Мал ұрлығы – мықтап белең алды. Ұрты майланып, мол табысқа кенелген барымташылар айылын жияр емес. Басқасы-басқа ұрлықтың осы түріне қатысты қылмыстық оқиғалардың күніне түр-түрін еститін болдық. Мал ұрлау оқиғалары көбінесе өрісте, яғни жайылымдық жерлерде орын алады. Аталған қылмысты түбегейлі жою үшін полиция қызметкерлері жүргізіп жатқан профилактикалық, ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралардың өзі жеткіліксіз дейді сарапшы мамандар. Ал тұрғындардың көпшілігі «Ұрылар ұсталмайды, тергеу тиянақсыз» деп шағымданады.
Мал ұрлығының жиі орын алу себептерін анықтау мақсатында еліміздің әр аймағында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде малдың бағылмауы, қараусыз, өз бетінше жайылып жүруі т.б. жайттар мал ұрлығына оңтайлы жағдай туғызғаны белгілі болды. Мұндай келеңсіз жайттардан мал иесі зардап шегуде. Әсіресе малмен күнін көріп отырған ауыл тұрғындары үшін қиын. Қаншама шығынға батады...
Неше жылдан бері жырға айналған күрмеулі мәселе бұған дейін де бір емес, бірнеше рет талқыға түсті. Сан түрлі ұсыныс айтылды. Соның арқасында нақты шешімдер қабылданатын болды. Атап айтқанда, ауылдық кәсіпкерлік пен азаматтарды шығынға батыратын мал ұрлығына қатысты заң жазасы күшейтіледі. Енді мал ұрлағандар зардап шегушімен татуласу арқылы немесе зардаптың орнын толтыру арқылы жазадан жалтару мүмкіндігінен айырылды. Себебі ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату мақсатында жасалған жаңа заң жобасына сәйкес, мал ұрлығы ауыр қылмыстар санатына енгізілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мал ұрлаушыларға, мас күйінде көлік жүргізгендерге берілетін жазаны қатаңдатуды тапсырды. Бұл туралы Президент: «Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп жазды Twitter-дегі парақшасында.
Мемлекет басшысы бұған дейін де мал ұрлығы туралы, қылмыстың бұл түріне жазаны күшейту керектігі жөнінде де пікір білдірген болатын.
«Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет. Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен кездесуде осы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар бердім. Сондықтан әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін» деген еді.
Бүгінде Бас прокуратура бірқатар қылмыс үшін жазаны күшейтуге арналған заң жобасын әзірледі. Олардың қатарында мал ұрлығына қатыстысы да бар. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде айтты.
– Жаңа заң жобасында мал ұрлығы бойынша жеке құрам енгізілген. Ұрлық, тонау, шабуыл әрекеттері ғимаратқа, қоймаға немесе көлікке басып кіру арқылы жасалған жағдайда жаза қатаяды. Аталған қылмыстарды ауыр санатқа жатқызу көзделген. Яғни, ауыр қылмыс санатына жатқандықтан, ондай қылмыс жасағандар зардап шегушімен татуласу арқылы немесе зардаптың орнын толтыру арқылы жазадан жалтару мүмкіндігінен айырылады, – деген Марат Ахметжанов ұсыныстарының себебін де түсіндірді.
– Қазақ бір-біріне «мал-жан аман ба» деп амандасады. Елімізде азаматтардың 40 пайызы ауыл төңірегінде тұрады. Мал – ауыл өмірінің тірегі, кірісінің көзі. Сондықтан мал ұрлығын қылмыстық топпен ұйымдасып жасаған жағдайда ол ауыр қылмыс санатына жатқызылады, – дейді прокуратура өкілі.
«Құлыншақ» шаруа қожалығының қызметкері Еламан Махметов мал ұрлығын ауыр қылмыс санатына жатқызуды өте дұрыс шешімге балап отыр. «Қос қолдап құптаймын. Заңды күшейтсе, қылмыс та азаяр. Дегенмен мал ұрлығының алдын алу үшін алдымен бақташы ұйымдастыру керек. Бірақ оған бәрінің бірдей жағдайы жете бермейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселеге жіті назар аудармай, мал ұрлығына тосқауыл болу қиын. Осыларды ескере отырып, аудан тұрғындарынан малын қараусыз қалдырмауды, кезек ұйымдастырып немесе арнайы ақыға бақтыру шараларын қабылдауды қолға алған жөн» деген ұсынысын жеткізді.
Ал Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев мал ұрлау соңғы жылдары кәсіпке айналып бара жатқанын айта келе, осы іс бойынша үлкен ұйымдасқан қылмыстық топтар да бар екенін айтты.
– Қылмысты құрамында малды айдап әкелетін, тасымалдайтын, соятын, жалған құжаттар жасап беретін азаматтардан құралған топ ұйымдастырады. Ал бұл өз кезегінде жемқорлыққа жол ашады. Білесіздер, елімізде сыбайлас жемқорлық ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Қазақстанның қай аймағын алсақ та, жыл сайын соғым уақыты жақындағанда ірі қарасынан қапыда көз жазып қалатын фермерлер, ауыл тұрғындары жетерлік. Төрт түлігі қайта-қайта қолды болып, едәуір шығынға ұшыраған фермерлер үшін өзгерістер істеріне оң ықпалын тигізеді. Жазаның орташа санаттан ауыр санатқа ауысуы қылмыскер мен мал иесіне келтірілген зиянның орнын толтырып, кейін қылмыстық жауаптылықтан босауына мүмкіндік бермейді. Жазаның қатаңдығы қылмыс деңгейін әлдеқайда төмендетіп, барымташылықты тоқтауға көмегін тигізеді, – деген пікірін білдірді.
Біз де мал ұрлығына қатысты жаңа заң жобасының тезірек мақұлданғанын, барымташыларға арналған жазаның қатайтылғанын қолдаймыз. Бұл «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін қазақ үшін жағымды жаңалықтардың бір болмақ.