Қызылорда облысында 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін әр екі жыл сайын арнайы жол картасы бекітіледі. Аталған жол картасын жүзеге асыру үшін жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы жұмсалады. Осы ретте, әлеуметтік оңалту шараларын жүргізетін сала қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Сала мамандарымен «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов кездесті. Онда әлеуметтік қызметтердің сапасы, ондағы өзекті мәселелер талқыланды.
Атап өту керек, елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бері міндетті әлеуметтік сақтандыру, базалық, мемлекеттік-әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы жауапкершілік, әлеуметтік көмек және жинақтаушы зейнетақымен қамтамасыз ету үшін халықты әлеуметтік қорғаудың көпсалалық, бірнеше деңгейлік ұлттық моделі құрылған болатын. Соның арқасында халықтың әлеуметтік қамтылуын қамтамасыз етумен қатар қоғамымыздың тұрақтылығы сақталып отыр. Кездесуде осы мәселелерді сөз еткен Шәріп Әбдірахманов сала қызметкерлерінің жұмысына табыс тіледі.– Пандемия кезеңінде дағдарысқа қарсы жедел шаралардың нәтижесінде тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетіліп, мемлекет тарапынан қолдау шаралары ұйымдастырылды. Әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері үздіксіз 24 сағат жұмыс істеп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Біз әлеуметтік қорғау жүйесі мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешуде ақылдасып, бірлесіп шаралар қабылдаудамыз. Сондықтан әлеуметтік сала жетістіктеріне біз қашан да қуанамыз, осы сала қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тілейміз, – деді ол.Кездесуде облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Мұрат Жұмаділдаев сөз алып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қоғамдық көліктерде жүру мәселелері, сондай-ақ ғимараттарға, оның ішінде жаңадан салынатын ғимараттар мен тұрғын үйлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру секілді мәселелерді ортаға салды. Ол сондай-ақ осы мақсатта «Nur Otan» партиясы қабылдаған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында тиянақты жұмыстар кезең-кезеңімен шешімін табатынын атап өтті.
Әбілмансұр ЖАСАН