Алматыда «Nur Otan» партиясының аудандық филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары қала тұрғындарымен тікелей эфирде кездесу өткізді.
Мегаполистің сегіз ауданында өткен тікелей эфир барысында партияның аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары әр ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мысалы, Алмалы ауданының тұрғындарымен онлайн кездесу барысында Алматы қаласының «Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Саулет Толғанбаева «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасу мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Эфир барысында алматылықтарды қазіргі уақытта күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №54 мектеп ғимаратының сейсмотұрақтылығы бойынша мәселе толғандыратыны белгілі болды. Тұрғындар тарихи ғимараттың сәулеттік келбетіндегі өзгерістен қауіптенетінін айтты. «Nur Otan» партиясы Алмалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Әлбисенов бұл мәселеге қатысты нақты түсініктеме беріп, мектептің сейсмикалық нығайтылуы ғимараттың тарихи келбетін сақтай отырып жүргізілетінін атап өтті. Айта кетейік, бүгінде Алмалы ауданында 48 тарихи және мәдени ескерткіш бар, оның 30-ы сәулет ескерткіштерінің қатарына кіреді.Әбілмансұр ЖАСАН