Шымкентте «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының ұйытқы болуымен «Жастарды жұмыспен қамтудағы өзекті сауалдар» тақырыбында іс-шара өтті. Жиынға партия жанынан құрылған саяси кеңес мүшелері мен студент жастар қатысып, өз ойын ортаға салды.
Расында, бүгінде жоғары оқу орнын бітіріп, қолына дипломын ұстаған жастар арасында жұмыссыз қалып қойып жатқандары аз емес. Өкінішке қарай, сан айтылса да көптеген мекеме кешегі студенттен гөрі тәжірибелі маманды жұмысқа алғанды жөн көреді. Мұның салдары шаһардағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал етіп отырғаны анық. Бүгінгі жиында жастар мәселенің осы жағын алға тартты. Бірақ бұл мәселемен күресте мемлекетіміз қол қусырып қарап отыр деуге келмейді. Қазір қолға алынған «Жастар практикасы» бағдарламасы білім ошағынан түлеп ұшқан жастарға демеу болып, біліктілік арттырып, тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Яғни, бағдарлама аясында белгілі бір мекемеге барған жас маман сонда шыңдалып, жұмысқа орналасуына болады. Саяси кеңес мүшелері жиын соңында «Жастар практикасы» бағдарламасының тиімділігін тілге тиек етіп, жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюдың басқа да жолдарын қарастыру қажет екенін баса айтты.Әбілмансұр ЖАСАН