«Жабайы Арман» деген кім?
«Жабайы Арман» деген кім?
628
оқылды

Осы айдың басында әлеуметтік желілерде еліміздің бір топ өнер жұлдыздарының Түркияда қымбат яхтада қыдырып, думандатып жүргені туралы видео тараған болатын. Сол кезде оны ұйымдастырған «Жабайы Арман» екені белгілі болды. Осылайша, қылмыс әлемінің серкесі өзіне тағы да бір рет назар аудартты. Сәті келсе елге ақыл айтудан тайынбайтын әнші-актер, айтыскер ақындар Стамбұлға жолы түссе, «Жабайы Арманның» қолын алуға асыға бастайды. Сонымен, «Жабайы Арман» деген кім?

«Жабайы» – лақап ат па, шын болмыс па?

Ел аузында «Жабайы Ар­ман» атанып кеткен Арман Жұма­гелдиев біздің қоғамда аты мәлім кісі. Иә, қылмыс­керге қайда да, қашан да ақтау жоқ. Әйтсе де, ол қауіп-қатері мол криминал қауымда та­нылып үлгерген. Оның өмір жолы ту­ралы ин­тернетте мә­лімет жетер­лік, сон­дықтан те­рең тоқ­талып жат­пайық. Тек бала кез­ден бокспен шұғыл­данып, жақ­сы нәти­желерге қол жеткіз­ге­нін, рингте, көшедегі төбе­лесте қар­сы­лас­тарын аяу­сыз тоқпақ­тың астына ала­тынына байла­нысты «жа­байы» лақап атын да осы кезде алға­нын еске сала ке­тейік. Кейбір жастар үшін Арман Жұмагелдиев криминалдық романтиканың кейіпкері. Ба­сын қатерге тіге отырып, шал­қып өмір сүрудің үлгісі. Ықпал етіп, билік жүргізудің бейресми нысаны. Оның қаншалықты дұрыс-бұрысын әркім өзі шешер. Бір анығы, ол өзін көр­сетуге құ­мар. Түрлі танымал адам­дармен суретке түседі, өзі­нің пантүркілік көк­бөрі мен барыс ишарасын дәріп­теумен келеді. Мұндай ашық-жарқын өмір стилі қыл­мыс әлеміне тән емес. Өйт­кені аңдып отырған мемле­­кеттік арнайы қызмет бар, бақта­лас­тар бар, бәсе­келестер бар. Бірақ «Жабайы Арманды» бұлар ой­лант­пай­тын сияқты. Түрік ма­фия­сы­мен тонның ішкі бауын­­дай қатты араласа­тын­дық­тан да болар, ол өзінің қауіпсіздігіне сенімді кө­рінеді. Тіпті, Түркиядағы соңғы думанға қарап, бір сәтке оның «жабайы» дейтіндей де емес, мәдениетке жақын, өнерге де­ген өзіндік көзқарасы бар, сөз түсі­нетін жігіт пе деп те қаласың. Өйткені қылмыстық топтың сер­кесін көруге барған өнер­паз­дардың арасында айтыс саң­лақтары Айбек Қалиев, Сара Тоқтамысова, әнші Роза Әл­қожа бар. Ал кезінде айтыс­кер болған, бүгінде әлеуметтік же­ліде жұрт­қа ақыл айтып, пұл та­батын Айнұр Тұрсынбаева «Жабайы Арман­ның» жанынан жиі табылып жүр. Себебі кейбір расталмаған ақпа­ратқа сенсек, ол қылмыс әле­мінде «Нойс» лақап атымен танымал жам­был­дық Нұржан Имана­лиев деген жігітке тұр­мысқа шығып, Стамбұлға көш­кен. «Нойс» өз кезегінде Арман Жұма­гел­диевтің бір топтағы үзең­гелесі есептеледі. Соны­мен, бәрін айт та, бірін айт: біздің соңғы бір жыл ішінде Ар­манның интер­неттегі іс-әрекетінен түй­геніміз, ол біздің қоғаммен қайта тіл табысқысы келеді. Өзінің қыл­мыстық бы­лықтарын жуып-шайып, қо­ғам­ның толыққанды мүшесі ретінде оралуды қа­лайтын сияқты.

Арманның арманы ауылға оралу ма?

«Жабайы Арманның» ата­ғы әлеуметтік желілердегі бел­сен­ділігі арқылы шықты дейтін пі­кірді Түркиядағы соң­ғы кез­десу кезекті рет дәлелдей түсті. Instagram па­рақ­шасынан оның Түр­киядағы ауқатты адамдар­мен араласып, олардың түрлі шара­ларына қатысып тұраты­нын байқауға болады. Сондай-ақ «Жабайы Арман­ның» елі­мізде болып жатқан оқиғаларды жіті қадағалап отыратынын аңғар­дық. Бұл оның қылмыс әлемінде Қазақ­станды қарап отыратын «смотря­щий» етіп бекітілді деген сыбысты дәлел­дегісі ке­ле­тінін білдірсе керек. Алайда елімізде оның беделін мойын­дай қой­майтын өзге де қыл­­мыстық топ­тар бар екенін ұмыт­пағанымыз жөн. Қылмыс серкесі тікелей эфир­­­де сөйлегенде «ауылға бар­сам, мені бірден шекарада-ақ ұстап алады ғой» деп жиі ай­тады. Әркез жерлестеріне сәлем ай­тып, амандығын тілеп, көріс­кенше деп жатады. Кеше­гі бір топ өнерпазды алдырып, ду­ман­датып жүргені де осы са­ғы­нышын басу секілді. Бір жағы өзін атымтай жомарт етіп көр­сетіп, ел алдында жақсы атты атану мақсаты да болуы мүмкін. Жалпы, бұл жігіт біздің қоғам алдында ұпай жинауға тырысып жатқанын байқау қиын емес. Түрлі даулы істерге пікірін біл­діріп, кейбір аза­мат­тарға қол­ғабыс білдіруге ты­рысып жат­қандай көрінеді. Ал Түркиядағы думанның тағы бір мақсаты – қылмыс әлемінде өзінің арқа сүйейтін ағасы, «заңдағы ұры» Лоту Гулиді (Нәдір Салифов) атып кеткеннен кейін де өзінің жүні жығыл­мағандығын көрсету, қар­сы­лас­тарына деген ашық мессендж болуы мүмкін.

«Жабайы Арман» кімнің жобасы?

Көпшілік ортада талқы­ла­нып жататын көптеген пікір­лердің бірі осы сұрақ төңіре­гінде өрбитіні рас. Өйткені заңмен проблемасы бастан аса­тын адам­ның бұлайша арқа­­сын кең­ге салып өмір сүруі осын­­дай ойға жетелейді. Тіпті, кейбір рас­талмаған ақпа­рат­тарға сен­сек, ол Қазақстанға бірнеше рет келіп те кеткен. Ал өмір салтын ашықтан-ашық жа­риялап, жа­засыздығына ма­саттанатын кейпі таңғал­ды­ра­ды. Сонда Қазақстанның құқық қорғау органдарының құрығы қанша ұзын десек те, шетелде жа­сы­рынып жүрген, ал бұл жағ­дайда жария жүрген бір адамды құ­рықтауға қауқары жетпей тұр­ғаны ма? Бұл тек құқық қор­ғау саласының ғана емес, дип­ло­маттарымыздың да әлсіз­дігі емес пе? Себебі 1995 жылы Қа­зақстан мен Түркия арасында қыл­мыс­керлерді ұстап беру ту­ралы келі­сім жасалған. Жалпы, заңнан қашқан қа­рақшы мен ұрыларды Түр­кия­ның магниттей тартатыны несі екен? Соңғы 10 жылдықта бұл ел Еуразиядағы «крими­нал­дық клон­дайкқа» айналып бара жат­қан жоқ па? Жеңіл өмір аң­са­ғандарды Түркияның жұ­мақ­тай туристік потенциалы тар­­татын сияқты. Бұл сұрақтар өз жауа­бын күтіп жатқаны аян. Біз бастапқы тақырыбымызға ора­лайық. «Жабайы Арманның» қыл­мыс әлеміндегі карьера­сынан қарап, «дайындалған жоба» пайым­дауға болатын сияқты. 2005 жылы ол жігіт­терімен бірге Шымкентте «Сая­хат» қонақ­үйінде оппо­зициялық «Әділетті Қа­зақстан үшін» қозға­лысының құрылтай құру конфе­рен­ция­сына баса-көктеп кіріп, оның қатысу­шыларын ұрып-соғып, тара­тып жіберуі осыған мең­зейді. Кейін оның бір жылға шарт­ты түрде сотталуы осы ойы­мызды нақтылай түседі. Осы оқиғадан соң «Жабайы Ар­манның» атағы дүркірей шықты. Одан кейін де ол талай оқ пен оттан аман қалған. Қыр­­ғыз еліне қашып кетіп, бой та­салап жүр­ген кезі де болды. Шым­кенттегі «сыра королі», мем­лекеттік төң­керіс жасауға ұмтылғаны үшін 21 жылға сот­талған Тоқтар Төле­шевпен, «Әділ-Қытай» тобымен теке­тіресі болған. Мұн­дағы ымы­расыз күрестің трансұлттық қылмыстық топтар арасындағы соғыстың ұшығы екенін кейін білдік. Арман Жұмагелдиев Ресейдегі белді қылмыс серкесі Лоту Гулимен жақындығы осы­ны аңғартты. Мұнда, әрине бізге бей­мәлім ақпарат көп. Бірақ бір нәрсе анық. Ол – азаматтар елдегі заңсыздықты, пробле­маны ше­шу үшін құқық қорғау орган­дарына емес, 1990 жыл­дарда­ғыдай қылмыс әлемінің өкіліне жүгіне бастады. Бұдан бөлек, қоғамда, өнерде, мем­лекеттік қызметте гибридтік қатынастар пайда болды. Қыл­мыстық топ өкілімен суретке түсіп, оны дә­ріп­теп, жұрттың санасында заң­дас­тыру, ақтап алу әрекеті жүріп жатыр. Алайда мұндай қауіпті процестің соңы неге әкелері белгісіз.

Нұрлан ҚОСАЙ