«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері фермерлердің проблемалық мәселелерін талқылау мақсатында ауылшаруашылық саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
«Айс» ЖШС-де бас қосқан шаруашылық иелері мен Саяси кеңес мүшелері қазіргі таңда шаруалардың кеңінен қанат жаюына кедергі болып тұрған мәселені көтеріп, оның шешілу жолдарын талқылады. Өз кезегінде Мәртөк аудандық мәслихатының депутаты Аманғос Аткиев қысқа дайындық барысын сөз етіп, шаруа иелерінің осы бағыттағы бірқатар сауалына жауап берді. Проблемаларды тізбектеген фермерлер, ең алдымен аталған саладағы кадр жетіспеушілігін алға тартты. Бірқатары ауыл тұрғындарының жұмыс істегісі келмейтінін айтса, енді бірі қожалықта техникалардың тізгінінде отырғандардың дені елуден асқан, алпысты алқымдаған азаматтар екенін жеткізді. Сондай-ақ бірнеше жылдар өткен соң осы салада жұмысшылардың тапшылығы шаруашылыққа тұсау боларын да тілге тиек етті. Ол үшін арнайы курстар ашып, ауыл шаруашылығы саласына мамандарды даярлау керек деген ұсынысын жеткізді. Одан бөлек, бірнеше функцияларды жүзеге асыратын техникалардың қажеттілігі туралы айтылды. Кездесу барысында мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алып, көмегін аямаса деген ұсыныс пен пікірлер көп болды. Басқосуда кейбір мал шаруасында сауыншы мен малшының жоқтығы көп байқалатыны айтылды. Шаруа қожалық иелері ай сайын жалақысымен қоса, әлеуметтік төлемдерін қамтамасыз еткеннің өзінде жергілікті халық еңбек еткісі келмейтінін жасырмады. Сонымен қатар талқылау кезінде мал шаруасын жүргізуде шаруалар еттің пайдасын көретінін, малдың терісін, жүнін қабылдайтын, өңдейтін орнының жоқтығы оларды біраз шығынға ұшыратып отырғанын сөз етті. Осы және өзге де көптеген мәселелерді тыңдаған партия мүшелері бұл проблемаларды тиісті орындарға жеткізуге уәде берді.Әбілмансұр ЖАСАН