілуіне бай­ланысты бір қабырғасында кеңестік ке­зеңнен қалған барельефті алып тастаған. Бедерлі суретте большевиктер көсемі Лениннің революция кезінде «Жер – шаруаларға, зауыттар – жұмысшыларға, ағарту – баршаға!» атты ұраны жазулы болған.
«Сол-ақ екен өзге ұлт өкілдерінен құралған белсенді топ  дау шығарды. Олар мемлекеттік органдардан бедерлі суретті қаланың көрнекті орындарының біріне қойылуын талап етіп, әлеуметтік желілерді шулатуда. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияны дәріптеген бұл дүниенің тәуелсіз Қазақстан үшін қандай да бір құндылық болып табылмайтынын жақсы біледі. Ал облыс билігі солардың көңіліне қарап, жалтақтап отыр»,  – дейді Арман Қани.

 Әкімдік терезесінен Ленин көрінеді

Облыс орталығынан аудандарға ойыссақ. «Ертіс ауданының орталығындағы №1 мектептің оқушылары Лениннің ұрандарымен тәрбиеленіп жатқандай», – дейді жергілікті жұртшылық. Аудандағы белсенді жастардың бірі Дариға Бақбер­геннің сөзіне сүйенсек, аталған білім ордасының қабырғасында әлі күнге дейін «Ленин с нами!» деген жалынды ұран жа­зулы тұр.
«Мұны аудан, облыс басшылығы да көріп жүр. Жазу мектеп ғимаратының жарты қабырғасын алып тұр. Бірақ әлі күнге дейін өшірілмеді. Ауданға қарасты Абай ауылының мектеп ауласында Лениннің ескерткіші бар. Иса Байзақов туып-өскен Үлгілі ауылында ақынның атында музей жұмыс істеп тұр. Сол му­зей­де де Лениннің мүсіні орналасқан. Мұн­дай қалпымызбен өскелең ұрпақтан ұлт­жандылық, отансүйгіштік қасиеттерді талап ету артық болар», – дейді Дариға Бақберген.
Павлодар облысына қарасты Шар­бақты ауданының әкімдігінің алдында Лениннің үлкен ескерткіші әлі қасқайып тұр. Ал аудан басшылығы оны алып тастауға артық-ауыс қаражаттың жоқтығын алға тартып отыр.
«Әкімдік алдында тұрған Лениннің ескерткішін алып тастау оңайға соқпайды. Астындағы тұғырының өзі бірнеше метр. Оған қоса, орнына бірден басқа ескерткіш орнатуымыз қажет. Бұл аудандық әкім­діктің қалтасы көтере қоятындай жұмыс болмай тұр. Дей тұрғанмен Лениннің ескерткішін келесі жылы алып тастауды жоспарлап отырмыз», – дейді Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары Ризагүл Неғманова.
Дегенмен бар мәселе қаражатқа тіреліп тұрмаса керек. Мұны аудан басшылығы да мойындап отыр.
«Біз Павлодардың солтүстігінде, Ре­сей­мен шекарада орналасқан ауданбыз. Шарбақтыны өзге қазақи аудандармен салыстыруға болмайды. Мұндай мәселе дұрыс саяси шешім қабылдауды талап етеді», – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Жылдар бойы айтылып, қоғамның наразылығын тудырып келе жатқан бұл мәселе әлі де шешімін таппай келеді. Жер­гілікті жұртшылық мұны облыс бас­шылығының жалтақтығының салдары деп есептейді. Қалай дегенмен еңсені басатын ескірген ескерткіштерден арылмасақ, ел­дігімізге сын.

Данияр ЖҰМАДІЛ, Павлодар облысы